Елімізде экономикалық қылмыс жасап сотталғандарды мерзімінен бұрын босату туралы ұсыныс қызу талқылануда. Кейбір заңгерлер қаржы жымқырғаны үшін қамауда отырғандардың қоғамға қауіп төндірмейтінін айтып, оларды оқшаулаудың қажеті жоқ екенін алға тартуда. Одан да жемқор қылмыскерлер белгіленген уақытынан бұрын бостандыққа шыққан әр күні үшін мемлекетке өтемақы төлеп, елден ұрлаған ақшаны еселеп қайтаруы қажет деген пікір білдіруде. Кейбіреулер керісінше қандай қылмыс болса да оның өтеуі – жаза екенін жарыса айтып, қарсылық танытуда. Сонымен, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Көпшілік арасында түрлі пікірталас тудырған даулы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

Надежда ДАЛАБАЕВА, адвокат (пікірі интернеттен әзірленді):

— Күн сайын сотталған бір адам үшін республикалық бюджеттен 7 500 теңге жұмсалады екен. Сонда Қазақстанда түрмедегі 30 мың тұтқын үшін күніне шамамен 225 млн теңге көлемінде шығын шығатын көрінеді. Мұндай статистикалық мәліметті ресми органдар ұсынып отыр. Қамауда отырған 30 мың сотталушының 2 мыңнан астамын әйелдер құрайды. Көбінің балалары бар. Егер сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатса, мемлекетке тиімді болар еді. Сотталған адамдар жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыруы үшін қалған күндеріне айыппұл арқалайтын болады. Заң бойынша ол төрт күн ішінде 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (3 692 теңге) қаржы төлейді. Осылайша, олардың әрқайсысы орта есеппен мемлекет бюджетіне 700 мың теңгеден жоғары үлес қоса алар еді. Мен ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы бойынша сотталғандарды қорғаймын. Яғни, экономикалық қылмыстар жасағаны үшін түрмеде отырғандарға жазаны жеңілдеткен жөн.

Нұргүл ҚАЙЫРДЕНОВА, «Қала құрылысы кеңесі» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы:

— Менің ойымша, экономикалық қылмыс жасағандардың, яғни жемқорлардың жазасын жеңілдетудің қажеті жоқ. Себебі, олар ай мен күннің аманында халықтың қаражатына қол сұғып отыр. Бұл – қылмыс. Адамгершілігі бар, ар-ұят пен заңды білетін адам қандай қиындыққа тап болса да өз еліне ешқашан мұндай қиянат жасамауы тиіс. Құлқын ойлап құныққандарға кешірім болмағаны жөн. «Ұрлық түбі – қорлық» демекші, елдің ақшасын ұрлағандар заң бойынша жазасын алуы қажет. Өйткені, оларға жеңілдік жасалса, мұны көрген өзгелер қандай өнеге алады? Олар да осылар сияқты жазадан құтыларын біліп, ойына келгенін істемесіне кім кепіл? Сол үшін жемқорларды тайраңдатып, бостандыққа шығарып қойсақ, бұл мәселе болашақта тағы да қайталана беруі бек мүмкін. Сондықтан темірдей тәртіп керек. Белгілі орыс жазушысы әрі ақыны Иван Крылов айтқандай, қылмыстың қандай түрі болса да, ол — қылмыс. Оны оңай кешіре салуға болмайды. Ең дұрысы, экономикалық қылмыскерлер сот шешімімен берілген мерзімдерін толық өтеуі қажет.

Мақсұт ЗАКИРОВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Соңғы жылдары елімізде жемқорлардан қайтарылған қаражатқа заманауи мектептер салынып жатқанын газеттерден оқып, телеарналардан көріп жүрміз. Бұл өте дұрыс шешім болды. Сол сияқты экономикалық қылмыс жасап, түрмеде отырған адамдардың да жазасының жартысын өтемақымен өтеп, одан түскен қаржыны қазақстандықтардың қажеттілігіне жұмсаған жөн деп ойлаймын. Мәселен, елімізде әлеуметтік жағдайы төмен әрі үйсіз-күйсіз жүрген көпбалалы отбасылары бар, соларға жаңа пәтер алып берейік. Сонда балғындарға шексіз бақыт сыйлар едік. Өкінішке қарай, ата-анасы күнкөріс қамымен жұмыста жүргенде, үйде иесіз қалған қаншама бала өрт салдарынан ажал құшты?! Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін бір кездері қалтасын қампитып, рахатын көрген жемқорларды жұмысқа жегіп, тапқан табысының жартысын мұқтаж жандарды жарылқауға жұмсау керек. Сол үшін де өз басым қоғамда талқыланып жатқан экономикалық қылмыскерлердің жазасын айыппұлмен өтеу жайлы ұсынысты қолдаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.