Бабалар ерлігі – ұрпаққа үлгі!

Нау 27, 2025

Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 80 жыл толып отыр. Бұл — майдангерлердің қаһармандығы мен тыл еңбеккерлерінің жанкештілігі арқасында жеткен Жеңіс! Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау және олардың рухтарына тағзым ету – қасиетті борышымыз. Ал ардагерлеріміздің құрыққа көнбес рухын жас сарбаздардың бойына сіңіре білу – міндетіміз!

Атаулы күнге орай облыс орталығындағы Ұлттық ұлан №6679 және Ұлттық ұлан №5512 әскери бөлімдерінің жас сарбаздарымен Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы танымдық кештер, кездесулер, тәрбие сағаттары ұйымдастырылып тұрады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5512 әскери бөлімінде Ұлы Жеңіс күні мен Отан қорғаушылардың күні қатар келуі — әскери дәстүрлердің сабақтастығымен, ата-бабаларымыздың ерлігі және батырлығымен, мемлекеттің бейбітшілігі мен тәуелсіздігін сақтауға ұмтылысымен тығыз байланысты екенін айтты.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Қарулы күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында идеологиялық жұмыс жоспары әзірленді. Ол мемлекеттік органдар басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітілді. Жоспарда идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыруға, әскери қызметшілердің сапалық сипаттамаларын жақсартуға, патриоттық сананы және басқа да адами және кәсіби қасиеттерді дамытуға бағытталған іс-шаралар көзделген. Оның аясында жас сарбаздармен тәрбие сағаттарында диспуттар, дөңгелек үстелдер, сұрақ-жауаптар, танымал адамдармен кездесулер, көркем және деректі фильмдерді көру және талқылау өткізіледі. «Ашық есік күні», «Әскерге шақырылушы күні», «Жас сарбаздар күні», «Қазақстан әскеріндегі бір күн», «Естелік», «Ардагерлерге құрмет – ерлікке тағзым» әскери-патриоттық акциялары, «Армия балалар көзімен», «Соғыссыз әлем», «Менің гарнизоным», «Үздік қалашық» және басқа да конкурстар, викториналар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады, — деді №5512 әскери бөлімінде.

Жақында ҚР Қарулы Күштері ардагерлер бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрағасы, отставкадағы майор Жан Қаратаевтың қатысуымен аталмыш әскери бөлімнің жедел қызмет сарбаздарымен кездесу өтті. Шара барысында Жан Қайыркенұлы жаңа буын жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятып, елге, жерге деген құрмет сезімін тәрбиелеу – аға буынның асыл міндеті екенін атап өтті. Айтуынша, егемен еліміздің болашағы, келешегіміздің кепілі – ел игілігі үшін ерінбей еңбек ететін, тарихын құрметтей білетін саналы жастар. Сол себепті саналы жастарымыздың азаматтық ұстанымдарын дұрыс қалыптастыру қажет.

— Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құрмет төріне шығарып, өскелең ұрпаққа өнеге ете білу – бұл үлкен парасаттылықтың белгісі. Бүгінгі күні жас сарбаздарға Ұлы Отан соғысы жайлы бейнефильмдер көрсетіліп, батыр бабаларымыздың өшпес ерлігі насихатталуда. «Тарихын төрге оздырған елдің басы босағада қалмайды». Жалпы жылдан жылға офицерлер, сержанттар мен сарбаздардың кәсіби шеберліктері шыңдалып, әскери техникалар да жанарып келеді. Далалық сабақтар мен оқу-жаттығуларда, халықаралық армия ойындары мен басқа да жарыстарда біздің әскери қызметшілер заманауи жауынгерлік техника мен қару-жарақтарды басқаруда машығын жетілдіріп, жинақылығымен және  жауынгерілік рухымен барлығына үлгі бола білді, — деді ол.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.