Елімізде биылдан бастап есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастырушыларға жауапкершілік қатаңдатылады. Ал есірткіні жасырын орналастырушыларға берілетін жаза көлемі азайтылады. Мұндай жаңашылдық алдағы наурыз айында қолданысқа енгізілмек.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық полиция департаменті есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма бөлімінің басшысы Ирина Темірғалиева мәлім етті. Оның айтуынша, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжаттағы жаңашылдықтарға сүйенсек, заң бір жағынан, есірткі өнді-руді және өткізуді ұйымдас-тырушыларға жауапкершілікті қатаңдатуды, екінші жағынан, есірткіні жасырын орналасты-рушыларға қолданылатын шараларды керісінше, жұмсартуды қарастырады.
— Есірткіні жасыратындардың жазасы аздап жеңілдеді. Мәселен, ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 1-тармағы бойынша аз көлемде есірткі тасымалдаған қылмыскер 5-8 жыл аралығына сотталады. Бұған дейін жаза мерзімі 5-10 жыл аралығын құрады. Аталған баптың 2-тармағы бойынша ірі мөлшердегі есірткіні жасырғандар 6 жылдан 10 жылға дейінгі өмірін темір торда өткізеді. Бұған дейін оларға 6-12 жыл аралығында жаза қарастырылды. Ал аса ірі мөлшердегі есірткіні тасымалдағандар 10-12 жыл көлемінде жаза арқалайды. Мұндай жеңілдік есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жасалды. Олардың есірткіні дайындамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылардың тұзағына түсетіні ескерілді, — дейді И.Темірғалиева.
Ал есірткі таратқан, есірткі саудасын ұйымдастырған лауазымды тұлғалар, шенеуніктер үшін қылмыстық жаза күшейтілді. Бұрын олардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатын. Биылдан бастап мүлкі тәркілене отырып, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе айыбы ауыр болса, өмір бойына темір торға қамалады.
— Өкінішке қарай, есірткі қылмысына жастар көп барады. Өткен жылы облыс аумағында заңсыз есірткі тасымалымен айналысқан 50 адам ұсталды. Оның ішінде 3 жасөспірім бар. Колледжде оқып жүріп, өмірлеріне балта шапқандар қазір темір торда сот отырысын күтуде. Мұндай қадамға жастар ойланбай барады. Салдарынан болашақ-тарын бұзады. Сондықтан олардың жағдайы ескеріліп, жаза сәл де болса да азайтылды. Былтыр Павлодар облысы аумағынан жалпы көлемі 465 келі есірткі өнімдері тәркіленді. Оның ішінде 16 келісі синтетикалық есірткілерге жатады, — дейді И.Темірғалиева.
Тағы бір ескеретін жайт, Ресейге адыраспан өсімдігін тасымалдағандар да жаза арқа-лайды. Олар әкімшілік немесе қылмыстық жазаға тартылады. Ресей Федерациясында «Гармала», яғни жалпақ тілмен айтқанда «адыраспан» өсімдігі тыйым салынған өсімдіктер қатарына енген. Сондықтан оны сол елге апарғандар айыппұл төлеп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.