Photo Valeriy BUGAYEV

Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы қаралып, 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов 10 айдың қорытындысы бойынша есірткіге қатысты 225 құқық бұзушылық анықталғанын хабарлады. Оның ішінде 100 қылмыс «ауыр» және «аса ауыр» санаттарына жатады. Айналымға жіберілмеген есірткі және психотроптық заттардың көлемі 423 келіні құрады.

2024 жылы «Киберқадағалау» жүйесімен 75 интернет-ресурсы және 115 OLX маркетплейсі бұғатталды. Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде құрамында «гашиш майы» бар 3500 капсула тәркіленді. 2024 жылдың 10 айы ішінде қоғамда есірткіге саналы түрде қарсы көзқарасты қалыптастыру мақсатында 1500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Оларға 143 мыңнан астам мектеп оқушысы, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Сондай-ақ, ведомствоаралық комиссияның отырысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев баяндама жасап, өңірде есірткіге тәуелділер есебінде 1876 адам тұрғанын атап өтті. Мәжбүрлі бөлімшедегі стационарларда 33 адам, ерікті бөлімшеде 196 адам емделді. Оңалтудың үшінші кезеңі Мичурин ауылының «Асар» бөлімшесінде жүргізіледі. 2023 жылғы желтоқсаннан бастап медициналық куәландыру кабинеттерінде 8 жолақты сынақтар жүргізіледі. Олар адамның бойында морфин, марихуана, трамадол, амфетамин, мефедрон, тропикамид, митилендиоксипировалерон, синтетикалық каннабиноидтар бар-жоғын анықтайды. Осы жылдың шілде айында 282 млн теңгеге 2 заманауи газ хроматографы сатып алынды, бұл жаңа есірткі қосындыларын анықтауға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы жиын соңында әкімдіктерге, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, ақпарат және қоғамдық даму басқармаларына, құқық қорғау органдарына нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру жөніндегі жұмысты жандандыруды, БАҚ пен әлеуметтік желілерде ауқымды ақпараттық науқан ұйымдастыруды, тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандарға қосымша білім беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.