Павлодар облысының аумағында 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген көлік құралдарын заңдастыру науқаны жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейік, заңдастыру осы жылдың соңына дейін жалғасады.
Павлодар облысы ПД процессинг орталығының бастығы Бауыржан Мақашев бүгінгі таңда облыста 9668 автомобиль тіркеуден өткенін, сондай-ақ, 1000-нан астам автомобиль агрегаттарды салыстыру үшін тексеруден өтіп жатқанын жеткізді.
— Тіркеуден өткен он мыңға жуық автомобиль иелері мемлекеттік нөмірлерді алды. Ал тексеруден өтіп жатқан көлік иелері Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлерін тіркеу және алу үшін ХҚКО-ға жүгінуі қажет. Бұдан басқа, қосалқы бөлшектер (автоконструкторлар) түрінде әкелінген 366 автомобиль тіркелді, 646 автомобиль уақытша есепке алынды. Шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады және әртүрлі себептермен көлікті заңдастыруға рұқсат алмаған азаматтар ПД әкімшілік полиция басқармасына (Павлодар қ., Торговая к-сі, 2) жүгіне алады. Полиция қызметкерлері өз өкілеттіктері шегінде азаматтарға автокөліктерді заңдастыру үшін жан-жақты көмек көрсетеді, — деді Бауыржан Мақашев.
А.МҰҚЫШЕВ.