14 шілде – Нотариат күні. Бұл күн – ел ішіндегі заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуде ерекше рөл атқаратын мамандар – нотариустардың кәсіби мерекесі. Қоғам өмірінің кез келген саласында құжат рәсімдеуде, мүлікке құқық бекітуде, азаматтар арасында мәміле жасауда нотариус қызметі ауадай қажет. Сондықтан аталмыш сала иелері – құқықтық жүйенің маңызды буыны.
Қоғамдағы тыныш өмірдің кепілі – заң, ал заңның әділ орындалуы – білікті маманның қолында. Осындай зор жауапкершілікті иығына артып, облыс тұрғындары арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып жүрген жандардың бірі – Ақерке Әбдіқалықова.
Ақерке Әбдіқалықова 1969 жылы дүниеге келген. Заңгер болуды бала күннен армандаған ол өз мақсатына табандылықпен жетіп, 1986-1988 жылдары аралығында Талдықорған қаласындағы заң техникумында білім алады. Араға төрт жыл салып осы қаладағы заң институтында жоғары білімін жалғастырады. Осы аралықта Павлодар облысының Краснокутск (қазіргі Ақтоғай ауданында) заң кеңесшісі ретінде алғашқы еңбек жолын бастады. Кейін тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін нотариат саласын таңдап, Павлодар қаласының индустриялық мемлекеттік нотариаттық кеңсесінің консультанты ретінде қызмет атқарады. 1996-1998 жылдары сол кеңседе нотариус болып еңбек етеді. Ал 1998 жылдан қазіргі уақытқа дейін Павлодар қаласында жеке нотариус болып тұрғындарға қызмет етеді.
Ақерке Сәниқызының сөзінше, нотариус болу – жай ғана мамандық емес. Бұл — зор жауапкершілік. Адамдардың тағдыры кейде бір қолтаңбаға байланысты болуы мүмкін. Сондықтан әр істі жан-тәніңмен саралап, заң шеңберінде шешуге тырысу – оның басты қағидасы.
— Көпшілік нотариусты тек құжаттарға қол қоятын маман деп ойлайды. Шын мәнінде, нотариус – заң мен азаматтың арасын жалғап тұратын құқықтық кеңесші, кей жағдайда делдал, тіпті даулы жағдайлардың алдын алушы. Нотариус бір тараптың мүддесін қорғамауы керек. Ол – бейтарап тұлға. Қандай мәміле болмасын, екі тарапқа да заң аясында тең қарау – нотариус қызметінің алтын қағидасы. Біз құпияны сақтауға міндеттіміз. Яғни, азаматтардан түскен ақпарат ешқайда жария етілмейді.
Соңғы жылдары цифрландыру үдерісі нотариат саласына да ене бастады. Бүгінде еліміздің көптеген аймағында электронды нотариат жүйесі жолға қойылып келеді. Бұл – уақытты үнемдеудің, қағазбастылықтан арылудың және заңдық рәсімдердің ашықтығын арттырудың тиімді тәсілі, — дейді ол.
40 жылға жуық уақытын әділдік пен заң үстемдігіне арнаған Ақерке Сәниқызы – бүгінде Павлодар қаласындағы беделді әрі білікті нотариустардың бірі. Ол үнемі ізденіс пен жаңа-шылдықтың арқасында кәсіби биіктерді бағындырды. Жуырда тәжірибе алмасу мақсатында Жапония мемлекетіне барып, күншығыс еліндегі құқықтық қызметтің барысымен танысып қайтты.
Бүгінде өз ісінің маманы күн сайын ондаған азаматтың құқықтық мәселесін шешіп, олардың құжаттық рәсімдеу жұмыстарын заң аясында жүргізуге көмектесіп келеді. Ал тұрғындар оның ұқыптылығы мен жұмысына деген жауапкершілігін жоғары бағалайды. Сондықтан
болар, бүгінге дейін біліктілігі мен кәсібилігі үшін бірнеше марапатпен, Алғыс хаттармен бағаланған. Бірақ Ақерке Сәниқызы үшін басты марапат –
халықтың сенімі мен алғысы.
Айдана БОРАНБАЕВА.