Ағымдағы жылдың төрт айында Павлодар облысының полиция департаментіне азаматтардың хабар-ошарсыз кеткені туралы 118 өтініш келіп түсті. Оның ішінде жедел уәкілдердің күшімен 115 азаматтың орналасқан жері анықталды.
Павлодар облысы полиция департаменті Криминалдық полиция бастығының орынбасары Аршат Жәмиевтің айтуынша, жоғалған азаматтардың мекенжайын анықтау және іздеудің басты факторы — полицияға уақытылы жүгіну. Сондай-ақ, жоғалған уақыт, орын, адамның жоғалып кетуіне дейінгі себептер туралы полиция қызметкерлерінен ештеңе жасырмай, толық ақпарат беру қажет. Өйткені, мұндай жағдайларда кез келген ұсақ-түйек маңызды рөл атқарады.
— Адамдардың белгісіз жоғалуының себептері көп. Соның бірі — ішімдікке тәуелділік. Сонымен қатар, отбасындағы шиеленісті қарым-қатынастар, балалары мен ата-аналарының араздығы түрткі болуы мүмкін. Кейде адамдар өз жоспарлары туралы ешкімді хабардар етпей, жоғалып кетіп жатады. Мәселен, осы жылы 25 сәуірінде облыстық полиция департаментіне қызының үйден кетіп, туыстарымен байланысқа шықпағаны туралы анасының хабарламасы келіп түсті. Сол күні жедел уәкілдер жоғалған адамның орналасқан жерін анықтауға бағытталған қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін ұйымдастырды. Осылайша, ағымдағы жылдың 11 мамырында қабылданған шаралармен Жаңаауыл кентіндегі шаруа қожалықтарының бірінде 36 жастағы қыз анықталды. Полиция оның көрші ауылға кетіп, жұмысқа орналасқанын анықтады. Ол туыстарымен байланысқа шықпаған. Өйткені, ол ата-анасынан бөлек тұрғысы келген. Сондай-ақ, облыс тұрғындарын туған-туыстарына қайда екенін де хабарлауын сұраймыз. Кету кезінде әрқашан жақындарыңызға ескерту жасаңыз. Егер сіздің бір жерде болуыңыз ұзаққа созылса, отбасыңызға қоңырау шалыңыз және кешігетініңізді ескертіңіз, — деді А.Жәмиев.
Айта кетейік, биыл із-түссіз жоғалған 31 азамат іздестіріліп,
17 тұрғынның жүрген жері анықталды. Полицейлер азамат-тардың хабар-ошарсыз жоғалып кетуінің әрбір фактісі бойынша оларды іздестіру іс-шараларына полиция қызметкерлерінің, төтенше жағдай департаментінің және еріктілердің жасағы жұмыл-дырылатынын еске салады. Полицияға неғұрлым тезірек барсаңыз, жоғалған адамды табу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болатынын есте ұстаған жөн.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.