Кеденнен кез келген тауардың заңды жолмен өтуін қадағалаудың қазіргі таңда сан түрлі жолы мен жүйесі жұмыс істеп тұр. Сыртқы тауар айналымы дәл осы кедендік бақылау арқылы қадағаланады. Тіпті, валюталық шарттардың да орындалуын салық органдары бақылауда ұстайды.
Биыл тоғыз айда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті кедендік төлемдер мен салықтар есебінен республикалық бюджетке 12 млрд 366 млн теңге түсімді қамтамасыз еткен. Осы аралықта аймағымыз арқылы 2600 млн АҚШ долларының сыртқы сауда айналымы жүзеге асқан. Олардың негізгі үлесі, яғни, 87 пайызы – экспорт, ал 13 пайызы – импорт. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымберді мәлім етті. Экспорттың негізгі тауарлары — металлургия, мұнай-химия және отын-энергетика кешендерінің өнімдері. Соның ішінде 53,8 пайызын метал және олардан жасалған бұйымдар құрап отыр. 40,6 пайызы минералды өнімдерге тиесілі болса, 2,8 пайызы — химия өнеркәсібіне қарасты тауарлар. Ал импортқа келетін болсақ, өңірімізге көбінде шет елдерден түрлі технологиялық жабдықтар, механикалық құрылғылар жеткізіледі. Әр тауарға кедендік декларация ресімделеді. Бұл жұмыс та автоматтандырылған. Нәтижесінде, қазіргі таңда тоғыз айда жасалған 7500-ге жуық декларацияның 57 пайызы автоматты тәртіпте, яғни, лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз шығарылған.
— Биыл біз кеденнен кейінгі бақылауды күшейттік. Бұл — тауар шығарылғаннан кейін жүргізілетін бақылау. Департаментіміз кедендік тексерістер жүргізеді. Кедендік құжаттарды, мәліметтерді жіті қадағалайды. Соның нәтижесінде бюджетке түспей қалған 1 млрд теңге анықталды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл сома 697 млн теңгеге артық. Биыл 900 млн теңге көлемінде кедендік төлемдер мен салық алынды. Бұл сома да былтырғыдан 440 млн теңгеге көп. Жыл басынан бері 56 тексеріс жүргізілді. Кедендік әкімшілендіру бойынша бір тексеріске орта есеппен 18 млн теңге қосымша есептелді, — дейді Руслан Қайыргелдіұлы.
Осы ретте, департамент басшысы нақты қай тұста қателіктер жіберілгенін де атап өтті. Мәселен, кедендік ресімдеуге тауарға дұрыс өтініш бермейді. Салдарынан 200 млн теңге залал келтірілгені анықталды. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауарлық номенклатурасына сәйкес тауарлардың дұрыс жіктелмеуі де орын алған. Мұнда жүргізілген камералдық тексеру барысында қосымша 900 млн теңге өндіріліпті. Тауарларды кедендік тазарту кезінде ҚҚС-ты есепке жатқызу әдісімен, яғни нақты төлемсіз алған тауарларды заңсыз сату деректері де анықталған. Мұнда келтірілген шығын көлемі 220 млн теңгені құраған. Сонымен қатар, кедендік құнды төмендету жағдайлары да тіркелген. Кедендік құнға бақылау департамент сайтында жарияланған бағалық ақпаратты салыстыру, өтініште көрсетілген құнның құрылымын және оны анықтау әдістерінің дұрыстығын тексеру арқылы жүргізілетін көрінеді.
2024 жылдың басында департаментке жаңа функция берілген. Яғни, экспорт немесе импорт бойынша ұлттық және шетелдік валютаның қайта оралуына валюталық бақылау жүргізу құқығына ие болған. Осы бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 130 млн теңгенің айыппұлы салыныпты. Осы орайда, дапертаменттің тарифтік реттеу басқармасының басшысы Гүлмира Қасенова бірқатар мысалдарды келтірді. Мәселен, Өзбекстанға картоп жөнелткен павлодарлық кәсіпкер шартта көрсетілген импорттық түсімнің уақытылы түсуін қамтамасыз етпегені үшін түспеген соманың 20 пайызы көлемінде айыппұл арқалаған. Яғни, ол 17 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген. Яғни, құзырлы орган түсімдерді жасыруға жол бермейді.
Салық органдары Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен жасалған валюталық шарттарды да бақылауда ұстайды. Мұнда да заңға қайшы әрекеттерге жол бермейді. Мысалы, биыл кәсіпкер Еуропадан электрондық жабдық алып, оны Ресейге экспорттапты. Павлодарлық кәсіпкердің Ресейдегі шетелдік әріптесі тауардың құнын төлеуге әзір болған. Бірақ ол жабдық санкция салынған тауарлар санатына жататындықтан, еліміздің банкі төлемді қабылдаудан бас тартқан. Нәтижесінде павлодарлық кәсіпкерге айыппұл салынды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.