Балалар мен жасөспірімдер арасындағы зорлық—зомбылық және әлімжеттік көрсету әрекеттері әлі де тыйылмай келеді. Оған жақында ғана облыс орталығындағы К.Мақпалеев атындағы оқу ордасында орын алған оқиға дәлел. Мұндай жайсыз жағдайдың алдын алу мақсатында аймағымызда арнайы жоспар құрылып, кешенді жұмыстар қолға алынуда.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин алдымен жалпақ жұртқа жаға ұстатқан К.Мақпалеев атындағы мектептегі оқиғаға қатысты пікір білдіріп, аталған іс бойынша бір топ адам жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.
— Аталмыш жағдайға қатысты ақпарат қалалық білім беру бөліміне 6 қараша күні ғана мәлім болды. Ертеңінде бірден жұмыс тобы құрылып, мәселенің мән-жайын тексерумен айналысып кетті. Нәтижесінде, бұл оқиғаның 26 қыркүйекте болғаны, ол жайлы 3 қазан күні мектеп әкімшілігі хабардар етілгені анықталды. Алдағы уақытта мұндайға жол бермес үшін білім беру мекемесінде жасөспірімдер істері жөніндегі полиция өкілдерімен бірлескен комиссия отырысы, жиналыс өтті. Психолог мамандар жұмыс істеуде, — деді Қуаныш Қыдырәлин. Сондай-ақ, ол жеткіншектердің тәрбиесіне селқос қараған ата-аналар, ақпаратты ай бойы айтпай келген мектеп директорының міндетін атқарушы тұлға мен әлеуметтік педагог, бейнежазбаны жөн-жосықсыз таратқан адамдар заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жыныстық сипат-тағы әрекетке барған бастауыш сынып оқушысының бұған дейін де бұзақылық жасағаны үшін мектепішілік есепте тұрғаны белгілі болған. Бүгінде облысымызда осындай оқиғаларға тосқауыл қоюға бағытталған жұмыстар қолға алынуда. Бұл жөнінде баяндаған облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова:
— Өңірімізде балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылуда. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық шабуылдар, жыныстық әрекеттер мен суицид жасауға жол бермеуге бағытталған іс-шараларды қабылдау бойынша ведомствоаралық сараптама тобы құрылды. Барлық білім беру бөлімі мен ұйымдарға нормативтік-құқықтық құжаттама жіберілді. Сонымен қатар, зорлық-зомбылықты, қатыгездікті, буллингті болдырмау мақсатында мектептерге 2023-2025 жылдарға арналған «Ұлттық тәрбие — ел болашағы» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілді. Облыстағы білім беру мекемеле-рінде «Отбасы және мектеп» атты іс-қимыл тұжырымдамасы іске асырылуда. Соның аясында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылып, «Отбасылық тәрбие академиясы» нысаналы бағдарламалары мен жобалары, әкелер және аналар кеңесі жұмыс істейді. Ата-аналарға арналған «Позитивті ата-ана» курсы әзірленіп, «Ашық алаң» диалог терезесінің қызметі ұйымдастырылды, — деп атап өтті. Сонымен қатар, ол М.Катаев атындағы оқушылар сарайының базасында «Senim room» психологиялық көмек кабинеті ашылғанын, балалар арасындағы буллинг мәселелері бойынша жедел желі жұмысы ұйымдастырылғанын да алға тартты.
— «1302» сенім телефоны, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 AMANAT» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы, баланы қорғау жедел желісінің 650060 call-орталығы, бұған қосымша әр білім беру бөлімінде сенім телефондары жұмыс істейді. Кәмелетке толмағандар құқықтарын бұзу фактілері туралы 87010707546 (WhatsApp) нөміріне хабарлама жаза алады. Хаттар мен өтініштерді қабылдау үшін сенім пошталары орнатылды. Облыстағы 385 білім беру ұйымында «Balaqorgau» QR-коды бар тақтайшалар орналастырылған, оларды сканерлеу арқылы балалар тегін кеңес ала алады, — деді Роза Ақанова. Облыстық полиция департа-менті ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Хамзина ағымдағы жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың 12 пайызға азайғанын атап өтті. Десе де, балалар арасында жағымсыз жайттардың жиі кездесіп жатқанын ескерсек, әлі де көп жұмыс атқарылуы тиіс.
Нұржайна ШОДЫР.