Биыл Павлодар тас жолдарында жол апаты 6 пайызға, зардап шеккендер саны 8,5 пайызға азайған. Облыстық төтенше жағдайлар депар-таментіне қарасты Апаттар медицинасы орта-лығындағы Жедел әрекет ету бригадасы жыл басынан бері Қалқаман пунктінен 34 рет, Шідерті кентінен 30-ға жуық шақыруға барып, 100-ден астам адамға медициналық көмек көрсеткен.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Апаттар медицинасы орталығы Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Марат Нұрқымбаев қыс басталысымен орталықтың трассалық медициналық-құтқару пункттерінің республика жолдарындағы жол-көлік оқиғаларына шығуы, сондай-ақ, автокөліктің сынуына байланысты жолаушыларды эвакуациялауы жиілей түсетінін айтты.

— Орталықтың бас кеңсесі Павлодар қаласында орналасқан. Сондай-ақ, облыстағы автожол-дардың аса қауіпті учаскеле-рінде – Қалқаман мен Шідертіде екі медициналық құтқару пункті бар. Құтқару бекеттері тек жол апаттарынан ғана емес, сонымен қатар, қыс мезгілінде қар құрсауында қалған жолаушылар үшін жылыту пунктінің қызметін атқарады. Онда жоғары санатты дәрігерлер, фельдшерлер мен құтқарушылар жұмыс істейді. Облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда апат болған жағдайда арнайы жабдықталған көлік оқиға орнына барады. Экипаж мүшелері жол апатына түскен көліктерден адамдарды құтқару үшін арнайы құрал-жабдықтармен қамтылған, — деді М.Нұрқымбаев. Сонымен қатар, облыстық филиалдың басшысы Апаттық медицина орталығының қызмет-керлері төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етіп, жүйелі жұмыс істеуі үшін арнайы дайындықтардан өтетінін жеткізді. Бүгінде олар алғашқы медициналық көмек, травматология, зардап шеккендерді эвакуациялау және төтенше жағдай кезінде жедел медициналық көмек көрсету дағдыларына ие.

— Қазіргі уақытта облыстық филиалда 40-тан астам қызметкер бар. Біздің басты міндетіміз — адам шығынын азайту. Ал жұмысымыздың негізгі мақсаты — медициналық, санитарлық және психологиялық көмек көрсету. Яғни, орталық қызметкерлері төтенше жағдайларда адам құтқарып, дәрігер мамандар медициналық көмек көрсетеді. Сол себепті орталық қызметкер-лерінің кез келген жағдайда өз өмірін қатерге тігіп, шұғыл әрекет жасай білуі шарт, — деді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.