Дау мұраты — бітім

Там 28, 2025

Ел болған соң дау-дамай болатыны анық. Бірақ сол жанжалды ушықтырмай, дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын дамыту бүгінгі күнде маңызды. Өйткені ұлтымызға жат дүниелердің белең алуы, салт-дәстүрдің ұмытылып, құндылықтардың құнсызданып, дүние игіліктері көбірек дәріптелетін қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып бара жатқаны жасырын емес.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Жоғарғы Соттың үлкен жиынында соттардың жұмысы жайлы мәселе қаралды. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол жиында соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында «Билер алқасын» құру туралы ұсыныс айтқан болатын. Сол ұсыныстан кейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Республикалық ардагерлер ұйымы арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім қабылданды. Орталық ардагерлер ұйымы ұсынған қалалар мен аудандарда дау–дамайларды шешуге хандық заманнан бастап келе жатқан қазақ билерінің тәжірибесіне сүйену керектігін назарға алынды. Негізгі мақсат ата-бабаларымыздан мұра болып келген үздік дәстүрді, яғни «Билер институтын» жалғастыру болып есептелді.

Қазақта: «Уақыт өтеді — дәстүр қалады» деген нақыл сөз бар. Өйткені, біздің тарихымызда барлық дау-дамайды билер шешкен. Осыған орай 6 жыл бұрын Павлодар қалалық соттың жанынан  қаланың  ардагерлерінің  арасынан құрамында 21 ардагер бар «Билер кеңесі» сайланған болатын.  Бүгінгі күні олардың саны сәл толықтырылды.  Олардың қатарына өмірлік тәжірибесі мол, әр салада елеулі еңбек еткен, ел ішінде абырой, беделге ие болған облыстың, қаланың, аудандардың Құрметті азаматтары енген. «Билер кеңесінің» отырысы қалалық соттың ғимаратындағы арнайы бөлмеде апта сайын өтеді. Сотқа баратын барлық азаматтық іс алдымен «Билер кеңесінде» қаралады. Оған жер, мал, мүлік, қарыз қайтару, ажырасу сынды даулар жатады.

Билердің алға қойған міндеті  – қай мәселе болмасын бірлік пен тұрақтылықты сақтау, бір бітімге келтіру, татуластыру, нәтижесінде арыз, өтініштерін сотқа жеткізбей қайтып алдырту. Мәселен, ажырасу мәселелеріне қатысты даулар жиі түседі. Әсіресе, жастар қауымы көмекке жүгінеді. Бұл – қоғамды ойландыратын жағдай. Осы орайда, билер тарапы оларға ақыл-кеңестерін айтып, екі тарапты татуластыруға бар күшін салады.

Билер қай мәселе болмасын зерлеп-зерделеп, мән-мағынасына терең үңіліп, шешуге тырысады. Өйткені әр адамның артында бірнеше адамның тағдыры тұрады. Ерекшелігі сол, медиаторлар болса дау-дамайларды ақылы түрде жүргізеді және оларды жеке-дара шешеді. Осы ретте, «Ақша жүрген жерде әділдік бола ма?» деген де сұрақ туындайды. Ал «Билер кеңесінің» отырысында үш би ақылдаса отыра, тіпті бір бітімге келмей жатқанның өзінде өзара дауысқа салып, әділдікпен шешуге тырысады. Соның нәтижесінде жартысынан көбі, яғни 70 пайызы арыздарын қайтып алып жатады.

Көмекке жүгінушілерді екі жақты бітімге келтіріп, оң шешімге келістірген жағдайда және ажырасуға келгендерді татуластырғанда билер адами тұрғыда да, моральдық тұрғыда да рухани шабыттанады. Содан болар, сайланған билер шынайы ықыласымен істерді қарайды. Сөйтіп, билер соттардың жұмысын жеңілдетіп, қоғамға пайдасын тигізіп жатыр деп айтуға толықтай негіз бар.

Бүгінгі күнде көрші Қырғыз елінде «Билер алқасы» жөнінде заң қабылданған болатын. Заман талабына сай біздің елде де осындай заң керектігін өмір көрсетіп отыр.

Өткен аптада қалалық ардагерлер кеңесінде «Билер кеңесінің» кезекті отырысы өтті. Мақсат – тұрғындарға «Билер кеңесінің» жұмысымен таныстыру және билерге бағыт-бағдар беру. Сонымен қатар, сот органдары мен билік өкілдеріне ұйымның қоғамға жасап жатқан игі істерін көрсету. Бұл Конституцияның 30 жылдығы аясында «Билер кеңесінің» жұмысын насихаттау және олардың игі істерін жетілдіру болып есептеледі.

Рашид БЕКТЕМІРОВ,

«Билер кеңесінің» мүшесі, Май ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.