Биыл облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша 5 адам қаза болған. Отбасылық жанжал кезінде ауыр дене жарақатынан ажал құшқандардың ішінде ер азаматтар да бар.
Бұл туралы Өңірлік коммуникация- лар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаев мәлім етті. Оның сөзіне сүйенсек, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшейтілгелі бері отбасындағы қылмыс саны артқан.
— Шілде айында әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған заң күшіне енді. Бұл ретте Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексіндегі 73-2,73-3 баптар Қылмыстық Кодекстің 108 және 109 баптарына ауыстырылды. Яғни, адамға жеңіл және ауыр дене жарақатын келтіргендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал жанжал кезінде балағаттап, сөзбен қорлағандар әкімшілік жаза арқалайды. Заң күшіне енгелі облыста 1395 құқықбұзушы жауапкершілікке тартылды. Әйелдерге қатысты 62 қылмыс тіркелді. 4019 қорғау парағы шығарылып, оны бұзған 263 адам жазаға тартылды. Көп жағдайда шаңырақтағы кикілжің ішімдік, жұмыссыздық салдарынан туындайды, — дейді А.Күркебаев.
Азамат Маратжанұлы отбасында жәбір көрген адамдарға жедел басқару орталығының мамандары 7 минут ішінде жететінін айтады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде айқай- шуды естіген көршілер немесе бөгде адамдар полицейлерге қоңырау соға алады. Яғни, мамандар көмекке ерлі-зайыптылардың шағымынсыз-ақ келеді. Үйдегі үрейді болдырмас үшін әр тұрғын үйдегі адамдар, пәтер кооператив өкілдері және полицейлер WhatsApp мессенджерлерінде топтар құрған. Мұндай профилактикалық жұмыстың нәтижесінде шақырту саны 30 пайызға кеміген. Оның ішінде бір мекенжайға екінші мәрте шақыру көрсеткіші 70 пайызға азайған.
— Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде қылмыстың көбеюіне заң талаптарының күшеюі себеп. Бұған дейін әкімшілік іске жатқызылған фактілер қылмыстық іс бойынша қаралуда. Қазіргі уақытта Дағдарыс орталығында 45 әйел мен бала орналастырылған. Өкінішке қарай, ішімдік салдарынан отбасының шырқын бұзатындарды орналастыратын айықтырғыш орындарының саны аз болып тұр. Жұма-жексенбі аралығында ащы суға тойып алатындардың саны көбейеді.
24 адамға шақталған айықтырғыш орнына қоғамдық орындарда ішімдік ішкендер де жатқызылады. Сол себепті мұндай жердегі орын санын 55-ке арттыру жоспарлануда, — дейді А.Күркебаев.
Азамат Мақсатжанұлы отбасылық зорлық-зомбылық мәселесінде жәбір көретін ер азаматтар да барын жасырмады. Полицейлер күніне 20-30 адамнан шақырту қабылдайды екен. Оның ішінде 2-3 қоңырау ер адамдардан түседі.
Аймақта «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтуде. 25 қараша күні басталған маңызды шара 10 желтоқсанға дейін жалғасады.
Отбасындағы жанжал мен берекесіздіктің алдын алуға бағытталған акция 25 қараша күні Павлодар қаласы Ломов көшесі, 38-үй мекенжайында орналасқан Жастар бастамаларын дамыту орталығында бастау алды. Ауқымды шара аясында азаматтарды бірыңғай қабылдау күні, жас отбасыларға арналған репродуктивті мәселелер бойынша семинарлар, оқушылар арасында шығармашылық байқаулар, дәрістер мен диалог алаңдары өткізіледі. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған отбасылардың үйіне рейд ұйымдастырылып, аналар және әкелер кеңесінің мүшелерімен түрлі шара өткізу жоспарлануда.
Акция бойынша қажетті ақпаратты 8 (718 2) 32-40-77 және 8-747-426-62-39 нөмірлері арқылы алуға болады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.