Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза күшейтілді. Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер осы айдан бастап заңды күшіне енді. Оған сай бұдан былай отбасындағы кикілжіңге байланысты шақыртылған полицейлер әйелін немесе баласын ұрған азаматтарды арыз шағымсыз-ақ жазаға тарта алады. Заңнамадағы өзгерістер жайлы Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровпен әңгімелестік.
— Жаңа түзетулерге сәйкес полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырылды. Осы жөнінде толығырақ тарқата кетсеңіз…
— Иә, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап полиция өтініш берушіден тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшті. Өйткені көп жағдайда полицейлер шақыртуға барған кезде отбасы мүшелері татуласып, жәбірленуші арыз жазудан бас тартып жатады. Ал тәртіп сақшылары кеткен бойда жанжал қайта жанданып, жағдай тіпті ушығып кеткен фактілер көп. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73, 73-1, 73-2-баптары бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар қозғауға мүмкіндік береді. Енді тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау дерегі бойынша хаттама толтыруға куәлардың айғақтары, бейне бақылау камералар мен бейне тіркегіш жазбалары жеткілікті болады. Сондықтан полицейлер енді шақыртуға барған жағдайға өздері құқықтық баға беріп, агрессорды бөлімшеге алып кете алады. Жазаны сот тағайындайды.
— Тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі бар ма?
— Иә, сотта құқық бузушының жәбірленушімен татуласуға мүмкіндігі бар. Бірақ соңғы өзгертулер бойынша тек бір рет қана татуласа алады. Яғни, отбасылық жанжал жасаған дебошир бірінші рет жәбірленушімен татуласса, бұл әрекеттері келесі қайталанғанда сот оларды татуластыруға енді заң бойынша құқығы жоқ. Бұл психологиялық қысымнан туындайтын зардап шеккендерге қатысты қатал әрекеттерді тоқатуға мүмкіндік береді.
— Құқық бұзушылар қанша мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін?
— Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анықталды. Мәселен, Қылмыстық кодекстің ауыр және ауырлығы орташа денсаулыққа зиян келтірумен байланысты жекелеген баптарына: «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» деген біліктілік белгісі енгізілді. Бұл қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сондай-ақ, жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді. Атап айтсақ, ҚР Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлімінің санкциясы үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айырса, ҚР Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлімінің санкциясы алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
— Ақпаратыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан — А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.