Облыстың тәртіп сақшылары жыл басынан бері есірткіге қатысты 144 құқық бұзушылықты анықтады. Соның нәтижесінде 121 келіден асатын түрлі тыйым салынған заттар құрықталды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаментінің нашақорлық қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарманың басшысы Тимур Қаржаубаев хабарлады.

Тимур Болатұлының айтуынша, осы жылы облыс аумағында полиция қызметкерлері есірткіге қатысты 144 құқық бұзушылықтың жолын кескен. Оның ішінде есірткі сату, оны аса ірі мөлшерде сақтау, насихаттау және заңсыз жарнама фактілері тіркелген.

— Биыл есірткіге қатысты 144 жағдай тіркелді. Осы іске қатысы бар деген 28 азамат ұсталды. Қылмыскерлерді құрықтау барысында 121 келіден асатын түрлі тыйым салынған заттар анықталды. Оның ішінде 9 келіден асатын «гашиш», 102 келі марихуана және 9,7 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Сондай-ақ, сату мақсатынсыз сақтаудың 82 фактісі анықталды, — деді Т.Қаржаубаев.

Одан бөлек, «Кибербақылау» жүйесі арқылы 75 заңсыз контентке қол жеткізу шектелген. Мәселен, «OLX» хабарландыру сайтының қазақстандық провайдерімен бірлесіп 115-тен астам жарияланым жойылған.

— Олардың әрқайсысының аудиториясы бірнеше мыңнан миллионға дейін жеткен. Мұндай ақпараттық өнімдердің қорғалмаған санаттары мен негізгі тұтынушылары — балалар мен жасөспірімдер. Олар агрессивті үгіт-насихат әсеріне оңай түседі. Бүгінде басқа органдармен және құрылымдармен бірлесіп, есірткіге қарсы іс-қимылдың барлық бағыты бойынша күш-жігерді арттыру жалғастырылды. Біз тыйым салынған заттарды қолдану мен таратудың құқықтық салдары мәселелері бойынша алдын ала хабардар етіп отырамыз. Сондай-ақ, мүдделі басқармалармен бірлесіп, мектеп оқушылары, колледждер және жоғары оқу орнының студенттері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, — деді ол.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.