Заң үстемдігінің кепілі

Қыр 4, 2025

Халық  қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығаратын сот жүйесіне сенім артады. Күрделі саланы ақиқаттың темірқазығы деп біледі. Адамның тағдырына қатысты шешім шығару құқығы тек судьяға берілген. Мұндай жауапты міндетті сот жүйесіне ҚР Конституциясы жүктеген.

ҚР Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында облыс орталығындағы «Достық үйінде» дөңгелек үстел өтті. Маңызды жиынға сот, прокуратура, әділет департаментінің мамандары, мемлекеттік мекеме және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелге жиналғандар сот саласында Конституцияның алатын орны, Ата Заңның тарихи мәні, басты құжаттың демократиялық мемлекет құрудағы рөлі жөнінде әңгіме өрбітіп, ел болашағы төңірегінде пікір алмасты.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов жиынға қатысушыларды Конституция күнімен құттықтап, Ата заңның маңыздылығына тоқталды.

— Конституция — еліміздің басты заңы, мемлекеттің берік тұғыры. Әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігінің кепілі. Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қоймай, қоғамның сана-сезіміне орнығуы тиіс. «Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңды өмірлік ұстанымына айналдыратынына сенімдімін. Баршамызға мереке құтты болсын, — деді Әлнұр Серікұлы.

Жиында Павлодар облыстық сотының төрағасы Серік Төлегенов сот жұмысында Конституцияның алатын орны зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, сот жүйесі мен судьяның мәртебесі басты құжатта бекітілген. Судьялар сот төрелегін іске асыру кезінде осы заңға бағынады. Осыдан 3 жыл бұрын елімізде судья күні 30 тамызда аталып келген. Мұның өзі сот саласының дәрежесін айқындап, Ата Заңмен байланысын анық көрсетеді. Қазір судья күні маусым айында аталып өтіледі.

— Еліміздегі сот жүйесі мен судьяның мәртебесі ҚР Конституциясында бекітілген. Судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады. Сотқа жүгінген әр адам судьяға құрметпен қарауға міндетті. Мұндай мәртебені бізге Конституция сыйлап отыр. Судья Президенттің жарлығымен тағайындалады. Осыдан-ақ, сот саласының қаншалықты жауапты екені анық көрінеді, — деді Серік Төлегенов.

Дөңгелек үстелге қатысқан Қазақстанның Еңбек Ері Ришат Әмренов Конституцияны білу — ел азаматтарының міндеті екеніне тоқталды.

— Конституция — мемлекетіміздің дамуы мен тұрақтылығының кепілі. Мемлекетіміз 30 жыл ішінде талай белесті бағындырды. Жетістіктердің түп қазығында Ата Заңымыз жатыр. Бұл құжат елде еркін өмір сүруге, білім алуға, құқығымызды қорғауға мүмкіндік береді. Еңбек адамдарының мәртебесін арттырып, олардың ел дамуына қосқан үлесін айшықтауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Еңбекті қадірлеген ел ешқашан еңсесін түсірмейді. Қарапайым жұмысшының адал кәсібі — мемлекет дамуының қозғаушы күші. Ел болашағы жолында аянбай еңбек етіп, Қазақстанның гүлденуіне атсалысайық, — деді Ришат Әмренов.

Жиында сөз сөйлеген облыстық әділет департаменті құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Асқар Серғазинов тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруда департамент мамандары жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, мүгедектігі бар адамдардың жағдайы мекеме назарына алынған. Бұдан бөлек, жастар арасында сот орындаушылар, адвокат, нотариус қызметкерлерінің қатысуымен тренинг, кездесулер жиі ұйымдастырылады.

Дөңгелек үстелге қатысқан облыстық соттың аға прокуроры Максим Щербаков және Торайғыров университетінің аға оқытушысы Борис Поломарчук елімізде Конституциядан биік заң жоқ екенін, басты құжат — мемлекетіміздің тірегі екенін атап өтті.

Шара соңында қала-аудандардағы полиция бөлімі мен сот саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азамат мереке қарсаңында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғыс хатына ие болды. Дөңгелек үстел қатысушылары естелік суретке түсті.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.