Тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тыныштықты күзеткен аймақтың тәртіп сақшылары алғысқа бөленуде. Жақында облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына Қарағанды облысының тұрғындары ризашылығын білдірді.

Қарағандылық жолаушылар жолда көмек қолын созған тәртіп сақшыларының әрекетіне алғыс білдірген.

— Біз, Ульянов және Потапов отбасылары, Павлодар-Қарағанды бағытындағы жолда досымызға көмек қолын созған жол полицейлеріне алғыс айтамыз. Жолға шыққан досымыз өзін жайсыз сезініп, ауырып қалған болатын. Сол кезде екі жол полицейі досымызға жәрдемдесті. Олардың көмегінің арқасында бәріміз үйімізге аман-есен жеттік.

Екі полицей де бұл олардың міндеті екенін айтып, есімдерін атамады. Екеуінің шені капитан екенін білеміз. Тәртіп сақшыларының қызметіне жеміс тілейміз, — деп жазылған хатта.

Жолаушыларға патрульдік полиция қызметкерлері Серік Сәрсенов пен Арғын Қуанов көмек көрсеткені белгілі болды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.