Өкінішке қарай, өңірде жасөспірімдер қылмысы жылдан-жылға көбейіп келеді. Жыл басынан бері аймақта кәмелеттік жасқа толмағандар арасында 17 қылмыс тіркелді. Олардың көпшілігі ұрлық, алаяқтық, денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру фактісімен аяқталған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық ата-аналар тарапынан бақылаудың болмауынан орын алатынын алға тартты.
— Аталған кезеңде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 178 ата-ана, балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және тұрғын үй-жайлардан тыс жерде болғаны үшін 1 610 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылық жасағаны үшін ата-аналар мен оларды алмастыратын адамдар ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 3-бөлігі бойынша автоматты түрде жазаланады, — деді Ж.Қайыров.
Жасқайрат Иманбекұлы қай уақытта кәмелетке толмаған балаға ересектерсіз жүруге болмайтынын атап өтті.
— Егер 18 жасқа толмаған азамат 23:00-ден кейін ата-анасының немесе заңды өкілдерінсіз жүрсе, полиция бөліміне түсуі мүмкін. Бала тәрбиеленетін отбасында антисанитариялық жағдайлар фактісі анықталса, оның дамуы мен білім алуы үшін жағдайлар болмаса ата-аналар ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша жауапқа тартылады. 7 ай ішінде жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 40 кәсіпкерлік нысанына қатысты шара қолданылды, — деді ол.
Айта кетейік, аймақта соңғы үш жылда 36 жасөспірім арнайы мектеп-интернатқа жіберілді.

Айдана БОРАНБАЕВА.