Жол апаты — жауапсыздықтан

Қаң 20, 2026

«Көлік апаты — көптеген ел үшін өте өзекті мәселе. Басты себептің бірі – автокөліктің көбеюі. Еліміздегі автокөлік саны былтырдың өзінде 300 мыңға, ал соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейді. Оның үстіне, шамамен 3 миллион транзиттік автокөлік еліміздің аумағы арқылы өтеді. Автокөлік көбейген сайын, жол үстінде апат болу ықтималдығы арта түседі…»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жол-көлік оқиғасы мәселесін сөз етті. Президент адам өліміне себеп болатын жол апатының алдын алу мақсатында  ҚР Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықты анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын жандандыра түскенін атап өтті. Айыппұлды өсіру туралы шешім де ең алдымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданғанын ашық айтты.

 Статистика сөйлесін

«Соның нәтижесінде ахуал жақсарып келеді, көлік апаттарынан болған адам өлімі 9,4 пайызға азайды. Алайда, қоғам жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, қолға алынған шаралардың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді. Түптеп келгенде, жүргізушілер қарапайым, бірақ өте маңызды талаптарды сақтамағандықтан, жан түршігерлік апаттар болып жатады. Бұл жағдай көлік жүргізушілерінің жол ережесін білмеуінің немесе оны біле тұра елемеуінің кесірінен орын алады. Дәл осындай жауапсыз жүргізушілер адам өліміне әкеп соқтыратын апаттарға себепкер болады», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Аймағымызда жол апатына қатысты статистика жаға ұстатады. Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполков-нигі Айбек Рақышевтің айтуынша, 2024 жылы аймағымызда жалпы саны 1179 жол-көлік оқиғасы тір-келгенін айтады. Салдарынан 1631 адам түрлі дене жарақатын алған. Өкініштісі, жол апатына ұшыраған 81 адам қаза болған. Оның ішінде 6 бала бар. Ал өткен жылы облыс аумағында жалпы саны 1151 жол апаты орын алған. Түрлі деңгейдегі дене жарақатын алғандардың саны – 1663. Тағы да 81 адам көз жұмған. Оның ішінде 5 бала бар.

— Жол апатының тіркелуіне жыл-дамдықты шамадан тыс арттыру бірінші себеп болып отыр. Жүргізушілердің ішінде мас күйде, есірткі қабылдап көлік тізгіндейтіндер бар. Жол ережесін сақтамайды. Жол-көлік оқиғасын болдырмауда жедел рейд шаралары өткізіліп, көлік иелері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Облыс аумағында 420 аппараттық-бағдарлама кешені орнатылған. «Мерген» камералары құқықбұзушылықты әп-сәтте видео-фотоға түсіруге қауқарлы. Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалалары бойынша 185 желілік учаске, 123 көше қиылысы, республикалық және облыстық маңыздағы автожолдардың аса қауіпті 20 учаскесі қамтылды. Облыс әкімдігімен бірге «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында Павлодар қаласының қоғамдық орындарында 3 мыңға жуық жалпы бейнебақылау камералары орнатылды. Барлық бейнекамералар мен аппараттық-бағдарлама кешені Павлодар облысының жедел басқару орталығына, облыс әкімдігінің ахуалдық-талдау орталығына жалғанған. Сондай-ақ осы бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы бейне-аналитика платформасы жұмыс істейді. Ол іздеуде жүрген азаматтарды анықтап, адамдар көп жиналатын орындардағы тәртіпті, қоқысты көшеге лақтырғандарды, ұрланған көлікті тез анықтайды. Камерадағы бейнелерді жедел басқару орталығы нақты уақытты көре алады және бейнежазбалар 30 күн сақталады. «Қауіпсіз қала» жобасының нәтижесінде облыстағы жол-көлік апаттары 20 пайызға, қылмыстық істер 19 пайызға азайып, қылмыстарды ашу 82,8-ден 90 пайызға дейін артады деп күтіліп отыр, — дейді А.Рақышев.

Емтиханда жылдамдық ескерілмеген

Өзекті мәселеде құқық қорғау саласының ардагері Бибол Жұмановтың да пікірін білген едік. Ол жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жол ережсін сақтауда заң талаптарына бағыну керектігін айтады.

— Өкінішке қарай, қазір жыл-дамдықты шамадан тыс асырып жүргізетіндер көбейіп барады. Бұл жағдайдың алдын алу керек. Қазір жүргізуші куәлігін алу кезінде теория және тәжірибелік сынақ тапсырылады. Емтихан кезінде жол белгілері сұралады. Ал жол бөліктерінде қандай жылдамдықпен жүру керектігі сұралмайды. Салдарынан жүргізуші куәлігін қолға алғандардың бәрі мектеп, балабақша, республикалық жолда қандай жылдамдықпен жүру керектігін білмейді. Өйткені, сабақ түрінде түсіндірілмейді. Сондықтан 20, 40 және 60 шақырыммен жүрілетін орындар нақты көрсетілсе дұрыс.

Қазір мас күйде көлік тізгіндегендерге заң қатаң. Олар 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Бұл –
жол апатын азайту үшін қабылданған дұрыс шешім. Мұның өзі жүргізушілерге сабақ болмай отырғаны алаңдатады. Себебі, жүргізуші куәлігінен айырылып қалғандар бұл заңсыздыққа екінші рет баруда. Мас күйдегі жүргізуші жол апатының орын алуына себеп болса, қылмыстық іс қозғалып, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырған жөн деп санаймын.

Жаяу жүргіншілер арасында жол полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын күшейткені абзал. Өкінішке қарай, жүргіншілер жолағынан өткен адамдар жан-жағына қарамай, жолдың арғы бетіне жүгіріп өтеді. Ол да дұрыс емес. Егер жүргізуші тежегішті басып үлгермесе, қағып кетуі ықтимал. Қазіргі мектеп оқушыларына ұстаздар қауымы осы ережені құлақтарына сіңіруі тиіс.

Ломов көшесіндегі Торайғыров университетінің аумағынан трамвай, қоғамдық көлік, басқа көлік түрлері де ары-бері көп жүреді. 2013 жылы сабаққа асығатын студенттердің қауіпсіздігі үшін полицейлер кино кейіпкерлерінің костюмін киіп, жолдың арғы бетіне өту ережесін үйреткеніміз әлі есімде. Сол жұмыс жақсы нәтиже берген еді. Міне, жаяу жүргіншілер ара-сында осындай түсіндіру жұмыстарын көп өткізу керек, — дейді Бибол Кеңесұлы.

Заң бәріне ортақ

2020 жылы көлікті мас күйде тізгіндегендерге жаза қатаңдағанын білеміз. Мұндай жүргізушілер 15 тәу-лікке қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару куәлігінен айырылады. Аймағымызда дәл осындай жазаны арқалаған жүргізушілер заңсыздыққа екінші мәрте барған. Өткен жылы көлік жүргізу құқығынан айырылған 100-ден астам жүргізуші тағы да көлікті мас күйде басқарған. Енді олар өмір бойы көлік руліне отыра алмайды.

Талай жыл әкімшілік полицияда басшылық қызметте болған, құқық қорғау саласының ардагері Болат Тасқариннің де пікірін білген болатынбыз. Ол жүргізуші мәдениетін қалыптастыруда құқық қорғау қызметкерлеріне шетелдегідей жағдай жасалу керектігін айтады. Сондай-ақ, қарапайым адам мен шенеунікке де, бастыққа да заң ортақ болуы тиіс екенін атап өтті.

— Елімізде заң бәріне ортақ болуы керек. Жол ережесін бұзғандардың ішінде тамыр-танысын ортаға салып, жазадан сытылып кететіндер болады. Бірінші кезекте осы мәселеге мән беруіміз керек. Шетелде автотұраққа көлігін дұрыс қоймаған көліктерді полиция қызметкерлері жүргізушінің рұқсатынсыз эвакуаторға салып алып кетеді. Ал мотоциклды қатты айдайтындарды ұстау үшін құқық қорғау қызметкерлеріне қызметтік мотоцикл беріледі. Осындай өзгеріс еліміздегі құқық қорғау саласына енгізілсе, тәртіпке бағынбайтын талай жүргізуші жазаланатын еді. Мұндай жазаны көргендер көлігін қалаған орынға қалай болса солай қоя салмайтын болады. Талап күшейгенде ғана жүргізуші мәдениеті қалыптасады, — дейді Б.Тасқарин.

Жол апатының алдын алуда жаза қатаңдап, айыппұл көлемі жыл сайын артуда. Бастысы, ережеге бағыну. Тәртіпті сақтаған жағдайда ғана жол апаты орын алмай, ешкім айыппұл, жаза да арқаламайды. Жолда жүру мәдениетін қалыптастыру өзімізге байланысты.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.