Жол апаты: балаларды қалай қорғаймыз

Қыр 4, 2025

Өкінішке қарай, елімізде жылдан-жылға жол-көлік апатының саны артуда. Мәселен, ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 15 698 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға жоғары. Аймақтағы жағдай да мәз емес. Айтып келмейтін апат салдарынан зардап шегетіндердің арасында балалардың да аз емес екендігі көпшілікті алаңдатуда. Әсіресе, оқу жылы басталған кезеңде мұндай жағдайлар жиілей түсетіні анықталған. Бұған не себеп? Балаларды көлік апатынан қорғаудың қандай жолы бар? Сала мамандары не айтады? Жауап іздеп көрген едік.

Статистика не дейді?

Құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенсек, осы жылдың алғашқы алты айында жол-көлік апаттарының салдарынан
955 қазақстандық қаза тапқан. Ең өкініштісі, 5 мыңнан астам бала түрлі дәрежедегі жарақат алған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 74,3 пайызға көп көрінеді. Жол апатынан мерт болған бала саны да артуда. Мәселен, 2024 жылы — 126 бала, ал 2025 жылдың соңғы жеті айында 176 бала өлім құшқан. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлім етті.

— Балалардың жол апатынан қаза табуы — орны толмас қайғы. Біз балалардың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгенше аянбауымыз керек. Олардың өмірі бәрінен де қымбат. Зардап шеккен жеткіншектердің жартысынан көбі — жолаушы ретінде келе жатып қайғылы жағдайға тап болғандар. Қалғандары — жаяу жүргіншілер, соның ішінде велосипедші, самокатшы және мопед жүргізгендер де бар, — деді ол.

Ал Павлодар облыстық полиция департаменті ұсынған ақпарат бойынша, биыл жыл басынан бері өңірімізде 173 жол-көлік апаты тіркелген. Соның салдарынан 220 бала зардап шегіп, 3 бала қыршынынан қиылған.

Кім кінәлі?

Комитет басшысы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, жеткіншектердің жол апатынан қаза болуына көп жағдайда көлікте отырған кезде балаға арналған қауіпсіздік құрылғылары мен белдіктерді қолданбауы басты себеп көрінеді. Ал жарақат алуына жол ережелерін сақтамау түрткі болуда.

— Жол апатында көбіне жаяу жүргінші — балалардың өздері кінәлі болып жатады. Жалпы, балалардың кез келген жерден немесе бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету жағдайлары жиі тіркеледі. Тіпті, кейбір жеткіншектер жолдан өтерде жан-жағына қарап алу керектігін ескермейді. Себебі, кейде бұрылыстан көлік шығып қалуы мүмкін. Ал қараңғы мезгілде, әсіресе, ымырт түскенде жүргізушілер жаяу жүргіншілерді байқамай қалуы да ықтимал. Өйткені, олар киімдеріне жарық шағылыстыратын элементтерді қолданбайды. Сондықтан балаларға өте сақ болуды және көлік жүргізушісінің жол бергеніне көз жеткізгеннен кейін ғана алға қарай қадам басуы қажет екенін үнемі түсіндіріп отыруымыз керек, — деп атап өтті ол. Павлодарлық полицейлер де облысымызда орын алған оқиғалардың көбі балалардың жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуінен болатынын айтады.

Құқық қорғау органдарының зерттеуінше, жол-көлік апатына себеп болатындардың көшін жеңіл автокөлік жүргізушілері бастап тұр. Яғни, 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында осындай 12 046 жағдай орын алған. Ары қарай екінші орында автобус жүргізушілері – 520, мопед жүргізушілері – 438, жүк көліктері – 390, жаяу жүргіншілер – 428, велосипедші-
лер – 114, электросамокат жүргізушілері – 48, шағын электр көліктері 58 оқиғаға себепші болған. Ал қала аумағынан тыс жерлерде болатын жол апатыныың басым бөлігі республикалық маңызы бар тас жолдарда тіркелген екен. Апат салдарынан ажал құшқандардың үштен бір бөлігі осындай жерлерде орын алатыны анықталған. Оған себеп — жылдамдықты шеттен тыс асыру, қарама-қарсы бағытқа шығып кету, шұрық-тесік сапасыз жол және басқа да жағдайлар, дейді мамандар.

Қандай жұмыстар жүргізілуде?

Жаңа оқу жылы басталғалы ата-аналардан маза қашты. Себебі, соңғы уақытта көлік саны тым көбейіп кеткендіктен, бала қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда елдегі көлік саны 5,5 миллионға жеткен. Бұған қарап, тұрғындар тұрмысы жақсарды ма деп қуанғанымызбен, қорқынышты тұстары да баршылық. Сондықтан қандай жағдай болса да, қауіптің алдын алған жөн. Бұл ретте, өңірімізде де бірқатар жұмыстар қолға алынуда екен.

— Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Осы мақсатта оқу жылы басталар алдында полиция қызметкерлері балабақшалар мен білім беру мекемелері ғимараттарының алдындағы жол инфрақұрылымын толық зерттеуге кірісті. Яғни, жол белгілері мен жолақ сызықтардың болуын қадағалауда. Сонымен қатар, біздің қызметкерлер ювеналды полииция тобымен бірлесіп, «Үй-мектеп-үй» қауіпсіз қозғалыс бағыты, «Қауіпсіз маршруттар» сынды іс-шаралар ұйымдастырып, әр мектеппен жеке жұмыс жүргізуде. Ата-аналарға арналған дәрістер де өткізілетін болады. Мұндағы ең басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға жол ережелерін түсіндіру, — дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Азамат Күркебаев. Сондай-ақ, облыстық полиция департаментінің өкілдері жол-көлік апатының алдын алу үшін тұрғындарға арналып LED экрандарда, кинотеатрларда және теледидарда бейнероликтер көрсетілетінін, балалар үшін сабақтар, дәрістер, акциялар өткізілетінін, таңертең және кешкі уақыттарда мектептердің маңына патрульдік жасақтар қойылатынын атап өтті.

Жол-көлік апатын азайту мақсатында республика деңгейінде де бірқатар шаралар қарастырылуда. Атап айтар болсақ, қалалық жерлерде апатқа жиі себеп болатын самокаттар мен скутер тізгіндегендердің дөрекі әрекеті үшін кикшеринг компанияларға деген жауапкершілік күшейтілмек.

— Бүгінгі таңда негізгі мәселе — тротуарларда самокаттармен жүру, жылдамдық режимін сақтамау болып тұр. Сондай-ақ, кикшеринг компаниялардың басшылары бір кездері скутер тротуарларда 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүреді деп ант берген. Алайда, бұл уәде орындалмай отыр. Сондықтан осы компаниялардың басшыларына қатысты заң аясында шаралар қабылданады, — дейді ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев. Бұдан бөлек, министрлік елді мекен ішінде де көлікпен жүру жылдамдығын азайтуды жоспарлауда. Себебі, соңғы кездері ауылдық жерлерде болатын апат саны артып отыр. Қазіргі таңда аталған мәселеге қатысты ұсыныстар талқылануда.

Не істеу керек?

Павлодарлық полиция майоры Азамат Күркебаев балалардың амандығына алдымен ата-ана жауапты екенін алға тартады.

— Күн сайын әр ата-ана баласына небары 5 минут уақытын бөліп, жолдан қалай өту керектігін, қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруы тиіс. Күнде үйіндегі үлкендерден пайдалы ақыл-кеңес алған жеткіншектер мұны есінде сақтап қалады. Бір-екі рет қана айтып, қоя салуға болмайды. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта кейбір ата-аналар баласына көңіл бөлмейді, әңгімелеспейді. Бұл дұрыс емес. Сондай-ақ, жол ережесін сақтамағандар заң алдында жауап беретінін ескергені жөн, — дейді ол. Ал Павлодар қаласының тұрғыны, такси жүргізушісі Ерлан Ахметов апаттың орын алуына жол бергендерге заңды қатаңдату қажеттігін айтады.

— Ұзақ жыл бойы такси жүргізіп келемін. Байқағаным, қазір көлік тізгінін дұрыс ұстай алмайтындар көбейді. Тәжірибем мол болса да, көшеде қорқып жүретін жағдайға жеттім. Әсіресе, қалалық жерлерде жаңадан жүргізуші куәлігін алған қыз-келіншектер мен боз балалар көбейіп кетті. Оларға автомектептер қандай білім бергенін білмеймін, көбі жолда жүру ережелерін сақтамайтынын байқадым. Сондықтан алдымен автомектептерге талапты күшейту керек. Ереже бұзғандарға деген заңды қатаңдату қажет. Қазір жылдамдық асырғандар айыппұл төлейді де, кете береді. Бұл дұрыс емес. Әрбір жүргізуші теріс әрекеті үшін қатаң жазалануы тиіс. Сонда ғана тәртіп болады, ал тәртіп бар жерде ешкімнің өміріне қауіп төнбейді. Біз де балаларымыз үшін алаңдамас едік. Мәселен, бастауыш сынып оқушысы білместікпен жолды кесіп өтті делік, ал алдында келе жатқан көлік жүргізушісі оны қағып кетпей, бірден тоқтауына болушы еді ғой. Демек, көп нәрсе көлік жүргізушісіне тікелей қатысты. Жай тұрған көлікке ешкім өзі барып соғылып, соқтықпайды, — дейді такси жүргізуші.

Ал ҚР Ішкі істер министрлігі балаларды қорғау үшін жолда жүру ережесін мектептерге жеке міндетті пән етіп енгізуді ұсынуда.

— Жолда балалар апатқа жиі ұшырайды. Кәмелетке толмағандарды жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларына үйретуге бағытталған пәндерді оқытудың қазақстандық тәжірибесін басқа елдермен салыстырып көрдік. Нәтижесінде, Қазақстан мектептерінде жол ережелерін оқытуға бөлінген сағаттардың саны аз екен. Сол үшін министрлік мектеп бағдарламаларында жол ережелері бойынша сабақтарды жеке міндетті пән ретінде енгізуді ұсынып отыр. Өйткені, мұның артында балалардың өмірі тұр, — деді комитет басшысы Қайсар Сұлтанбаев. Ол сондай-ақ, осындай сабақтар арқылы жол жүру ережесін үйретумен қатар, балалардың бойында заңға бағынатын мінез-құлық нормаларын қалыптастыруға болатынын айтады.

Әзірге жол-көлік апатын азайту мүмкін болмай тұр. Жыл сайын мыңдаған тұрғын зардап шегіп, жүздеген адам өлім құшуда. Өкініштісі, бейкүнә балалар да апаттың басты құрбанына айналуда. Бұл жағдай қазақстандықтарды қатты алаңдатып отыр. Қазіргі таңда апаттың алдын алу жолдары қарастырылып, түрлі ұсыныстар айтылуда. Ал оның қашан оң нәтиже беретіні — уақыт еншісінде!

Нұржайна ШОДЫР.