Жемқорлардың тапқырлығына таң қалмасқа шара жоқ. Құлқынның қамымен неше түрлі қитұрқылықтарға барады. Заңды айналып өтудің айласын әбден меңгерген. Бірақ ақыры тұтылып, бәрібір жазасын алатынын ұмытып кететін сыңайлы. Биыл құрықталған павлодарлық шенділер де өздерін тым «ақылды» санаған еді…

Топ-тобымен құрықталуда

Біз бүгінде өркениетті еліміздің дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтірер қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлықпен күресудеміз. Ол сөзсіз мемлекеттің экономикалық өсуіне және әлеуметтік тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Әртүрлі деңгейдегі бюджеттерге түсетін қаражаттың азаюы, адал бәсекелестердің нарықтан ығыстырылуы және халықтың билік органдарына, әлеуметтік және қаржылық құрылым өкілдеріне деген сенімінің төмендеуі осы індеттің салдарынан туындайды. Сондықтан елімізде жемқорлыққа қарсы күрес жыл өткен сайын күш алып келеді. Бұл — ел Президентінің пәрмені. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресте «бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол берілмеу керектігін баса айтқан болатын.

Аталған пәрмен Павлодар өңірінде табысты орындалуда. Шыны керек, жемқорлыққа келгенде «табысты» деген сөзді қолданудың өзі ұяттау. Десе де, бұл – факт. Алысқа бармай-ақ, өткен тоғыз айдың қорытындысына көз жүгіртіп көрелік. Арнайы органдардың табысты жұмысына куә боласыз. Әдеттегідей, жекелей парақорлар емес, топ-тобымен құныққандардың құрықталғанын байқауға болады.

Биыл орман шаруашылығы саласында жемқорлыққа қатысты үлкен дау туды. Табиғаттың байлығын талан-таражға салып, миллиондаған қаражат жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік резерватының бас директоры мен есепшілері ағаш оруға заңсыз рұқсат беру арқылы заңды белшесінен басып келген. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Қазір іс сотқа жөнелтілді.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Медет Амралиновтың айтуынша, жемқорларды жазалау аздық етеді. Мұндай бассыздық қайталанбауы үшін, сол жемқорлыққа жол беріліп отырған тәуекелдерді жою маңызды.

— Сондықтан еліміздің экология министрлігіне тиісті ұсыныстар жолдадық. Орман қорын түгендеп, оны қорғау жұмысын цифрландыру қажет, — дейді Медет Тұрсынтайұлы.

Жарымжан жандардың ақысын жеген

Бұл жағдайда да бір емес, бірнеше адам құрықталды. Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары жазаға тартылды. Жазатайым емес, қасақана әрекеттері үшін. Олар мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке көмекшілерінің қызметіне төленуі тиіс қаражатты қолды қылған. Әңгіме миллиондар жайлы.

М.Амралиновтың айтуынша, әлеуметтік салаға қатысты басқа да жемқорлық тәуекелдері анықталған. Бұл — облысымыздың әрбір ауданына ортақ заңбұзушылық. Экономикалық мобильділік сертификатын алу үшін тұрғын үйді сату-сатып алу бойынша жалған келісімшарттар жасалған. Жалпы, аталған жаңашылдық былтыр енгізілген болатын. Өзге өңірден қоныс аударуға келіскен азаматтарға экономикалық мобильділік сертификаты беріледі. Бұл құжат арқылы қомақты қаржылай көмекке ие болып, тұрғын үй сатып алуға болады. Дәл осы игі бастаманы біздің бірқатар шенділер «майшелпекке» айналдырып алған сыңайлы.

Нәпсінің жетегіне тек шенеуніктер емес, жекелей азаматтар да ілініп жатады. Мысалы, өзге өңірлерден Павлодар облысына қоныс аударушылар заңсыз табыс табудың амалымен тұрғын үй сатып алу келісімшартына жалған ақпарат ұсынатын көрінеді. Яғни, баспананың негізгі құнын еселеп арттырып көрсетеді. Мысалы, қоныс аударушы құжат бойынша үйді 8 млн. теңгеге сатып алады. Оның 4 млн теңгесі мемлекет тарапынан экономикалық мобильділік сертификаты арқылы өтеледі. Алайда, тексеру нәтижесінде сатып алушы әлі күнге дейін бұрынғы мекенжайы бойынша, өзге облыста тұратыны, жұмыс істейтіні анықталған. Ал сатып алынған үйдің нақты нарықтағы құны 2 млн теңге болып шықты.

Спорт саласына қатысты сын көп

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары Павлодар облысының спорт саласында жемқорлық кең етек жайған. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану бойынша фактілер көптеп кездеседі. Бұл жекелей спорттық клубтарды қаржыландыру, спорттық нысандарды жалға алу кезінде көрініс тапқан. М.Амралинов тексеру барысында анықталған бірнеше жағдайларға тоқталды. Атап айтсақ, жалған оқу жаттығу жиындары өткізіліп, оған қыруар қаражат бөлінген. Спорттық атақтарды беру кезінде де заң бұзушылықтарға жол берілген.

Жемқорлық тәуекелі бар тағы бір бағыт — апаттық үйлердің тұрғындарына уақытша баспана беру. 2021 жылы Павлодар қаласының әкімдігі ескі ғимараттарды қалпына келтіру бойынша кешенді бағдарлама қабылдаған болатын. Апаттық үйде тұрып жатқан тұрғындарды уақытша баспанамен қамту мақсатында қала әкімдігі екі жекеменшік серіктестікпен 16 келісімшарт жасасқан. Оның негізінде бюджеттен 1 млрд теңге көлемінде қаражат төленген. Сондай-ақ, салықтық төлемдері үшін қазынадан қосымша 100 млн теңге шамасында қаражат аударылыпты.

Алайда, салық кодексіне сәйкес апаттық тұрғын үйдің тұрғындары уақытша баспанаға көшірілген жағдайда, сол баспананы жалға берген тұлғалар салықтан босатылады. Ол – бір. Екіншіден, аталған екі серіктестікте де өз иелігінде ресми түрде тіркелген пәтер болмаған. Яғни, олар делдал ғана. Қазір қалалық әкімдік біздің ұсынысымыз бойынша жоғарыда аталған серіктестік иелерінің үстінен сотқа шағым жөнелтті. Салық үшін төленген қаражатты қайтару мәселесі қаралатын болады, — дейді Медет Тұрсынтайұлы.

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Жемқорлықтың пайда болуы — қоғамдағы рухани байлықтың құнсызданып, материалдық құндылықтың алдыңғы сатыға шығуының салдары. Сондықтан біз қоғамымызда жемқорлыққа қарсы күресті – азаматтарымыздың жүрегіне рухани ізгіліктерді, құндылықтарды сіңіруден бастауымыз қажет. Рухани тұрғыдан бай адам жемқорлықтай лас істерден жанын таза ұстайды.

Әрбір азамат сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «жоқ» деп айтуы тиіс. Мұны іске асыру үшін, қоғамдық бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлық фактілерін жедел хабарлау мен бақылау механизмдерін дамыту қажет.

Бұдан бөлек, әрбір отбасында, балабақшада тәрбиеленетін, мектепте білім алатын баланың бойына имандылық пен адамгершілікті, еліне, жеріне, ұлтына деген жанашырлық, патриоттық сезімді тереңінен сіңіруіміз шарт.

Ринат БАЛҒАБАЕВ, документалист, PR-кеңесші:

— Біз неге жемқорлықты ауыздықтай алмай отырмыз? Себебі, бізде оны жеңуге деген шынайы ниет жоқ. Бұл қоғамға сіңісті болып кеткен. Мысалы, белгілі бір шендінің жемқор екенін көре, біле тұра, туыстары онымен мақтанады. Ол төрде отырады. Ал сол шенеунік пара алып, құрықталып жатса да, мақтануымызды қоймаймыз. «Ол негізінде адал еді, оны қасақана құрықтады» деп ақтап аламыз. Шалқып, байып кеткенін, Дубайда бірнеше пәтері бар екенін негізге алмайды. Мұндай түсінікпен жемқорлықты жою өте қиын. Бірінші кезекте ой-санамызды өзгертуіміз керек.

Түйін:

Өкінішке қарай, тізе берсең, жемқорлыққа қатысты үлкенді-кішілі фактілер жетерлік. Бұл індеттен қашан, қалай арыларымыз да белгісіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері қазір жемқорлықтың алдын алуға, қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға баса мән беріліп отырғанын айтуда. Расымен, сыбайлас жемқорлықпен күресу тек мемлекеттік органның құзыреті емес, бұл — қоғамның әрбір мүшесінің жауапкершілігі. Мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларды сақтауымен қатар, азаматтардың да құқықтық мәдениетке бейімділігін арттыру маңызды.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.