Күнделікті өмірдің қарбаласында біз өз тыныштығымыз бен қауіпсіздігіміздің артында тұрған адамдар жайлы жиі ұмытып кетеміз. Ал олардың әр күні сынаққа, жауапкершілікке және ерлікке толы. Осындай шынайы өмір көріністерін паш еткен «Бейбіт күннің батырлары» атты фотокөрме «Достық үйінде» өтті. Фотокөрмені облыстық полиция департаменті ұйымдастырды.
Көрмеде тәртіп сақшыларының сан қырлы сәттерін бейнелейтін 30–дан астам фотожұмыс ұсынылған. Олардың авторлары – кәсіби фотографтар мен полиция қызметкерлерінің өздері. Әр сурет құқық қорғау саласының шынайы өмірін, жауапкершілік пен ерлікке толы сәттерін паш етеді.
– Заң мен тәртіп – бұл абстрактілі ұғымдар емес. Бұл — әрқайсымыздан басталатын мәдениет. Егер әр адам өзінен бастап заңды сақтай білсе, қоғамда тәртіп орнайды. Фотокөрменің басты мақсаты – қоғамға полиция қызметінің шынайы бейнесін көрсету. Көпшіліктің ойынша, тәртіп сақшылары тек қылмыс ашумен айналысады. Алайда олардың күнделікті еңбегі бұдан әлдеқайда кең. Олар да спортпен айналысады, отбасымен уақыт өткізеді, алайда әрдайым азаматтарға көмекке келуге дайын. Кез келген сәтте көмек көрсету, өрт кезінде, су тасқынында қол ұшын созу, елде заң мен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету – бұл – полицияның басты миссиясы,- деді Павлодар облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Жанар Белялова.
Көрмеде 1950–1960 жылдардағы архивтік фотосуреттерден бастап қазіргі заманғы кадрлар ұсынылған. Бұл — полицейлердің бірнеше буыны арасындағы сабақтастықты, олардың кәсіби дәстүрін бейнелейді.
Экспозицияда халықтың назарын бірінші болып Баянауыл аудандық полиция бөлімінің батыр қызметкерлері – Мұрат Нұрсейітов пен Баянбек Жүнісовке арналған бұрыш аудартты. 2017 жылдың ақпанында олар жол апатының алдын алып, 20 адамның, оның ішінде 18 баланың өмірін сақтап қалған. Балаларды Павлодар қаласына жарысқа апара жатқан автобустың жолына «КамАЗ» жүк көлігі шығып кеткен. Ауыр жүк көлігінің оқушылар отырған автобуспен соқтығысуының алдын алу үшін полицейлер патрульдік көлікпен жолды бөгеп, оның қозғалысына тосқауыл болған. Мұрат Нұрсейітов ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен. Оның өмірі үшін павлодарлық және астаналық дәрігерлер ұзақ уақыт күрес жүргізген. Ем қабылдап, оңалтудан өткеннен кейін Мұрат Нұрсейітов қайтадан сапқа қосылып, бүгінде қызметін жалғастыруда. Ал аға сержант Баянбек Жүнісов түрлі дене жарақаттарын алған. Кейіннен екі қызметкер де ерлігі үшін марапатталған. Мұрат Нұрсейітов «Айбын» орденінің III дәрежесімен, ал Баянбек Жүнісов «Ерлігі үшін» медалін алған.
Көрмедегі тағы бір ерекше туындылардың бірі – ювеналды полиция инспекторы Мадина Жұмабаева мен кішкентай баланың әңгімесі бейнеленген сурет. Бұл әсерлі сәтті есту және сөйлеу қабілеті шектеулі фотограф Камиль Аллаяров өз камерасы арқылы шебер жеткізген. Автордың айтуынша, ол қоғамда аналық мейірім мен қызметтік борышты қатар ұстанып жүрген әйел полицейдің бейнесін ашуды мақсат еткен. Камиль Аллаяров – ҚР Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Біздің полиция» фотобайқауының жүлде-гері. Өз еңбегі арқылы ол тәртіп сақшыларына деген құрметі мен ризашылығын білдіргенін атап өтті.
Сонымен қатар, экспози-цияда полицей әйелдердің бейнесі де ерекше орын алған. Мадина Жұмабаева мен Дина Әбішеваның, Ризагүл Андасованың фотосуреттері полиция қатарындағы нәзік жандылардың қайсар рухын бейнелейді. Олар күнделікті қызметінде ерлермен қатар еңбек етіп, ел тыныштығын күзетуде.
Көрмеге қойылған туындылар тәртіп сақшыларының өмірін жақыннан танытады. Мұнда тек қызмет емес, жүрек жылуы, отансүйгіштік пен адамдық рух бар. Ерлік пен батылдықтың символына айналған фотолар келушілерге үлкен әсер қалдырды.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.