Қазір «Инстаграм», «Фейсбук» сынды әлеуметтік парақшаларда ақшаны инвес-тицияға салу арқылы көбейту бойынша жарнама өріп жүр. Павлодарлық қария немерелерінің болашағы үшін жиған-тергенін танымайтын адамдарға интернет арқылы жолдап, бір ай ішінде 40 млн теңгеге жуық қаражатынан айырылған.
Өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен брифинг барысында облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқар-масының қызметкері Сұлтанбек Қадыржанов әлеуметтік желідегі мұндай жарнамаларға сенуге болмай-тынын айтады. Ешкім мол пайдаға оңайлықпен қол жеткізе алмайды.
Қазір ғаламторда «Ақшаны көбейту үшін инвестициялаңыз!» деген жарнамадан көз ашпайтын болдық. Тұрғындардан мұндай әрекетке бармауды сұраймын, — дейді С.Қадыржанов.
Сұлтанбек Олжатайұлы пайда қуған әккілер көп жағдайда халықты смс-хабарлама арқылы алдайтынын айтты. Оның сөзіне сүйенсек, 1414 операторы мен банк қызметкері атынан өтірік хабарласып, адамдарды арбауына түсіретіндер көбейген. Биыл облыста 1200 алаяқтық фактісі тіркелген. Қылмыстық істің тек 160-ы ашылған.
— Оңай пайданы көздегендер тұрғындарға ұялы телефон нөмірінің SIM-картасы ескіргенін, оны жаңарту үшін смс-хабарламадағы 4 саннан тұратын кодты айтуды сұрайды. Сол арқылы код жолдаған адамның атынан несие рәсімдейді. Көп жағдайда өзін банк қызметкері ретінде таныс-
тырып: «Сіздің атыңыздан әлдебіреулер несие рәсімдеген. Оны болдыртпау үшін дереу смс-хабарламадағы кодты айтыңыз» деп те мол пайдаға кенеледі. Өкініштісі, адамдар тез сеніп, әлгілердің айтқанын орындауға асық тұрады. Өткен жылдың сәйкес кезіңінде облыста 900-ге жуық алаяқтық фактісі тіркелсе, биыл алданғандардың саны 300 іске артып отыр, — дейді С.Қадыржанов.
Сұлтанбек Олжатайұлы тұрғындарды алаяқтардан қорғау үшін облыс көлемінде «Участок» жедел-профилактикалық шарасы өткізіліп жатқанын айтады. Желтоқсан айының ортасына дейін ұйымдастырылатын акция аясында криминалдық полиция қызметкерлері учаскелік инспекторлармен бірлесіп, әрбір тұрғын үйді аралап, тұрғындарға алаяқтардың әрекеттерінен сақ болуды ескертеді.
Алаяқтық фактісін анықтау кезінде істің тез шешілуі қаржының қай елге аударылғанына тікелей байланысты. Мәселен, қаражат Қазақстан ішінде аударылса, сот арқылы 1 айдың көлемінде өндіріп алуға болады. Егер алаяқ шетелде жүріп алдаған болса, істі шешу бір жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл ретте алаяққа жолданған соманың қай елдің есепшотына түскенін тек полиция анықтай алады.
— Алаяқтардың арбауына зейнеткерлермен қатар орта жастағы адамдар және жастар да түсіп жатады. 18 жастағы қыз-жігіттер көп жағдайда онлайн тапсырыс беріп, қалтасындағы қаржыдан қағылады. Сондықтан біреуге ақша аударар алдында оның сенімділігіне көз жеткізу керек. Телефонға қоңырау соққан адам сізден смс-кодты сұраса, тұтқаны басып тастауды сұраймын, — дейді С.Олжатайұлы.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.