Елді мекендерде жылдамдықты төмендету керек пе?

Қыр 4, 2025

Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының жиілеуі көпшілікті алаңдатып отыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, биыл алты айда елімізде 15 698 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылғыдан 30 пайызға жоғары. Салдарынан 22 мыңнан астам адам зардап шегіп, оның бір мыңға жуығы көз жұмған. Басым бөлігі республикалық тас жолдарда тіркелгенімен, елді мекендерде де қайғылы оқиғалар азаяр емес. Көп жағдайда жол-көлік оқиғаларына жеңіл көлік жүргізушілері себепші болатын көрінеді. Осындай жайсыз статистиканы саралай келе, ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті елімізде елді мекендегі рұқсат етілген жылдамдықты төмендету мәселесін қарастыруда. Бүгінгі таңда ауылдар ман қалалардың ішіндегі ең жоғарғы жылдамдық сағатына 60 шақырым деп белгіленген. Бұл мөлшерді төмендету елді мекендердегі жол-көлік оқиғаларын азайтуға қалай әсер етеді? Жалпы, жолдағы қауіпсіздікті күшейту үшін қандай шараларды қолға алған жөн? Осы тақырыпты «Алаңда» талқылап көрмекпіз.

Аманғазы СЫЗДЫҚОВ, ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері:

— Елді мекендер ішіндегі жылдамдық баяғыдан бері сағатына 60 шақырым болды. Бұл өлшем тиісті електен өткізіліп, әлемдік тәжірибе негізінде белгіленді. Оны төмендетудің еш қажеті жоқ деп санаймын. Алпыстан түсірсе, қалаларда кептеліс орын алады. Менің ойымша, тіпті, Павлодар қаласында әуежайға қарайғы бағытта сағатына 80 шақырымға арттырса да жөн еді. Мұнда екі бағытты, қос жолақты кең жол тұр. Сағатына 60 шақырыммен келе жатқан жүргізушінің жаяу жүргіншіні де көруге, қажет жағдайда дер кезінде тежегішке басуға да мүмкіндігі бар. Әрине, қауіпсіздік мақсатында қолға алынып жатқаны түсінікті. Алайда, тәжірибесі жоқ, көлік жүргізуге ебі жоқтар сағатына 40 шақырымдық жылдамдықпен де адам қағып кетуі әбден мүмкін. Осы ретте, мен жол-көлік оқиғаларын азайтып, жолдағы қауіпсіздікті күшейту үшін автомектептерде оқытуды күшейту керек. Кезінде бұл мектептер жол полициясына қарасты болды. Қазір жекеменшіктің қолына өтіп, ондағы білімнің деңгейі уыстан шығып кеткен сияқты. Көшеде көлік те көбейді. Жастар, әйелдер қауымы шетінен темір тұлпарды тізгіндеп жатыр. Бүгінде олар практикалық емтихан тапсырғанда жанында инспектор отырмайды. Меніңше, инспектор куәлік алмақшы азаматтың көлік жүргізудегі реакциясын, ебін, психологиясын қарап, бағасын беруі тиіс. Себебі, ол болашақта көліктегі адамдардың, жолдағы жаяу жүргіншілердің өміріне жауапты.

Сәбиден МАНТЫКОВ, облыстық мәслихат депутаты:

— Әрине, адам өмірінің қауіпсіздігі тұрғысынан алсақ, керек деп көпшілік санайды. Бірақ, елді мекен ішінде жылдамдықты төмендету кептеліске әкеледі. Көп адамның жұмысына кедергі келтіруі әбден мүмкін. Қаланың орталығынан кейде сыртына шыққанша 40 минут жұмсаймыз. Енді оны тағы төмендетсе, ұзын-сонар кептеліске тап болатынымыз анық. Қаланың сыртына қарайғы кейбір бөліктерде, керісінше, сәл көтерген дұрыс па деген ойдамын. Сонымен қатар, жол-көлік апаттары жиі орын алатын қиылыстарға жаяу жүргіншілер жолақтарын барынша жарықтандыруға, бағдаршамдар, қосымша белгілер қоюға мән беру керек. Жаяу жүргіншілердің жолақтары көрінбейтін тұстар аз емес. Соларды сырлап, анық етіп қою қажет. Мектептердің маңайына таңертең балалар мектепке барар кезде кептеліс көп болатын тұстарды реттеп тұратын мобильді полиция қызметін қарастырған артық болмайды.

Онсыз да елді мекендерде жылдамдықты бақылайтын камералар да көптеп орнатылып жатыр. Сондықтан, қауіпсіздікті күшейту шаралары жасалып жатыр. Бәлкім, көлік жүргізушілерімен жұмысқа мән беру керек. Кейбір көшелерде белгі қойылмай, жылдамдық сағатына 40 шақырым белгіленеді. Мұны білмеген соң адамдар айыппұл арқалап жатады. Сол себепті мұндай тұстарды халыққа жиі көрсетіп, әлеуметтік желі, БАҚ арқылы түсіндіріп отырса, білген адам жылдамдығын тиісінше төмендетіп жүреді.

Меруерт НҰРТАЙ, ата-ана:

— Негізі, соңғы кездері жол апаттары туралы жаңалықты көрген сайын денеміз түршігеді. Көлік көбейген сайын мұндай оқиғалар да еселеніп жатыр. Қаншама адам зардап шегуде. Үлкен жолдарда да, ауыл, қалаларда да жол-көлік оқиғасының орын алғанын жиі естиміз. Әлбетте, алдын алу үшін жұмыстар жүргізілуде. Камералар орнатылып, бақылау жасалуда. Елді мекендерде жүйткіп келе жатқан автомобильдің сәл тежелуіне арнайы кедергілер қойылуда. Бірақ, жағдай жақсарған жоқ. Сондықтан, жылдамдықты төмендету ұсынысы орынды ма деп ойлаймын. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігі үшін аса қажет. Реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолағы болады. Қалаларда бұл жолақтан өтуге қорқамыз. Алыстан жүйткіп келе жатқан көлік тоқтап үлгере ме деп үрейленеміз. Балалар түгілі ересектер осылай қауіптеніп тұрады. Сондықтан, сәл төмендеткеннен көлік жүргізушілеріне соншалықты қиындық туындамайды деп ойлаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.