Елімізде жол ережесін бұзған қазақстандық көлік жүргізушілері үшін сақтандыру полисі қымбаттауы мүмкін. Ал бес жылдан астам уақыт тәртіпке бағынып, ереже бұзбағандарға, керісінше, жеңілдіктер қарастырылуы ықтимал. Осылайша, көлікті сақтандырудың жаңа ережелері енгізілмек. Ол үшін автосақтандырудың «бонус-магус» жүйесі жаңартылып, жол тәртібін бұзғандарды автоматты түрде анықтап отырады. Кейін жолда ереже бұзғандарға сақтандыру құны арттырылады. Бұл жаңашылдық елімізде жолдағы жазатайым оқиғалар мен жол-көлік оқиғаларын азайту үшін қолға алынбақ. Мұндай жобаны қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеп, қоғамның талқысына шығарды. Бұл өзгеріс сақтандыру нарығына, жол-көлік қатынасына қандай оң нәтиже береді? Бастамадан не күтуге болады? Осы және өзге де сұрақтарға «Алаңда» жауап іздеп көреміз.

Азамат КЕРІМБАЕВ, Freedom Insurance сақтандыру компаниясы басқарма төрағасы (пікір интернеттен алынды):

— Еліміздегі міндетті автосақтандыру заңы бүгінгі күннің талабына сай емес. Сақтандыру нарығы мемлекеттік органдармен бірігіп, қазіргі кезде жаңа заң жазып жатырмыз. Бір-екі жылда шығады. Мұнда жол апатынан кейінгі сақтандыру компаниясы төлейтін төлемнің максималды лимитін 600 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін көтеру қарастырылмақ. Сәйкесінше, сақтандыру тарифтерін де көбейту керек. Ұлттық банктің статистикасына сәйкес биыл 8 айда сақтандыру фирмаларына 95 мың клиент төлем алуға жүгінген. Жыл сайын 100-120 мың ірілі-ұсақты жол апаты орын алады. Енді оны еліміздегі жалпы көлік саны 5 млн машинаға бөлсек, олардың орта есеппен 2-5 пайызы апатқа ұшырайды деген сөз. Автосақтандырудың орташа құны 15-16 мың теңге. Ал апаттан кейінгі орташа шығын көлемі 500 мың теңге болса, сақтандыру компаниялары клиенттерден жинағанын толық төлем ретінде төлеп отыр. Негізі, жаңашылдық енгізілсе, көлік жүргізушілерінің 70 пайызы арзан сақтандыруға қол жеткізе алады. Себебі, көбі үй мен жұмыс аралығына ғана қатынайды. Ал көлік жүргізушілерінің 20-30 пайызы жолда жиі жүреді. Әсіресе, такси жүргізушілері осы санатқа кіреді. Статистикаға сәйкес таксопарктерге қарасты көліктердің ай сайын 10 пайызы жол-көлік оқиғаларына ұшырайды екен. Енгізілетін өзгеріс тәжірибелі, жауапты жүргізушілерді ынталандырып, желікпе жүргізушілерді тезге салуға септігін тигізеді.

Азамат МАЗГУТОВ, облыстық мәслихат депутаты:

— Бұл жаңашылдық қоғамға оң өзгеріс әкеледі деген ойдамын. Бүгінде көшеде, жолда қатынайтын көлік көп. Ереже бұзып, жаяу жүргіншілер мен көліктегі жолаушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретіндер де аз емес. Елімізде ереже бұзғандар салынатын айыппұл көлемі де өсірілді. Бірақ, ол да кейбір көлік тізгіндегендерді тәртіпке келтіре алмай отыр. Сондықтан, тезге салудың тағы бір жолын қолға алған артық етпес еді.

Ереже бұзғандарға сақтандыру полисінің құнын қымбаттату бастамасын қолдаймын. Айыппұлдан да қорықпай, жылдамдықты асырып, жолда қауіп төндіріп жүргендерді жөнге келтіруге септігін тигізеді деп санаймын. Біз үшін жолдағы қауіпсіздік, адамдардың өмірі мен денсаулығы маңызды. Есесіне барлық жол ережелерін сақтап, ешқандай қателік жібермейтін жүргізушілерге жеңілдік жасалатын көрінеді. Мұндай жеңілдік барынша абайлап жүретін «темір тұлпар» тізгіндеген азаматтарды ынталандырады. Осылайша, жол-көлік апаттарын азайту, жолдағы жөнсіздіктерді реттеу мәселесі оңала түседі деген ойдамын.

Ерғанат НИЕТҚАБЫЛ, көлік жүргізушісі:

— Меніңше, бұл — қисынға келмейтін бастама. Көлік жүргізушілері ереже бұзса, ол үшін былай да айыппұл төлейді емес пе?! Оның сыртында тағы сақтандыру полисіне еселеп төлеуі артық деп санаймын. Бұл әрекет елімізде жол-көлік апаттарын азайту, жолдағы жүгенсіздікпен күресу үшін емес, сақтандыру компаниясының қамы үшін қолға алынып жатқандай көрінеді. Қазір қарап отырсақ, сақтандыру полистері полициядан қорғану, артық айыппұл арқаламау үшін ғана жасалатындай. Себебі, сақтандыру онлайн да оңай жасалғанымен, апат орын алып, қажет кезінде төлем алу азаматтар үшін азаппен бірдей.

Белгіні байқамай қалып, сәл ғана жылдамдықты асырған немесе өзге де ұсақ-түйек бұзушылықтардың бәрін есепке алып, сақтандыру полисінің құнын қымбаттатса, қоғамда айтарлықтай жағымсыз ахуал тудырады. Сондықтан бәлкім, ішімдік ішіп, рульге отырып, ауыр апатқа жол берген жүргізушілерге қатысты қолданса, бір жөн. Әйтпесе, барлық ереже бұзу деректерін жүйе автоматты түрде тіркеп, автомобиль тізгіндеген отандастарымыздың бәрін «қара тізімге» енгізе беруге болмайды деп ойлаймын. Ұсыныс білдіріп отырған орган мұның бәрін екшеп, бір ойға қонымды шешімге келеді деп сенемін.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.