Елімізде «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» атты республикалық акция бастау алды. Акция аясында Павлодар қаласында Халыққа қызмет көрсету орталығында «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» ұйымдастырылды.
Шара барысында павлодарлықтар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, неке, отбасы мәселелеріне қатысты кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Мұнда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары, психологтар мен заңгерлер, қорғаушылар кеңес берді. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы мемлекеттік органдардың өкілдері де тұрғындарды қабылдап, жан-жақты қолдау түрлерінен хабардар етті. Павлодар қаласының полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топ инспекторы Әсем Рахимованың айтуынша, мұндай шаралар арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу, қоғамда отбасының рөлін арттыру көзделген. Сонымен бірге, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында атқарылып жатқан шараларды халыққа жеткізу мақсат етілген. Айта кетейік, 25 қарашада басталған республикалық акция желтоқсанның 10-ына дейін жалғасады. Бүгінде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, қоғам қасіретімен күресу жолында түрлі бағыттар қолға алынуда. Мәселен, жуырда Жастар бастамаларын дамыту орталығында қоғам белсенділері, мемлекеттік орган өкілдері, депутаттар мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева әрбір азаматтың міндеті көмек қолын дер кезінде созып, құзырлы органға хабар беру екенін еске салды. Яғни, айналасындағы жағдайларға немқұрайлық танытпай, телефон қоңырауын шалу арқылы кез келген тұрғын бір адамның өміріне араша түсе алатынын алға тартты. 111 нөміріне тұрмыстық зорлық-зомбылық және балаларға қатысты қатігездік жайында хабар-лау қаншама жанды жамандықтан аман алып қалуға кепіл болмақ. Ал өзі мен балаларының өміріне алаңдайтын, қорқатын әйелдер Павлодар қаласындағы балалы әйелдерді әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығының көмегіне де жүгіне алатынын мамандар еске салды. Бір жылға дейін осында жағдайын реттеп алуға мүмкіндік бар. Бұл мекеме анасын балаларымен қабылдап, психологиялық қолдау көрсетеді. Қажет болса, құжаттарын да қалпына келтіріп береді. Аталмыш орталықтың басшысы Айнаш Ілиясованың айтуынша, мұнда республикалық акция аясында 10 желтоқсанға дейін іс-шаралардың жоспары әзірленген. Әрбір күні ұйымдастырылатын шаралар арқылы зорлық-зомбылықты жасырмау қажеттігін халыққа жеткізуге күш салмақ. Көмек сұрай алатын мекемелер мен қызметтердің телефон нөмірлері жазылған үнқағаздарды да таратпақ. Қазіргі таңда орталықта қиын жағдайға тап қолған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары тұрып жатыр. Қалалық орталық болғанымен, өзге қалалар мен аудандардан көмек сұрай келгендерге де орын табуға тырысады.
Г.МАҒЖАН.