Қай саланы болмасын алға ілгерілететін — тың технологиялар, озық тәжірибелер. Қоғамдық қауіпсіздікті қамту бағытында да дамыған елдерде ертеден қолданыста жүрген жаңашылдықтар біздің мемлекетте де енгізіле бастады. Мәселен, Павлодар қаласында адамдар көп шоғырланатын орындарда, жол бойында алыстан менмұндалап тұрған қызыл SOS батырмасын көзіңіз шалған болар. Осы бір ғана батырма біраз адамның өміріне араша бола алады.

Облыс орталығында 20 батырма 2021 жылдың соңында орнатылған. Павлодар қаласындағы жедел басқару орталығының ұйымдық-талдау жұмыстары тобының инспекторы Әйгерім Жүнісованың айтуынша, көпшілік бұл батырманың маңызын енді түсініп келе жатыр. Бастапқыда, балалар мен егде жастағы тұрғындар жаяу жүргіншілер жолынан өту үшін басатын тетік деп түсініп жүріпті. Басып, қателескендерін айтқан кездер де аз болмаған. Ал қазір бұл батырманың көмек сұрау үшін орнатылғанын көпшілік біле бастапты. Көмегін көріп, жәрдемге жүгінгендер бар.

— Облыс орталығында адамдар көп жүретін жерлерге полицияның көмегіне жедел жүгіну үшін SOS батырмалары орнатылған. Яғни, жағажайда, сауда үйлерінің маңында, кейбір көшелердің қиылысында мұндай батырманы басу арқылы адамдар көмек сұрай алады. Сонымен қатар, заң бұзушылықты байқаған жандар да құқық қорғау органына хабарласуына болады. Батырманы басқан кезде хабарласушы адамның бейнесі жедел басқару орталығында отырған операторға көрініп тұрады. Қай тұстағы батырманы басқаны да байқалады. Сәйкесінше, біздің маман-
дар жедел әрекет жасап, көмек сұраған адамға дереу жәрдем бере алады, — дейді Ә.Жүнісова.

Алдағы уақытта қала сыртындағы тас жолдардың бойына орнату да жоспарлануда. Жәрдем сұрау батырмасына биыл 37 хабарлама түсіпті. Бұл — қалтасында ұялы телефоны жоқ немесе оның қуаты таусылған жағдайда адамдардың полиция көмегіне жүгінуі үшін таптырмас тетік. Кей жағдайда адам жанын арашалап қалуға септігін тигізуде. Мәселен, биыл бір келіншек үйінде күйеуінің соққысынан қашып шығып, дәл осы батырманың көмегімен аман қалған. Ол SOS батырмасын басып, полицияның жедел жетуін өтініп, хабарласып үлгерген. Құқық сақшылары келгенше далада күте тұратынын да дәл осы технология арқылы жеткізген. Дереу жеткен учаскелік полицейлер әлгі әйелдің өміріне араша түсіпті. Енді бірде орталық жағажайға мас күйінде үш азаматтың суға беттегенін қала тұрғындарының бірі мәлім етеді. Бұл ақпа-ратты жедел басқару орталығының инспекторлары жаяу полиция бекетіне хабарлайды. Үш жігітті тоқтатып, кері қайтарып үлгерген. Бәлкім, оқиға басқаша өрбігенде соңы қайғылы жағдайға ұласуы әбден мүмкін еді.

Тұрғындармен жедел байланыс орнатқан тағы бір жүйе – омни-каналдылық. Ағылшын тілінен omni-channel деген сөзден алынған. Яғни, түрлі арналар арқылы тұрғындармен үздіксіз байланыста болады. Тұрғындар 102 қосымшасын ұялы телефонына жүктеп алып, құқықбұзушылықты көзі шалса, соны бірден мәтіндік хабарламамен немесе бейнежазба, фото түрінде жолдай алады. Мұндай хабарламаны сайт арқылы да жіберуге болады. Биыл 26 хабарлама түскен. Көп жағдайда бұл арна арқылы азаматтар айналасындағы заңбұзушылықтарды реттеуге күш салады. Тұрғындар көлік жүргізушілерінің машинасын қоқыс жәшіктерінің қасына, жаяу жүргіншілердің жолына қойып кететін кездер жиі кездеседі. Тағы бір тұрғындар үйден шығарған қоқысты жәшікке жеткізуден ерініп, подъезге тастап кетеді. Осындай жағдайларды тікелей айтқанда құқық бұзған адам құлағына да ілмейді. Содан көршілері, жалпы тұрғындар полициядан көмек сұрауға мәжбүр болады. Тәптіштеп бәрін түсіндіріп тұруға уақытын алмай, бірден хабарлама түрінде жолдаса, арнаның ар жағындағы құқық қорғау қызметкерлері жағдайды бірден реттеуге кірісіп кетеді. Мұндай хабарламаны тұрғындар жасырын түрде жібергенін де жазып жіберетін көрінеді. Операторларға кімнің жібергені көрініп тұрғанымен, азаматтың өтінішін қабыл етіп, ол жайлы ешкімге тіс жармайды. Мәселен, көршілер арасындағы дау болса, оны ары қарай ушықтырмайды. Бастысы, қоғамдық тәртіпке келтірілген зиянды жоюға мән беріледі.

Міне, осындай жаңашылдықтары бар Павлодар қаласындағы жедел басқару орталығы 2006 жылдан бері біз бен сіздің қауіпсіздігіміз үшін еңбек етуде.

— Біздің орталықтың басы мақсаты — қылмыс немесе құқықбұзушылық туралы түскен өтініштер мен хабарламаларды қабылдап, әрбір шақыртуға лезде әрекетпен жауап қату. Әрбір шақыртуға патрульдердің уақытылы жетуін де бақылаймыз. Түскен хабарламаларды сақтап, архивтейміз. 102 арнасына түскен барлық қоңыраулар жазып алынады, базада автоматты түрде сақталады. Яғни, қандай да бір мәселелер туындаса бұл жазба кәдеге жаратылады. Түскен хабарламаны оператор құқықбұзушылық пен қылмыстың орын алған аумағына қарай қаладағы оңтүстік, солтүстік немесе орталық полиция бөлімдеріне бағыттайды. Бұл бөлімдердің күштер мен құралдарды басқару тобының аға инспекторы компьютерлік желі арқылы оқиға орнына патруль полициясын немесе жаяу бекет қызметкерлерін жолдайды, — дейді Әйгерім Жүнісова.

Орталық инспекторының айтуынша, полиция бөлімдерінің аға инспекторлары навигациялық жүйедегі мәліметті қолданады. Яғни, электронды картада кезекшілікке шыққан қызметкерлердің барлық координаттары, кім қайда екені көрініп тұрады. Биыл жыл басынан бері жедел басқару орталығы 300-дей құқықбұзушылық тіркеген. Орталықта отырған операторлар бейнекамералар арқылы темекінің тұқылын тастағандарды да анықтап, жауапқа тартады. Павлодар қаласында 117 камера жедел басқару орталығына қосылған. Әрқайсысы арқылы бақылау жүргізеді. Қазіргі таңда мектептер мен балабақшалар қосылуда. Енді білім беру мекемелеріндегі ахуал да алыстан қадағаланбақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ