Айласын асыратындар азаймай тұр!

Қар 6, 2025

«Алло, сіз инвестиция салу арқылы  табысыңызды көбейте аласыз. 1 млн теңге 1 млрд теңгеге айналады!» деп хабарласқан адамға сенбеңіздер! Сонымен қатар, танымайтын әлдебіреу телефонның ар жағынан құпия сөзді сұраса, тұтқаны қоя салу керек. Өйткені олар — алаяқтар!

Биыл Павлодар облысында жыл басынан бері 2 мыңға жуық алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 68 пайызға көп. Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Сұлтанбек Қадыржановтың айтуынша, күн сайын кем дегенде 5 адам әккілердің арбауына түседі. Бұған дейін зейнет жасындағы адамдар жиі алданса, қазір сан соғып қалатындардың ішінде жастар да бар.

— Жыл басынан бері облыс аумағында 1973 алаяқтық фактісі тіркелді. Көп жағдайда 16-63 жас аралығындағы адамдар алданып жатады. Оңай пайданы көздейтіндер арзан бағада тауар ұсынып, банк қызметкері атынан хабарласып, тұрғындардың ақшасын жымқырады. Өкінішке қарай, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алаяқтардың әккі істерін видео арқылы көрсетсек те нәтиже шықпай тұр. Мәселен, осы аптада Павлодар қаласының тұрғыны алаяқтарға алданып, өз өмірімен қош айтыса жаздады. Ол инвестиция салу арқылы мол қаржыға кенелемін деп 4 млн теңге көлемінде несие рәсімдеп, қомақты қаражатты алаяқтардың есепшотына аударып жіберген. Алданғанын естіген кезде үйінен кетіп қалған. Туысқандары әйелге іздеу салған күні полицейлер оны көпірдің жанынан тауып, құтқарып қалды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қоз-ғалды, — дейді Сұлтанбек Олжатайұлы.

Бүгінде аймағымызда 28 алаяқ қолға түскен. Оның ішінде 15-і — Павлодар облысының азаматтары. Тағы 13 адам — өзге өңірдің азаматтары. Өкінішке қарай, қолға түскендердің қатарында 6 студент, 2 жасөспірім бар. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

Полицейлер тұрғындардан онлайн дүкеннен тапсырыс беруде арзан бағадағы тауарға сенімсіздік танытуды және өзгеге құпия сөзді айтпауды сұрайды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.