Жасанды интеллект, цифрландыру дәуірінде адам өміріне барынша жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру басты орынға шықты. Қай салаға болсын жаңашылдық енгізіліп, қоғамның қажетіне жарауда. Бұл ретте, цифрландыру шаралары арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету де қолға алынды. Көпшілігіңіз елді мекендерде айнала бейнебақылау камералары орнатылып жатқанын көрген боларсыздар. Міне, сол құрылғылар бүгінде іске қосылуда. Яғни, көлік иелері де, жаяу жүргінші де камераның назарында болмақ. Әрбір әрекетке абай болу керектігін көпшілікке меңзеп тұрғандай. Сонымен «Қауіпсіз қала» жобасы аясында көшелерде орнатылған бейнебақылау қызметі қоғамға қандай пайда әкелмек? Тұрғындар нені ескеру керек? Осы жайында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміринмен тілдескен едік.
– Ағыбай Қойшыбайұлы, «Қауіпсіз қала» жобасы аясында облыс көшелеріне орнатылған бейнебақылау камералары іске қосылуда. Осы бағыттағы жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр?
– Бүгінгі күні Павлодар қаласында жобада қарастырылған барлық 3000 қоғамдық бейнебақылау камерасы, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 400 аппараттық-бағдарламалық кешендер толық орнатылды. Барлық бейнебақылау камералары облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. 14 қарашадан бастап Павлодар қаласында аппараттық-бағдарламалық кешендер іске қосылуда. Осы айдың соңына дейін барлық аппараттық-бағдарламалық кешендер іске қосылады.
– Бұл бейнебақылау құрылғыларын орнатудағы басты мақсат не және қандай нәтиже күтіледі деп болжануда? Яғни, осынау қаптаған камералар арқылы неге қол жеткіземіз?
– «Қауіпсіз қала» – облысымызда жүргізіліп жатқан ауқымды жобалардың бірі. Бұл жоба арқылы қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көшеде орын алатын қылмыстардың алдын алу және оларды тез арада ашу көзделген.
– Кейбір тұрғындар бейне-бақылау камераларының көбейгені дұрыс еместігін айтып, бұл адамдардың жеке өміріне қол сұққанмен бірдей деген пікір білдіруде. Бұған не айтасыз?
– Орнатылған барлық камералар тек жолдар мен көшелерге бағытталған. Біреудің жеке өміріне қол сұғу сияқты қандай да бір ой жоқ.
– Егер камералар істен шығып, жалған дабыл берсе, жауапкершілікті кім арқалайды? Әлде, қателесуі мүмкін емес пе?
– Темір түгілі, адамдар да қателесіп жатады. Алайда, жалпы практикада ондай жағдайлар өте аз кездеседі. Егер де ондай фактілер орын алып жатса, құқық қорғау органдары тиісті шаралар жүргізетін болады.
– Қала көшелерінде камералар көбейді. Ал тұрғындар нені білуі тиіс? Нені ескеруі керек? Халыққа қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Бұл камералардан қорқудың қажеті жоқ. Бұл жоба бірінші кезекте қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған. Тұрғындарға айтарым, тәртіпті бұзбай, тиісті ережелерді, соның ішінде жол жүру ережелерін сақтау қажет. Одан артық ешқандай талап жоқ.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан –
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
