Облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Биыл отбасында кикілжің туғызып, жұбайын соққыға жығатын отағасыларға заң қатаңдады. Десе де, заңның жаңа нормалары отбасында жанжал шығаратын ер азаматтарға сабақ болмай отыр. Балаларымен үйден безіп, көше кезген әйелдер әлі де тіркелуде. Қоғамда күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе жөнінде облыстық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Әсем Рахимовамен тілдескен едік.
— Әсем Алпамысқызы, жыл басынан бері дағдарыс орта-лығын қанша әйел паналады?
— Биыл өмірлік қиын жағдайға тап болған 69 әйел дағдарыс орталығына орналастырылды. Оның ішінде 139 бала бар. Біз күн сайын отбасында зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдермен кездесеміз. Олардың әрқайсысына заңгерлік көмек көрсетіледі. Аналар қауымына ҚР тұрмыстық зорлық-зомбылық заңындағы негізгі баптарды түсіндіреміз. Көп әйел құжаттағы нормаларды, өз құқықтарын білмейді. Болашағынан түңілген аналарға жұмыс тауып, балаларын балабақша, мектепке орналастырамыз. Үйінен қашқан әйелдерге психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп, қорғансыз емес екендерін түсіндіреміз.
— Күйеуінен жәбір көрген әйелдердің бірінің жағдайына тоқтала аласыз ба?
— Бір қала тұрғыны жол бойынан арбаға таңылған баланың қасында ес-түссіз жатқан әйелді көрген. Дереу көмекке жүгіріп, полицияға хабар береді. Анықтай келе, әлгі ананың отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырағаны белгілі болды. Бірден дағдарыс орталығына жеткізіп, жағдайымен таныстық. Мамандардың көмегімен өз-өзін қолға алып, жаңа өмір бастады. Екі баласының бірі мектепке, бірі балабақшаға барады. Жолдасынан таяқ жеген әйел мемлекет тарапынан уақытша паналайтын орын берілетінін де, құқығының қорғалатынын да білмеген. Асыраушы күйеуінің қас-қабағына қарап өмір сүрген. Соққыға шыдай берген.
Қазіргі уақытта дағдарыс орталығында 16 әйел мен 28 бала бар. Бұған дейін осы орталықты уақытша паналағандар жұмыс істеп, жеке пәтер жалдауда. Кейбірі күйеуімен қайта табысты.
— Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша заң қатаңдатылды. Бұл жағдай отбасындағы жанжалды азайтуы тиіс қой?
— Әрине. Қазір заң талаптары жан-жақты түсіндірілуде. Көп жағдайда отбасындағы жанжал тұрмыстық жағдай төмен, ішімдікке құмар отбасыларда орын алады. Сонымен қатар, жұмыссыздық мәселесі себеп. Мұндай отбасылар заң нормаларын егжей-тегжейлі білмейді. Себебі, жаңа заң шілде айының ортасында ғана қолданысқа енді.
Құжаттағы жаңа өзгерістерге сүйенсек, бұрын әкімшілік заңбұзушылыққа жатқызылған екі бап енді Қылмыстық кодекспен қаралады. Отбасылық мәселеге қатысты іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкері әлеуметтік желідегі, ақпарат құралдарындағы дәлелге сүйеніп, тергеу жүргізеді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары куәгерлердің көмегімен кінәлі адамды ешбір өтініш жазуды талап етпей жазаға тартады. Денсаулыққа жеңіл не ауыр зардап келтіргендер 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ. Зорлық-зомбылық жасағандарға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынып, тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргендерге шектеу жазасын тағайындауға тыйым салынады.
— Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында заңның жаңа баптарымен жазалан-ғандар бар ма?
— Жыл басынан бері аймақта отбасылық жанжалға байланысты 632 шағым түсті. Оның ішінде 105 іс дәлелденбегендіктен қараусыз қалдырылды. Яғни, әйелдер жалған шағым түсірген. 299 іс бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жоғарыда әкімшілік іске жататын екі бап қылмыстық іспен қаралатынын айттық. Жаңа заң күшіне енгелі бір айдың көлемінде 40 қылмыстық іс тіркелді. Яғни, ер азаматтар әйелдерін ұрып-соққаны үшін жазаға тартылды.
— Күйеуінен таяқ жеп, отбасында қорлық көріп жатқан әйелдер қайда хабарласа алады?
— Жанұядағы кикілжіңнің алдын алуда 102 қызметі, 8 (718)2 37-80-11 нөмірі бойынша кезекші оператор жұмыс істейді. Сонымен қатар, Дағдарыс орталығында 8 (718)2 54-03-03 нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 111 және 150 желілері де күні-түні қызмет көрсетеді.
— Әңгімеңізге рақмет!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.