Павлодар облысының аумағында мал ұрлығының алдын алу мақсатында «Мал ұрлаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Айта кетейік, 2020 жылдың қаңтарынан бастап мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.
Профилактикалық іс-шара шеңберінде учаскелік полиция инспекторлары мен криминалдық полиция қызметкерлері облыстың қалалары мен аудандарының аумағында орналасқан ет қабылдау станцияларын, мал союға арналған алаңдарды, ет дүкендерін тексереді. Сондай-ақ, күн сайын жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған патрульдік полиция қызметкерлері құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдау фактілерін тексеретін болады. Мал басын тасымалдау кезінде де тиісті құжаттар болуы тиіс. Бұл бұзушылық үшін ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салу жауапкершілігі қарастырылған.
— «Мал ұрлаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші күнінде мал жаю ережелерін бұзудың 34 фактісі анықталды. Мал басының сақталуына немқұрайлы қарайтын ауыл шаруашылығы жануарларының иелері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша жазаланды. Мамандандырылған қораларға 129 бас мал қамалды. Сондай-ақ, бұрын жасалған бір қылмыс ашылып, жоғалған малдың қай жерде екені анықталды. Жедел уәкілдер Павлодар ауданының 50 жастағы тұрғынын ұстады. Ол 2023 жылдың мамырынан шілдесіне дейін Павлодар ауданында орналасқан еркін жайылымнан 13 бас ірі қара ұрлады. Сондай-ақ, Аққулы ауданы мен Павлодар ауданының полиция қызметкерлері жайылымнан жоғалған жылқыларды тауып, иелеріне қайтарып берді, — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. ҚР Қылмыстық кодексіне «Мал ұрлығы» қылмыстық топ жасаған немесе аса ірі мөлшерде мал ұрлағаны үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін жеке бап та енгізілген. Талдау көрсеткендей, малды ұрлауға бақылаусыз жайылымға жіберетін иелердің немқұрайлылығы да ықпал етеді. Соның салдарынан мал ұрлау жағдайлары жиілеп, не болмаса жол-көлік оқиғалары орын алуы мүмкін.
А.МҰҚЫШЕВ.