Павлодар қаласында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл сотқа арызданушылардың саны азайған. Сондай-ақ, сот отырыс-тарын мемлекеттік тілде жүргізуге басымдық берілуде. Мәселен, былтыр 60 іс, ал ағымдағы жыл басынан бері 201 іс мемлекеттік тілде қаралған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық соттың он бір айдағы жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында сөз болды.
Павлодар қалалық сотының төрағасы Ерсін Қожабергиновтің айтуынша, 2024 жылдың алғашқы он бір айында 7 591 талап-арыз келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,5 пайызға аз екенін атап өткен жөн. Алайда еңбек қызметіне қатысты арыздар саны 28,3 пайызға артқан екен. Жалпы, Павлодар қалалық соты жыл басынан бері 5 515 іс қараған. Оның 3 247-і қанағаттандырылып, 289 арыздан бас тартылған. Сонымен қатар, 1 248 арыз бойынша іс жүргізу тоқтатылып, 1 187-і медиативтік келісім жасасу, 23-і бітімгершілік келісім, 11-і талап қоюшының арызын қайтарып алуына және 15-і азаматтық сот ісін жүргізу тәртібіне байланысты қаралуға жатпаған. Ал 538 арыз қараусыз қалған. Бұл жағдайға талап-арыз берушілердің сотқа келмей қалуы, іс жүргізу кезінде құқық туралы даудың болуы және басқа да мәселелер себеп болған.
Жиында қалалық сот төрағасы тараптардың татуласуына ерекше басымдық берілетінін атап өтті.
— Мәселен, татуластырушы судьяларға келіп түскен 4 236 талап-арыздың 922-сі қайтарылды. Оның 42-сі талап қоюды қайтару туралы келіп түскен арызға байланысты, 880-і басқа себептер бойынша тіркелген. Жалпы, тараптарға
2 908 талап қою бойынша сотқа дейінгі хаттамамен шақыру жіберілген. Сотқа дейін қол қойылған хаттамалардың барлығы — 1055, оның ішінде 907 медиацияны бекіту, 16 бітімгершілік және 1 партисипативтік келісім бар. Сот ісін қайта бөлгеннен кейін де судьялар дауларды бейбіт жолмен шешу үшін жұмысын жалғастыруда, — деді Ерсін Қожабергинов. Ол сондай-ақ, осы жылдың басынан бері аумақтан тыс соттылығы бойынша қалалық сот өндірісіне 47 азаматтық іс келіп түскенін алға тартты. Судьялар азаматтық істерді қарау кезінде бірқатар заң бұзушылықты анықтап, соған байланысты 51 жеке ұйғарым шығарған.
Бүгінгі таңда мекемеде «Сот кабинеті» сервисінің қызметін жандандыруға бағытталған жұмыстар белсенді жүргізілуде.
— «Сот кабинеті» — сотқа өтініштер, арыздар, шағымдар мен өтінішхаттарды электронды түрде беру үшін ыңғайлы және қарапайым байланыс жүйесі. Сол арқылы компьютері және электрондық цифрлық қолтаңбасы бар азаматтар кез келген уақытта сотқа арыз-шағымдарын, басқа да құжаттарын жіберіп, оны дәлелдейтін талон ала алады. Сөйтіп, сот процесіне қатысушы сот отырысы өтетін күн мен уақытын біліп отырады. Яғни, сотқа хабарласып, қоңырау шалудың қажеті жоқ. Осы кабинет арқылы электронды түрде арыз беруші мемлекеттік баж төлеу үшін банк бөлімшелеріне бармайды, бұл әрекеттердің барлығын үйден шықпай-ақ жасауға болады. Бір сөзбен айтқанда, «Сот кабинеті» өте ыңғайлы, — дейді Павлодар қалалық сотының төрағасы.
Қуантарлығы, соңғы уақытта сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейген. Бұл жөнінде баяндаған Павлодар қалалық сотының судьясы Әлия Асанова өткен жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттік тілде қаралатын сот ісінің саны едәуір өскенін атап өтті.
— Жоғарғы соттың ең басты тапсырмасының бірі – сот саласында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру. Осы орайда қалалық сот тарапынан ауқымды жұмыстар, игі бастамалар қолға алынуда. Мәселен, біздің судьялар облыстық соттың судьяларымен бірлесіп, дөңгелек үстел шарасын ұйымдастырып тұрады. Оған мемлекеттік мекемелер, прокуратура, адвокат, заң өкілдері қатысып, мемлекеттік тілде іс жүргізу мәселелерін жан-жақты талқылайды. Бұған дейін облыстық сот төрағасының үкімі бойынша мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі топ құрылған болатын. Осы топтың мүшесі ретінде Ақсу, Екібастұз қалаларына іссапармен барып, мемлекеттік мекеме өкілдерімен кездесіп, Тіл туралы заңның сақталуы үшін жұмыла жұмыс істеудеміз. Сонымен қатар, қазақ тіліне қатысты түрлі сайыстар ұйымдастырылуда. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде сот саласында мемлекеттік тілде қызмет көрсету көрсеткіші артуда. Негізі, мемлекеттік органдар сотқа жүгінген кезде талап-арыздарын тек мемлекеттік тілде ғана беруі тиіс. Бұл – Тіл туралы заң талабы! – дейді Әлия Асанова. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының 4 және 10 баптарына сәйкес, сот ісі, яғни қылмыстық, әкімшілік, құқықбұзушылық істер мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Тек қажет болған жағдайда ғана орыс немесе басқа тілдерде жүргізуге болады.
Нұржайна ШОДЫР.