«Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі. Көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан
Қазір Павлодар қаласында көше бойы және жол жиегінде бейне-бақылау камерасы молынан орнатылған. Құқықбұзушылықты әп-сәтте тіркейтін құрылғының қауқарын сезген шаһар тұрғындары қоғамдық тәртіпті сақтап, көлік жүргізушілері жол ережесін бұзбауға барын салуда. Бағынбаса, айыппұл арқалайды. Жыл соңына дейін заманауи құрылғылардың саны тағы артатын болады. «Қауіпсіз қала» жобасы шеңберінде қолға алынған жаңа жүйе жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы жұмыс істейтінін атап өткен жөн.
Биыл «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жалпы саны 5 мың бейнебақылау құрылғысы мен аппараттық-бағдарлама кешенін орнату жоспарланған. Көше қиылыстары мен республикалық және облыстық маңыздағы автожолдардың аса қауіпті аумақтарында орын тебетін камералар қоғамдағы тәртіпті қадағалап, жол-көлік оқиғаларының алдын алмақ.
Павлодар қалалық полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің басшысы, полиция капитаны Нұрлан Қарағожиновтың айтуынша, Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалалары бойынша 250 желілік учаске, 150 көше қиылысы, республикалық және облыстық маңыздағы автожолдардың аса қауіпті 20 учаскесі қамтылуы керек. Павлодар қаласының қоғамдық орындарында 3 мыңға жуық жалпы бейнебақылау камералары орнатылады. Барлық бейнекамералар мен аппараттық-бағдарлама кешені Павлодар облысының жедел басқару орталығына, облыс әкімдігінің ахуалдық-талдау орталығына жалғанады. Сондай-ақ осы бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы бейне-аналитика платформасы жұмыс істейді. Ол іздеуде жүрген азаматтарды анықтап, адамдар көп жиналатын орындардағы тәртіпті, қоқысты көшеге лақтырғандарды, ұрланған көлікті тез анықтайды. Камерадағы бейнелерді жедел басқару орталығы нақты уақытта көре алады және бейнежазбалар 30 күн сақталады. «Қауіпсіз қала» жобасының нәтижесінде облыстағы жол-көлік апаттары 20 пайызға, қылмыстық істер 19 пайызға азайып, қылмыстарды ашу 82,8-ден 90 пайызға дейін артады деп күтіліп отыр.
— 250 желілік учаскедегі құры-лғылардың 185-сі — Павлодар қаласында орнатылған. Жаяу жүргіншілер жолағы мен бағдаршамдар көп 123 көше қиылысында да камералар бар. Мәселен, Назарбаев даңғылында қиылысқа дейін бір құрылғы, қиылыстан кейін екінші құрылғы тұр. Сонымен қатар, көше қиылысының тұсында тағы бір камера орнатылған. Оны тұрғындардың көпшілігі «Сергек» камерасы деп ойлайды. Бірақ бізде пішіні жүзім жемісіне ұқсас «Мерген» камералары орын тепкен. Әсіресе, мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандардың ауласында көп орнатылған. Республикалық және облыстық маңыздағы автожолдардың аса қауіпті
20 учаскесі де құрылғымен бақыланады. Сонымен қатар, Павлодар қаласының қоғамдық орындарын 3 мың камера қадағалайды. Қазіргі уақытта «Мерген» камералары іске қосылмаған. 20 бригада қоғамдық орындарда әлі де орнатуда. Ауқымды жұмыс қазан айының соңында аяқталады деп күтілуде, — дейді Нұрлан Мұратұлы.
Әкімшілік полиция бөлімінің басшысы көлік жүргізушілері жол белгілеріне бағынуы тиіс екенін айтады. Егер жүру жылдамдығы 40 км/сағ деп көрсетілген болса, жылдамдықты осы көрсеткіштен асырмауы тиіс. Тәртіпке бағынбаса, камера жөнге салады.
— «Мерген» камералары көлік жылдамдығын, бағдаршамның тіліне бағынбағандарды, жол бойындағы өзге де құқықбұзушылықты, тоқтау сызығын да бақылайды. Құрылғы криминогендік ахуалы тұрақсыз көшелерде де жұмыс істейтін болады. Яғни, ауладағы әкімшілік құқықбұзушылық жедел тіркеледі.
Қазір көлік жүргізушілері жолдағы камераларды көріп, тәртіпке бағынуда. Осы ретте жол-көлік оқиғаларының азайғанын да атап өткім келеді. Көп жағдайда жүргізушілер жаяу жүргіншілерге жол бермейді. Бұдан бөлек, жолдың арғы бетіне жүгіріп өтетін, жаяу жүргіншілер жолағынан өтпейтін азаматтар да кездеседі. Әсіресе, қараңғы уақытта, жаңбырлы күні жолдан жүгіріп өтпекші болатын тұрғындар болады. Камера осындай фактілерді бірден тіркейді, — дейді Н.Қарағожинов.
Нұрлан Мұратұлы қандай да бір құқықбұзушылық тіркелген кезде автоматты түрде әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай реестріне түсетінін айтты. Көлік ережесін бұзған жүргізушінің egov немесе Kaspi, Halyk банк парақшаларына айыппұл жіберіледі. Егер айыппұлды бір апта ішінде төлесе, 50 пайыз жеңілдік жасалады.
Павлодар қаласында алғашқы 8 ай ішінде 349 жол апаты тіркелген. Оның ішінде 450 адам жарақат алған. 7 адам қайтыс болған. 120 көлік жүргізуші жолда келе жатқан адамды қағып кеткен. Салдарынан 119 жаяу жүргінші жарақат алған. Оның 4-еуі мерт болған. Қайтыс болғандардың ішінде балалар бар. Олардың қайғылы жағдайға душар болуына жаз мезгілінде бақылаусыз самокат, велосипед тебуі себеп болған.
— Өкінішке қарай, баласына салғырт қарайтын ата-аналар бар. Олар ұл-қызының санасына жолға шығу, жолда ойнау қауіпті екенін түсіндіруі керек. Қала көшелерін аралаған кезде балалар, жасөспірімдер мен ересектерге жол ережесін түсіндіріп жатамыз. Велосипедпен жүретін адамдар жолдан өткен кезде екі аяқты көлігінен түсіп, оны жетектеп өтуі тиіс. Жаяу жүргіншілер жолағынан өткен кезде әр жолаушы міндетті түрде көліктің тоқтағанына көз жеткізіп барып қана өтуі қажет. Кейде қатты жылдамдықпен келе жатқан темір тұлпар бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап үлгермей қалуы мүмкін, — дейді әкімшілік полиция бөлімінің басшысы.
Павлодар қаласында «Қорғау», «Зерек» камералары да жұмыс істейді. Бейнебақылау құрылғыларының көмегімен жол ережесін бұзған жүргізушілерге қатысты алғашқы 8 айда 91 мың 319 құқықбұзушылық тіркелген. Яғни, заманауи технологиялар полицейлердің жұмысын жеңілдетіп отыр. Қараша айында қаладағы «Мерген» камералары іске қосылса, тәртіпсіздік тағы да азаяды. Өйткені ішімдік ішкендер, жол ережесін бұзғандар, жүргізуші куәлігінен айырылғандардың бәрі камераның көмегімен анықталмақ.
— Қазіргі «Қорғау» камераларының қауқары мықты. Мысалы, жол полицейі Назарбаев даңғылы мен Естай көшесінің қиылысында тұр делік. Егер аталған жолдан алимент, әкімшілік айыппұл төлемей жүрген жүргізуші өтсе, ол туралы ақпарат автоматты түрде инспектордың планшетіне түседі. Сонымен қатар, іздеуде жүрген адамдар мен көліктерді де жылдам анықтауға болады. Сәйкесінше, полицейлер құқық бұзушыны камералардың көмегімен қолға түсіре алады. Алдағы уақытта қалада жұмыс істейтін барлық камера «Қорғау» жобасына біріктірілетін болады. Бұл дегеніңіз тәртіпсіздіктің жолы кесілетінін білдіреді, — дейді Н.Қарағожинов.
Естеріңізде болса, әлеуметтік желіде көшеде орнатылған бейнебақылау камералары кейбір жеке сектордағы үйлердің ішіндегі көріністі түсірген. Тұрғындардың шағымынан кейін құрылғылар алынып тасталған.
Полиция капитаны қазан айының соңында «Мерген» камерасы іске қосылатынын және барлық құрылғы «Қорғау» жүйесіне біріктірілетінін айтты. Демек, бәрімізге көшедегі тәртіпке қатаң бағынуға тура келеді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.