Конституциялық құқығыңызды білесіз бе?

Там 28, 2025

Конституцияның негізгі өзегі – адам және оның құқықтары. Конституцияда мемлекеттің құрылымы мен басқару жүйесі ғана емес, бастысы, адам баласының қоғамдағы орнына мән беріледі. Бүгінде заманауи технологиялар ілгері дамып, әлеуметтік желі басты алаңдардың біріне айналған заманда еліміздің әр азаматы өз құқығын бес саусақтай білгені жөн. Себебі, ақпарат тез тарайтын уақытта әр айтылған сөзге абай болып, аса жауапкершілікпен қараған жөн. Осы орайда, өңіріміздің түрлі сала мамандары және тұрғындарына «Конституциялық құқығыңызды білесіз бе?» деген сауал қойып, ойларын білген едік.

Дулат Жұмаділов, «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі:

— Бүгінгі таңда азаматтардың құқықтық сауаттылығы — мемлекет дамуында маңызды көрсеткіштердің бірі. Конституцияда әрбір қазақстандыққа негізгі құқықтар мен бостандықтар бекітілгенімен, басым көпшілігі өз құқықтарын толық біле бермейді. Халық арасында білім алу, еңбек ету, денсаулық сақтау, сөз бостандығы, сайлау құқығы тақырыбы жиі ортаға салынады. Ал ақпарат алу, сотқа жүгіну, басқа да маңызды құқықтар екінші кезекте қалуда. Сондықтан, адамдардың құқықтық мәдениетін арттыруға баса мән берген жөн.

Данил Дзюба, Марғұлан университетінің «Достық» студенттік ассамблеясының төрағасы:

— Қазақстан Конституциясында айқындалған баптар мен тарауларды білемін деп айта аламын. Ондағы өмір мен бостандық, еңбек пен білім, әлеуметтік қорғау және заң алдындағы теңдігі құқығына аса зор мән беремін. Менің ойымша, қазіргі жастар өздерінің құқықтары мен бостандықтары туралы жақсы біледі. Бұл қоғамға белсенді қатысуға ықпал етеді. Білмеген жағдайда заң аясында қалай әрекет етуді ғаламтордан оқып біле алады. Әлеуметтік желілерде құқықтық сауаттылықты арттыруға көмектесетін заңгерлер де бар. Бүгінде қалың көпшілік құқық мәселесінде білімі жоғары екенін байқауға болады.

Әсел Еспосынова, Павлодар қаласы тұрғыны:

— Қала тұрғыны ретінде Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген құқықтарымды білемін. Алайда кейде олардың толық сақталмай жататын жағдайлары бар. Мысалы, сапалы медициналық көмекке қол жеткізу қиындық тудырады, еңбек құқығы бұзылып, жалақы уақытылы төленбейтін кездер кездеседі. Сондай-ақ, сөз бостандығы да әрдайым толық қамтамасыз етіле бермейді. Адамдардың көбі өздерінің кейбір құқықтарын біле бермейді. Мысалы, әркімнің таза ауада өмір сүруге, мемлекеттік органдардан ақпарат алуға, жеке өмірінің құпиялылығын сақтауға құқығы бар. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестік құру немесе мәдени мұраға қол жеткізу құқығы да бар екенін көпшілік біле бермейді. Ата заңды білу – парыз, міндет, сауаттылық. Ата заңын білген, құрметтеген ел – болашағы жарқын ел!

 

«Сауалнаманы» жүргізген – Салтанат ҒАББАС.