Алдағы уақытта елімізде жемқорлық қылмысы бойынша сотталған азаматтардың тізімі арнайы сайтта жарияланады деп жоспарлануда. Сол арқылы қазақстандық жемқорлардың есімін ел-жұрт білетін болады.
Бұл жөнінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші қызмет басшысының орынбасары Жігер Байділдин мәлім етті.
— Қоғамдық бақылауды күшейту үшін жемқорлардың тізімін жариялау сияқты заңнамалық нормалар пысықталып жатыр. Егер лауазымды тұлға немесе шенеунікке қатысты сот үкімі шығатын болса, онда ол уәкілетті органмен реестрге енгізіледі. Бұл ақпарат сайтта жария болады. Кез-келген азамат онлайн түрде сол сайтқа кіріп, қандай лауазымды тұлға қанша жылға, қандай бап бойынша сотталды деген сияқты деректерді көре алады, — дейді Жігер Байділдин. Агенттік өкілдерінің дерегінше, бекітілуі мүмкін ереже ешкімнің заңды құқығын шектемеуі және ҚР Конституциясының талаптарына қайшы болмауы тиіс. Мамандар бұл жүйе жұмыс берушілер үшін тиімді екенін айтады. Себебі, қандай да бір кандидатты қызметке алмас бұрын сол мекеменің басшысы аталмыш сайтқа кіріп, үміткердің жемқорлық жасаған-жасамағанын біле алады. Сондай-ақ, сот үкіміне сай жазасын өтеп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне салынған тыйым уақыты өткеннен кейін реестрде тұрған азаматтардың деректері тізімнен алынып тасталуы мүмкін.
Н.АҚЫТЕГІ.