Облыстық полиция департаментінің тергеу қызметі жыл басынан бері 1238 іс материалын сот қарауына жолдаған.
Бұл — республика көлемінде Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан кейін жоғары көрсеткіш. Тәртіп сақшылары жағдайды мамандардың қылмысты жедел анықтауымен байланыс-тырып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов тергеушілердің қарамағында әлі 6 мыңнан астам қылмыстық іс барын айтады. Оның ішінде ұрлау, алаяқтық фактілері көп.
— Жыл басынан бері аймақта 667 ұрлық тіркелді. 1 мыңнан астам алаяқтық фактісі анықталды. Сонымен қатар, 40 қарақшылық орын алды. Қылмыскерлер смартфон сынды электроника заттарын ұрлауға әуес. Бұдан бөлек, алаяқтың арбауына түсетіндердің қатары азаймай отыр. Тіпті, бұған дейін жақындарын айлакерлердің әрекетінен қорғап жүргендердің өздері әккілерге алданып, банктен қалай несие рәсімдегенін білмей қалады, — дейді С.Жампейісов.
Брифинг барысында биыл елімізде қабылданған әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды көздейтін заң жобасы да сөз етілді. Облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Қабдылманап Әкебаевтың айтуынша, жаңа заң аясында бұған дейін әкімшілік құқықбұзушылық деп танылған әрекеттер қылмыстық іске жатқызылады. Бұл ретте кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты қылмыс жасағандарға жаза күшейді. Кодекске жаңадан 108-1-бабы енгізілген. Онда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргендер 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл салуға немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуға міндеттеледі. Сондай-ақ, 50 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Бұдан бөлек, 109-1-бап енгізіліп отыр. Денсаулыққа жеңіл зиян келтірген ұрып-соғу және өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері үшін 80 АЕК дейінгі көлемде айыппұл салу қарастырылған. Болмаса, мұндай заңбұзушылық жасаған адам 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылып, 25 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал ерекше қатыгездік жасағандарға жаза ауыр.
— Ерекше қатыгездікпен, мазақ етумен, жәбірленушіні азаптау мақса-тында жасалған зорлық-зомбылық әрекеттер арқылы денесіне немесе психикасына зардап келтірілсе, бұл әрекет денсаулыққа ауыр немесе орташа деңгейдегі зиян келтірмесе де ауыр жаза қарастырылған. Бұл ретте құқық бұзушы 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл арқалауы немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Болмаса, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады, — дейді Қ.Әкебаев.
Атап өтерлігі, биыл қылмыстық кодекс жаңа 3 бөліммен толықты. Мысалы, заңсыз вейп айналымы қылмысы 301-баптың 1-тармағы бойынша қаралады. 16 жасқа толмаған балаларға зорлық-зомбылық әрекетін көрсеткендер 121-баптың 1-тармағы бойынша жаза арқалайды. Қатыгездік пен күш қолдануға насихаттайтын туындыларды заңсыз таратқандар 313-баптың 1-тармағы бойынша қамауға алынады. Бұдан былай, жәбірленуші немесе көршілерден түскен шағым бірден сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестрінде тіркеледі. Істі тергеу үшін жазбаша түрдегі өтініштің қажеті жоқ.
Сафуан Жампейісов әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заң күшіне енгелі маусым айынан бері 135 құқық бұзушылық орын алғанын айтады. Оның ішінде денсаулыққа жеңіл түрде зиян келтіру, ұрып-соғу фактілері бойынша 34 іс тіркелген. Сонымен қатар, 26 іс сотқа жіберілсе, 86 іс аяқталған. 11 іс екі тараптың ортақ мәмілеге келуіне байланысты тоқтатылған.
— Егер күдікті жәбірленушіге көрсеткен материалдық және моральдік шығынды толық өтесе, іс бітімгерлік жолмен шешіледі. Тергеушілер өздеріне жүктелген міндетті жедел атқаруға тырысуда. Өздеріңізге белгілі, Милана Давыдованың ісіне қатысты тергеу ісін мамандар өз уақытында аяқтады. Сот үкіміне сәйкес, ер адам өмір бойына сотталып, анасына 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тергеушілер жұмыстың қиын әрі көптігіне қарамастан маусым айында 8 күннің ішінде есірткі заттарына қатысты аса ауыр қылмысты тергеп, сот қарауына жолдады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, — дейді С.Жампейісов.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.