«Оңай олжа болмайды» деп «ойбайлап» жатса да опық жегендер әлі табылуда. Әп-сәтте ақшасын еселеп беремін дегенге сеніп, қолындағы қаржысын құя салатындар саны сирер емес. Мәселен, павлодарлық жас тұрғынның тұзағына түскен 71 азамат 141 млн теңгесінен айырылған. Ол үш айдың ішінде жалғыз өзі осыншама адамды сан соқтырған.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті 1-ші жедел басқармасының басшысы Жоламан Қиналбековтің мәлімдеуінше, алаяқ адамдарға бірнеше аптада ақшасына жоғары пайызбен еселеп беретінін уәде еткен. Ол дүкені барын айтып, KaspiPAY арқылы арам ойын іске асырған. Алғашқы кезеңде адамдарға уәдесінде тұрып, еселеп қайтарған көрінеді. Кейін түскен қаржыға екі қымбат көлік алып, өз мақсаттарына жұмсай бастайды. Ақыры, азаматтарды тақырға отырғызады. Үш ай ішінде инвестициялық пирамида құлап, ісі сотта қаралды. 71 адам жәбірленуші деп танылған. Қылмыстық жолмен сатып алынған екі көлік тәркіленген, алаяқ 6 жыл арқалады. Ең өкініштісі, қаржы салған тұрғындардың шығыны толық өтелген жоқ. Себебі, тәркіленген мүлік құны шығынға жетпейді.
Департаменттің ақпарына сүйенсек, жалпы, соңғы екі жылда төрт пирамида жойылған. Оларға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалған. Мәселен, «А» тұтынушылық кооперативіне қатысты облыста 17 адам зардап шегуші деп танылған. Олар 26 млн теңгесінен айырылған. Өңірдегі менеджерлерінің есепшоттарындағы 50,3 млн теңгесі мен 11,7 млн теңге тұратын автомобиль тәркіленген. Алайда, қаржылық пирамиданың негізгі ұйымдастырушылары Алматы қаласында болғандықтан, қылмыстық іс аталған өңір департаментіне жолданған.
Павлодар облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырушылық-бақылау басқармасының басшысы Арман Ізбастиновтің мәлімдеуінше, «HAS» қаржылық пирамидасына қатысты сот шешімімен ұйымдастырушылар 6-дан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Қылмыстық топ 2022-2023 жылдары Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және басқа да қалаларда арам ойларын іске асырған. 125 салымшы 780,9 млн теңгесінен қағылған. Ұйымдастырушылардан қылмыстық жолмен сатып алынған жалпы құны 160 млн теңге болатын 4 пәтер, 231 млн теңгеге бағаланған 18 қымбат көлік, 3 жер телімі, 103 млн теңгенің тұрмыстық техникасы, 21 млн теңгенің жылжымайтын мүлкі, 270 млн қолма-қол ақша, 80 мың АҚШ доллары тәркіленген. Астана қаласынан тұрақ, есепшоттардағы 18 млн теңге алынған. Енді мұның бәрін сот жәбірленушілерге бөлмек. Бірақ, департамент өкілдері барлық мүлікті сатқанның өзінде сома келтірілген шығынның небары 30 пайызын ғана өтей алады деп болжап отыр. Бұл істе кейбір жәбірленушілер ұйым қайтадан жанданады деген үмітпен арыз жазудан бас тарқан көрінеді. Олар енді жәбірленуші ретінде таныла алмайды. Ал «Takorp» пирамидасының ісінде қылмыстық әрекеттерді ұйымдастырушы мен қатысушыларға сот 1,5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге жаза кесті. Мұнда аса ірі көлемде азамттардың қаржысы тартылғаны анықталған.
Құзырлы орган «Киберқадағалау» жүйесі арқылы 2024 жылдан бері заңға қайшы контенттерді бұғаттап, пирамидаға жетелейтін 2 мыңнан астам сілтемені жойған. Бұдан бөлек, елімізде 2025 жылдан бастап ҚР Қылмыстық кодексіне жаңа 217-1-бап енгізіліп, қаржылық және инвестициялық пирамидаларды жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Жоламан Қиналбеков қаржылық пирамиданың негізгі үш белгісін атап, азаматтарды сақтыққа шақырды. Алдымен, қаржы жинауды мақсат еткен кез келген компанияның лицензиясы болуы керек екенін ескеру қажет. Мұндай лицензияны Ұлттық банк береді. Сондай-ақ, жоғары пайызбен пайда қысқа мерзімде берілетіні әркімді ойлантуы тиіс. Тағы бір ескеретіні, қаржылық пирамида ұйымдастырушыларында не актив, не кеңсе болмайды. Олар орында уақытша жалдап, көзбояушылықпен айналысады. Құрылтайшыларының кім екенін көрсете алмайды. Атауын таңдағанда брендтік, ұлттық ірі компаниялардың атауына ұқсатып алуға тырысады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

