Еліміздегі прокурорлық қадағалау қоғам өмірінің барлық саласын қамтып, заң үстемдігін қамтамасыз етеді. Азаматтардың, бизнес өкілдерінің, мемлекеттің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қадағалайтын органның әділетті қоғам құруда орны ерекше. Бұл ретте аталмыш бағытта 20 жылға жуық еңбек етіп жүрген білікті маман Нұрлан Құдасовтың да қызметін атап өтуге болады.
Нұрлан Қабдылбақытұлы – Ертіс ауданының тумасы. 1981 жылы Ертіс ауданы қала мәртебесін иеленіп тұрған тұста дүние есігін ашып, 1998 жылы аудан орталығындағы №3 мектепті ойдағыдай тәмамдады. Кейін Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университеттің заң факультетіне оқуға түсіп, 2002 жылы қолына диплом алды. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң бірден Алматы облысындағы әскери бөлімде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Әскерден келіп, еңбек жолын «Екібастұз су» компаниясында заңгер-кеңесші болып бастады. Ал 2006 жылдың 1 ақпанынан бастап прокуратура жүйесінде табанды қызмет атқарып келеді. Алдымен өзі туып-өскен Ертіс ауданы прокурорының көмекшісі болса, кейін облыстық прокуратурада, Бас прокуратурада түрлі лауазымда жұмыс істеді. 2019-2022 жылдары Ертіс ауданының прокуроры болып еңбек етті. Бүгінде облыстық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары лауазымында басқарма жұмысын үйлестіріп келеді.
— Біз отбасымызда бес ағайындымыз. Үш әпкем мен бір қарында-сым бар. Ата-анамыз бала кезден-ақ бір-бірімізге арқа сүйеуді, ақыл-кеңестерге құлақ асуды үйретті. Сондықтан да болар, прокурорлық қызметті әпкелерім – Гүлнар мен Гүлсараның бағыт-бағдар беруімен таңдадым. Олар ұзақ жыл осы жүйеде нәтижелі жұмыс істеп, құрметті демалысқа шықты. Мектепті тәмамдайтын тұста прокурор жұмысының мән-маңызын, қоғамдағы рөлін түсіндірді, жарқын мысалдар келтірді. Сөйтіп, бұл қызметке қызығып, мен де заң факультетінде білім алуға бел будым, — дейді Нұрлан Қабдылбақытұлы.
Әскерден оралған жас маман еңбекке араласқан алғашқы жыл-дардың оңай болмағанын алға тартады. Қазіргідей заманауи технологиялар, ақпараттық жүйелер мен ресурстар болған жоқ. Бір ғана құжатты орталыққа жолдау үшін компьютер мен интернет іздеп, әкімдікке барғанын да еске алды. Есесіне сол кезде ізденіске, өзін-өзі жетілдіріп, дамытуға көп көңіл бөлінгенін айтты.
— Ауданда прокурор көмекшісі болып еңбек еткен алты жыл мені маман ретінде шыңдады. Ол кезде жалпы қадағалау бағытында жұмыс істедім. Азаматтық, әкімшілік істер, жедел-іздестіру шаралары – барлығының қайнап тұрған «қазанында» мол тәжірибе жинадым. Сол уақыттағы білім- біліктілік бүгінгі қызмет барысында пайдасын тигізуде. Қазіргі таңда азаматтық істер бағытында жұмыс істеймін. Бұл ретте алимент төлемей жүрген жандармен жұмыс уақыттың басым бөлігін алады. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда бала алдындағы міндетін орындаудан жалтарып жүрген әкелер мен аналар бар. Оларды тезге салып, баланың игілігі үшін оң қадам жасалуын қадағалаймыз. Одан өзге де азаматтық істер – басты назарымызда, — дейді әділет кеңесшісі.
Атап өтерлігі, Нұрлан Қабдылбақытұлы басқармадағы әріптестерімен бірге мемлекеттік сатып алулар жүйесіндегі мәселелерді де реттейді. Экономикалық сотта олардың қатысуымен өтетін отырыстардың дені осы істерге байланысты. Мәселен, таяуда ғана Ақсу қаласының ауданаралық соты қалалық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы мен мердігерге қатысты шешім шығарды. Белгілі болғандай, қалаға қарасты төрт ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы толығымен аяқталмаса да, мемлекеттік мекеме басшысы атқарылған жұмыстар актісіне қол қойған. Мұндай әрекетке барған бөлім басшысы мен мердігердің әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал прокуратура өкілдері заңсыз әрекет салдарынан мемлекетке 290 млн теңгеден астам шығын келгенін анықтады. Осы істің басы-қасында Нұрлан Құдасов та болды.
— 20 жыл аралығында сан түрлі тағдырға ортақтасып, түрлі мәселеге куә болдым. Мұндайда әділет іздеп шырылдаған жұртшылықтың мәселесі оң шешілген кезде бір марқайып қаласың. Осы орайда есіме мына бір жайт түсіп тұр: 2017 жылы банк басшылығы өз қызметкерін жұмыстан шығарып жіберген. Әлгі қызметкер мұндай шешіммен келіспей, сотқа шағым түсіргенімен, өтініші қанағаттандырылған жоқ. Сол себепті апелляциялық шағым түсірдік. Нәтижесінде сот қызметкерді жұмыстан негізгіз шығарып жібергенін анықтап, ол ісіне қайта оралды. Сол сияқты осыдан 11 жыл бұрын пәтер сатып алмақ болған азамат алдын ала төлем ретінде үй иесіне 7 миллион теңге берген. Қомақты қаржыны алған сатушы кейін баспанасын босатудан бас тартқан. Осы істің де заң аясында оңтайлы шешілуіне атсалыстық. Тізе берсек, осы сынды түрлі жағдай, талай тағдыр көп, — дейді Н.Құдасов.
Сол сияқты прокурордың тікелей араласуымен мемлекет қазынасына қомақты қаражат қайтарылып жатады. Жоғарыда атап өткеніміздей, мемлекеттік сатып алу кезіндегі келеңсіздіктер, бағалардың негізсіз қымбат болып көрсетілуі сынды істердің нәтижесінде бюджеттің «бүйірінен» алмақ болған ақша қазынаға қайта түсетіні бар. «Мұндай кезде де бюджеттік қаржы әлеуметтік нысандардың құрылысы мен оны жөндеу, жол салу сынды жалпы қоғамға пайдалы ортақ іске жұмсалатынын біліп, нәтижесін көрген кезде де еңбегіміздің еш кетпегеніне қуанамыз» дейді прокурор.
Сонымен қатар, қадағалаушы орган өкілдері «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында биыл ауқымды іс атқарды. Мәселен, экономикалық, азаматтық істер бойынша сот өкілдерімен бірлесіп, дөңгелек үстелдер, кездесулер ұйымдастырып, өзекті мәселелерді талқылап, солардың негізінде байламдар жасады. Ашық сот процестерін ұйымдастырып, заңға қайшы әрекеттердің соңы қандай жазаға апаруы мүмкін екенін анық көрсетті. Мектептерге барып, оқушылармен де тұрақты түрде жүздеседі. Осы орайда Нұрлан Құдасов соңғы уақытта көпшіліктің құқықтық сауаттылығы айтарлықтай артқанын атап өтті.
— Прокурорлық қызмет – мәртебесі жоғары мамандық. Бұл сала өкілдері қоғамда тәртіп орнап, заң үстемдігі болуы үшін барын салады. Әділет іздеп келген жандарға қол ұшын созады. Прокуратура жастарды кәсіби, ісіне адал, мықты маманға айналдырады. Бастысы, адамдармен тіл табысу, олардың жан дүниесін, пайымын түсіну керек. Кез келген істе өзімді шағым түсірушінің де, жауап беруші тараптың да орнына қойып көріп, «Мен мұндай жағдайда не істер едім?» деген сұрақ қоямын. Бұл да маманның кәсіби көзқарасы қалыптасуына көмектеседі, — дейді тәжірибелі маман.
Нұрлан Қабдылбақытұлы қызме-тімен қатар, отбасының қамын жасап, балаларының тәрбиесіне көңіл бөлуге де уақыт табады. Өмірлік жары Жұлдызбен бірге үш баланы өсіріп, тәрбиелеп отыр. Тұңғышы Асылбек «Бизнес және құқық» мамандығы бойынша білім алып жатса, қыздары – Мерей мен Алтын – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп оқушылары.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
