Аймағымызда жол жүру ережесін бұзған автобус жүргізушілері көп. Жыл басынан бері облыстық полиция департаментінің мамандары 119 автобус жүргізушісін жауапқа тартқан.

Оның ішінде 11 жүргізуші көлікті заңсыз жабдықтаған, 4 жүргізушіде міндетті сақтандыру болмаған. 16 автобус техникалық байқаудан өткізілмесе, 31 жүргізуші көлік рулінде отырып, ұялы телефонмен тілдескен. 49 жүргізуші жол ережесін сақтамаса, тағы 3 жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс асырған. Нәтижесінде 5 автобус арнайы тұраққа жеткізілген.

Мәселен, Ломов көшесімен келе жатқан автобус жүргізушісі оңға бұрылу кезінде арнайы жарықты қоспаған. Торайғыров көшесімен қатынаған екі жүргізуші ұялы телефонмен сөйлескендері үшін жазаланды. Ал Катаев көшесінде автобус жүргізушісі іштегі орындықтарды ауыстырғаны үшін жауапқа тартылды.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Руфат Кенжиннің айтуынша, барлық автобус иелері әкімшілік жазаға тартылған. Аймақта жолаушылар мен жүк тасымалдаумен айналысатын автобус жүргізушілері арасында жолда жүру ережесін сақтау бойынша тексеру шарасы жиі ұйымдастырылады. Жуырда республикалық «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы өткізілген.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.