Қоғамда адам құқығын қорғау міндеті адвокатқа жүктелген. Олар — сот ісіндегі жалғыз қорғаушы. Конституциядағы құқықтар мен міндеттерді ескеріп, айғақ келтіріп, судьяның әділ шешім шығаруына ықпал етеді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА
Заңды бес саусағындай жатқа білу, темірдей мықты төзім мен ыждахаттылық – мықты адвокат болудың негізгі шарты. Сондықтан болар, жауапты маман иелерінің кәсіби мерекесі өткен жылы енгізілген болатын.
Адамдықтан аттамай, ісін адал атқарып жүрген адвокаттардың қатарында Гүлмира Қажиева да бар. Білікті маман күрделі салаға кездейсоқ келмегенін айтады.
— Мамандық таңдауда анамның жолын қудым. Ол кісі заңгер, тергеуші, судья, адвокат болған. Яғни, заң саласының барлық сатысында еңбек етті. Үнемі адам құқығын қорғаумен айналысып, құжаттан бас алмай отыратын. Адам тағдырына алаңдап тұратын. Қызметінің қаншалықты жауапты екенін түсіндіретін. Сол үшін де анамды батыр деп білетін едім. Кейін өзім де басы дауға қалған, қиындыққа тап болып, әділдік сұраған жандарға қол ұшын созғым келді. Сондықтан адвокат атандым, — дейді Г.Қажиева.
Гүлмира Көпкелдіқызы Май ауданы, Көктөбе ауылында дүниеге келген. Елді мекендегі мектепті бітіріп, Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде білім алады. Тәжірибелі адвокат заң саласында қызмет атқару оңай емес екенін жасырмады.
— Адвокатқа қиындыққа тап болған адам ғана жүгінеді. Осыдан-ақ біздің мамандықтың жүгі қаншалықты ауыр екенін көруге болады. Менің көмегіме мұқтаж адамның көзінен соңғы үмітті көремін. Сол себепті бізге қателесуге жол берілмейді. Қарауымда жатқан істер қағаз жүзінде болғанымен, әрқайсысы — жеке адамның тағдыры. Адам құқығы заңмен қорғалады. Қазір мұндай құжат күн сайын өзгеріп жатқанын білесіздер. Адвокат әр заңнын баптарын жатқа білуі керек әрі күн сайын білімін жетілдіруі тиіс, — дейді Гүлмира Қажиева.
Гүлмира Көпкелдіқызы сот жүйесінде ең күрделі саналатын қылмыстық істерді қарайды. Мұндай мәселеде адамның темір торға қамалуы не бостандыққа шығуы адвокаттың кәсібилігіне тікелей қатысты. Адвокат сот жүйесінде жеңіс ұғымы біреуді қуантса, екінші тарапты мұңай-татынын айтады. Кейбір істер бірнеше күннің ішінде шешімін тапса, бірқатары ұзақ жылдарға созылады.
— Қылмыстық істерді қарағандықтан тағдыры қиын өрілген адамдарды жолықтырасың. Санамнан бір оқиға еш кетпейді. Күйеуі құрсағында 9 айлық сәбиі бар әйелін қылғындырып өлтіріп, оқиғаны терезеден секіру фактісі деп көрсеткісі келген. Ең сорақысы, әйелдің ішіндегі баланы күшпен алып шықпақшы болған. Жантүршігерлік оқиға. Соншалықты безбүйрек, қатыгез әрі адам өлімі кезінде қулыққа баратын адамдар болатынына көзім жетті. Әйелі мен өмірге келмекші болған баласын өлтірген қанішер 23 жылға бас бостандығынан айырылды, — дейді адвокат.
Гүлмира Қажиева тұрғындардың басым көпшілігі өз құқықтарын, заңдағы қажетті баптарды білмейтініне қынжылады. Адам-дарға қарапайым ережелерді түсіндіру үшін жұмыс уақытының біраз бөлігін жұмсайтынын да жасырмады.
Гүлмира Қажиева — қиын әрі күрделі заң саласында 25 жылға жуық уақыт еңбек етіп жүрген кәсіби маман ғана емес, 3 қызды өмірге әкелген бақытты ана. Тұңғышы анасының жолын қуып, заңгердің дипломын алса, екінші қызы халықаралық қатынастар мамандығын меңгеруде. Кенжесі мектепте білім алуда.
Ағылшын жазушысы Чарльз Диккенс «Жаман адамдар болмаса, жақсы адвокат болмас еді» деген. Адамгершілік пен әділдік тартысқа түскен тұста кәсіби келбетті сақтап, адамдықтан ажырамау – үлкен жауапкершілік. Гүлмира Көпкелдіқызы да осы қағиданы ұраны деп біледі.