Жол – қателікті кешірмейді

Шіл 17, 2025

Павлодар облысының аумағында жыл басынан бері 501 жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 26 адам қаза тапқан және 693 адам түрлі деңгейде жарақат алыпты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілі Арман Қаптаев айтты.

— Жаяу жүргіншілердің себебімен 169 жол апаты тіркелді, онда 188 адам жараланып, 6 адам қайтыс болды. Апаттарға көбінде адами факторлар әсер етеді. Яғни, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің түрлі дөрекі әрекеттері, жол ережелерін саналы түрде бұзу секілді мәселелер жиі кездеседі.  Сонымен қоса, жолдағы оқыс оқиғалардың көбі жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы бағыттарға шығу секілді өрескел қателіктер салдарынан орын алуда.  Одан бөлек, жаяу жүргіншілердің өткелінде жүру ережелерін бұзу, басқа жүргізушілерге қарсы дөрекілік көрсету секілді түрлі адами факторлар да осындай оқыс оқиғалардың тууына себеп болған, — деді А.Қаптаев.

Жергілікті полиция өкілінің сөзінше, жүргізілген анализ бен мониторнинг нәтижесінде жыл басынан бері облыс бойынша 107 мыңға жуық жол жүру ережесін бұзу фактсі анықталған. Оның ішінде жылдамдықты асыру жағдайы 59 мыңнан асады. Ал қауіпсіздік белдіктерін тақпай көлік тізгініне отырған 5562 жүргізуші жауапқа тартылды. Жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 1698 жүргізуші, жол үстінде ұялы телефон қолданған 1508 жүргізуші, бағдаршамның қызыл түсінен өткен 1280 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Жылдамдық асырған жүргізушілердің көбі «Кибер-Шериф» мобильді аппараттық-бағдарламалық кешеніне және «Ekin Patrol» аппараттық-бағдарламалық кешенінің камерасына ілінеді.

Ағымдағы жылдың басынан бері тиым салынған аумақпен жолға шығып, жолаушыларға қауіп төндірген бес мыңнан астам мал айып тұрағына қамалған. Осылайша өз малдарына ие бола алмаған адамдарға  қатысты 305 әкімшілік материалдар толтырылды. Облыс аумағында «Қорғау» бағдарламасы іске қосылды, ол «Оракул-С» жүйесінің 12 аппараттық-бағдарламалық кешенінде жұмыс істейді.

— Біз жүргізушілерді жол жүру ережелерін барынша сақтауға, әсіресе жылдамдық режимін асырмауға, қашықтықты қатаң сақтауға, сондай-ақ жол белгілерін назарда ұстауға шақырамыз. Сонымен қатар, балалар көп жүретін оқу орындарының, жаяу адам өткелдерінің және қоғамдық көлік аялдамаларының тұсында барынша мұқият болу қажет. Сол секілді жаяу жүргіншілер де өздеріне сақтықпен қарап, абайлап жүрген дұрыс. Әсіресе, жолақты өткелдерге келгенде алдымен жан-жағына қарап, көліктердің тоқтағанына көз жеткізіп барып жүрген дұрыс, — деді Арман Нұрмакаматұлы.

Тілеуберді САХАБА.