Өткен аптада Павлодар облысының полицейлері өңірдегі 400-ге жуық мектептің оқушыларына бейнероликтер мен слайдтар көрсетіп, «Құқықтық білім сабағын» өткізді. Бұл кездесулердің негізгі мақсаты — оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды заңсыз әрекеттер жасаудан сақтау.
Аталмыш шара аясында Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров облыс орталығындағы №9 жалпы білім беру мектебіне барып, оқушыларға кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полиция полковнигі жол жүру қауіпсіздігіне де ерекше назар аударып, оқушыларды жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ, оқушылар арасындағы буллинг, нашақорлық мәселесі көтерілді. Әңгімелесу барысында тәртіп сақшысы оқушыларға кәмелетке толмағандардың қай жастан бастап әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы хабардар етті.
— Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналды. Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретіні анық. Жалпы, жасөспірім-
дер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне білім ошақтарында жүйелі түрде ұйымдастырылып өткізілген мұндай тәрбиелік, құқықтық білім сабақтары себеп болады. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп атамыз қазақ айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді, — деді Ж.Қайыров. Сабақ барысында тәртіп сақшысы Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынғаны туралы айтып берді. Оның айтуынша, оқушылар демалысқа шығып, мектеп сабағы мен үй тапсырмасынан қолдары босағанда, жоғарыда айтылған ережелерді барлығы бірдей сақтай бермейді. Сонымен қатар, «Құқықтық білім сабағы» акциясы аясында кеншілер шаһарындағы №6 жалпы орта білім беру мектебінің оқушыларына Екібастұз қаласы полиция басқармасы Жедел- криминалистикалық бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Евгений Қылышбеков пен полиция майоры Бауыржан Медетов криминалистика мамандығының ерекше-ліктерімен бөлісіп, тергеу жұмыстары қалай жүзеге асатынын айтты. Сабақта полиция подполковнигі оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, саусақ іздері мен айғақтар кез-келген тасымалдаушыдан және материалдан қалатынын атап өтті. Сондай-ақ, дәлелдемелерді іздеуде және тіркеуде криминалистердің қолында қандай құрылғылар бар екенін көрсету үшін полиция қызметкерлері оқушыларға крими-налистердің ажырамас атрибуты болып табылатын арнайы қызметтік чемоданның мазмұнын көрсетті. Оқушылар мөлдір әйнекте арнайы ұнтақ пен магниттік щетканың көмегімен саусақ іздерінің қалай пайда болғанын және содан кейін қағаз парағына қалай көшкенін қызығушылықпен байқады. Ең белсенді оқушылар криминалист ретінде әрекет етіп, тәжірибелі маманның басшылығымен қол іздерін қағазға түсірді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері оқушыларға трасологиялық, баллистикалық және сарапшылар жүргізетін басқа да зерттеулердің мүмкіндіктері туралы айтып берді.
А.МҰҚЫШЕВ.