Қарқынды дамып келе жатқан цифрлық технологиялар мен онлайн қызметтер дамыған сайын қаржылық қауіпсіздік мәселелерінің де өзектілігі артуда. Әсіресе, егде жастағы азаматтар жиі алаяқтардың нысанасына айналуда. Бұған сенгіштік, жақындарына көмектесуге тырысу және цифрлық тәжірибенің жеткіліксіздігі себеп болып отыр.
ҚР Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігі қаржылық сауаттылықты арттыру басқармасы бөлімінің бас маманы Дмитрий Акмаевтың айтуынша, бүгінде алаяқтықтың екі түрі пайда болған. Мәселен, технологиялық түрі сирек кездессе, психологиялық құйтырқы істер жиі орын алған.
— Технологиялық алаяқтық сирек кездеседі. Себебі, банктер мен қаржы ұйымдарының жүйесін бұзу қиын. Ал психологиялық қысым арқылы алдау әлдеқайда оңай. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің дамуына байланысты мұндай жағдайлар жиілеп отыр. Мәселен, алаяқтар көбіне жалған аккаунт немесе нөмір арқылы хабарласып, мемлекеттік орган не банк атынан сөйлейді. «Сіздің атыңызға несие рәсімделді», «қылмыстық іс қозғалды» деген секілді үрей туғызатын ақпарат беріп, шұғыл әрекет етуге итермелейді. Мұндай жағдайда мемлекеттік орган ешқашан бірінші болып хабарласпайтынын есте сақтау қажет. Қысқа уақыт ішінде қатаң нұсқаулар беріліп, ешкімге айтпау талап етілсе, күмән туындаса, әңгімені дереу тоқтату керек, — дейді Д.Акмаев.
Агенттік алаяқтықтың алдын алу үшін бірқатар жаңа тетік енгізген. Мәселен, «Салқындату кезеңі» – 150 АЕК-тен жоғары несиелер бір тәулікке тоқтатылады. Бұл аралықта банк клиенттің шешімін қайта тексереді. Ал өткен жылдан бастап «Стоп-кредит» сервисі жұмыс істей бастаған. Оны ЭЦҚ көмегімен eGov арқылы қосуға болады. Бұл қызметті бүгінде 2,5 млн азамат пайдаланып үлгерген.
— Қаржылық шығынға ұшырамау үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Телефон арқылы жеке деректерді — ЖСН, карта нөмірі, CVV-код, құпиясөздер мен SMS-кодтарды ешкімге беруге болмайды. Шынайы банк қызметкерлері мұндай ақпаратты сұрамайды. Құжаттарға қол қоймас бұрын оларды мұқият оқып шығу және күмән туындаған жағдайда туыстармен немесе заңгермен кеңесу қажет. Сондай-ақ, бейтаныс адамдарға есік ашпас бұрын олардың жеке куәлігін тексеру керек. Қаржы ұйымдарының өкілдері үйге келмейді.
Егер танысыңыз ақша сұраса, міндетті түрде өзіне хабарласып, жеке сөйлесіңіз. Үшінші тұлғаның картасына ақша аудармаңыз. Егер күдікті карта нөмірі берілсе, 112 нөміріне немесе полицияға дереу хабарласыңыз. Бұл алаяқтық тізбегін тоқтатуға көмектеседі, — дейді Д.Акмаев. Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері азаматтарды әрдайым қырағы болуға шақырады. Қаржы ұйымдарының атынан келген күмәнді хабарламаларға сенбеу, жеке деректерді абайлап беру және күдік тудыратын жағдайда полицияға жүгіну алаяқтықтан қорғанудың тиімді жолы екенін атап өтті.
Айдана БОРАНБАЕВА.