Үкімет 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын дайындады. Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4325 теңге болады. Былтыр 3932 теңге болған. Бұл қазіргі мөлшерден шамамен 10 пайызға жоғары. АЕК-тің өсуі айыппұлдар мен мемлекеттік қызметтердің құнына тікелей әсер етеді. Жаңа жылдан бастап жол ережесін бұзу, қоғамдық тәртіпті сақтамау және басқа да заңбұзушылықтар үшін салынатын айыппұлдар көбейеді.
Бағдаршамның қызыл түсі
Айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға салы-натын айыппұл мөлшері өседі. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне немесе полиция қызметкерінің ишарасына қарамастан өткен жүргізушіге 10 АЕК, яғни 43250 теңге айыппұл салынады. Егер бұл құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 15 АЕК-ке дейін өсіп, 64875 теңгені құрайды.
Ережені сақтамау
Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл мөлшері 2 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін жетеді. Атап айтқанда, тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу, жылдамдықты белгіленген шектен асыру, бағдаршам сигналын елемеу, жол белгілері мен таңбалау талаптарын сақтамау, көлік құралын техникалық ақаумен пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау және дулығасыз жүру 21625 теңгеден 43250 теңгеге дейін айыппұл салуға негіз болады. Ал жаяу жүргіншілер жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен жағдайда 8650 теңге көлемінде жаза қарастырылған.
Түн тыныштығын бұзғандар
Заңға сәйкес түнгі тыныштық жұмыс күндері сағат 22:00-ден, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден кейін сақталуы тиіс. Осы уақыт аралығында қатты музыка қою, айқай-шу шығару, жөндеу жұмыстарын жүргізуге болмайды. Тыныштықты алғаш рет бұзғанда 5 АЕК, яғни 21625 теңғе, ал қайталанған жағдайда 10 АЕК 43250 теңге айыппұл беріледі. Егер шу жалдамалы пәтерден шыққан болса, онда жауапкершілік тек жалға алушыларға ғана емес, пәтер иелеріне де жүктеледі. Учаскелік инспекторлар жедел профилактикалық іс-шарасы аясында пәтерлерді тексереді, ал меншік иелері туралы мәліметтер салық органдарына берілуі мүмкін. Бизнес субъектілері үшін жаза қатаңырақ, айыппұл мөлшері жоғары, тіпті қызметін уақытша тоқтауы мүмкін.
Темекі шегу, ұсақ бұзақылық
Тыйым салынған жерлерде темекі шеккендерге 5 АЕК (21625 теңге) айыппұл салынады. Мұндай орындарға кіреберістер, ойын алаңдары, қоғамдық көліктер, аялдамалар мен әкімшілік ғимараттар жатады. Ұсақ бұзақылық, яғни адамдарды қорлау немесе агрессивті мінез-құлық үшін 20 АЕК (86500 теңге) көлемінде айыппұл көзделген. Ал вандализм қылмыстық кодекс аясында қаралады. Мұндай әрекет үшін 100–200 АЕК-тен бастап, 500–2000 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 2–8,6 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Егер құқықбұзушылықты кәмелетке толмағандар жасаса, ата-анасына немесе қамқоршысына 15 АЕК (64875 теңге) айыппұл салынады. Ғимараттар мен үйлердің және бөтен машиналарға сурет салып, жазу жазғаны үшін 50-60 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған, 2026 жылы бұл 250-259500 теңгеге өседі.
Тәртіпке талап күшейді
2026 жылдан бастап қоғамдық тәртіпті бұзған-дарға салынатын айыппұл көлемі күшейтіледі. Қоғамдық орында боқауыз сөз айтқандар 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Бұл 86500 теңгеге тең. Аула, саябақ, сквер және өзге де ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін жазаланса, алғаш рет 10 АЕК (43250 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал қайталап
құқық бұзушылық жасаған жағдайда айыппұл 20 АЕК-ке (86500 теңге) дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішуге немесе мас күйде жүруге 5–10 АЕК аралығында айыппұл қарастырылған. Бұл 21625–43250 теңге көлемінде.
Құжаттар мен мемлекеттік қызметтер құны
Айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты кейбір мемлекеттік қызметтердің бағасы да өзгереді. Алайда жеке куәлік алғаш рет алынғанда және мерзімі аяқталған соң ауыстырылған кезде мемлекеттік баж алынбайды. 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік паспорт – 4 АЕК (17300 теңге), үлкендерге арналған 36 беттік паспорт – 8 АЕК (34600 теңге), ал 48 беттік паспорт 12 АЕК (51900 теңге) тұрады. Жүргізуші куәлігін рәсімдеу құны 1,25 АЕК-ке, яғни 5406 теңгеге дейін өседі. Туу туралы куәлік алғаш рет тегін беріледі, ал көшірмесі үшін 0,5 АЕК (2163 теңге) төленеді.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
