Павлодар қаласында жыл басынан бері полиция қызметкерлері қалалық әкімдікпен бірлесіп, есірткіге қарсы 85 алдын алу шарасын жүргізді. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік мамандары тыйым салынған заттарды заңсыз жарнамалаған 132 сайтты анықтап, кибербақылау жүйесіне енгізді.

Аталған мәселеге орай жуырда Естай атындағы мәдениет сара-йында Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің бастамасымен «Ерке Ертістің жағасында нашақорлыққа жол жоқ» атты есірткіге қарсы форум өтті. Аталмыш форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған.

Жиында алғаш болып сөз алған шаһар басшысы Хасар Айтбекұлы бүгінге дейін нашақорлыққа қатысты бірқатар шаралар ұйымдастырылғанын атап өтіп, жас ұрпақты салауатты өмірге үндеген шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, жастарды денсаулықты сақтап, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеді.

— Ел Президенті өзінің Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес маңызды міндет екенін атап өтті. Бұл — ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу деген сөз. Біздің ортақ міндетіміз – нашақорлық қаупіне қарсы іс-қимыл жасау бойынша жұмыстарды жүргізу. Осы проблеманың өсуін ескере отырып, бүгін мемлекеттік органдар тиісті құрылымдар мен жұртшылық тарапынан үлкен қолдау қажет етіледі, — деді Х.Хабылбеков.

Павлодар қаласы жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Абылайхан Алпысбайдың сөзінше, жыл басынан бері Павлодар қаласының тұрғындарынан нашақорлыққа қатысты 100-ден астам хабарлама келіп түскен. Полиция қызметкерлері олардың әрқайсысына тексеру жұмыстарын өткізген. Сонымен қатар, тұрғындарға есірткі қылмысының алдын алу мақсатында ескерту жұмыстарын жүргізіп, есірткігі қатысты ешбір заңсыз әрекет жазасыз қалмайтындығын ескертті.

— Нашақорлыққа қатысты көрсеткіштерді азайтуға тырысамыз. Өйткені, әр санның артында біреудің өмірі тұрады. Сондықтан мұндай шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Акциялар аясында еріктілер біздің жұмыспен танысып, есірткінің орнын көрсететін бағыт-бағдарларды өшіруге көмектеседі. Сондай-ақ, салауатты өмір салтына шақыратын плакаттар іліп, жадынамалар таратады, — деді А.Алпысбай.

Кездесуде жастар арасындағы нашақорлықтың себептері мен оны шешу жолдары талқыланды. Соның бірі – бақылауды күшейту. Павлодар қалалық Шапық Шөкин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Софья Малышева балалардың әлеуметтік желілердегі хабарламаларын жиі тексеріп, олармен жиі сөйлесіп тұруды ұсынды.

— Кез келген ата-ана балаларының болашағына, олардың әртүрлі зиянды заттардың әсерлерінен келетін қауіпке бей-жай қарамау керек. Өйткені, ата-ананың қарауынсыз қалған бала есірткіге тез бой алдырады. Себебі, балалар әлеуметтік желілер арқылы түрлі кеселдерге тап болуы мүмкін. Оның ішінде нашақорлық ісі де бар. Сондықтан олар балаларына көңіл бөлсе екен деймін, — дейді Софья.

Есірткіге қарсы форумның қорытындысы бойынша жергілікті полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер нашақорлықпен бірлесіп күресу туралы Меморандумға қол қойды.

Акция аясында ірі сауда желілерінде прокуратура мен полицияның ақпараты бар баннерлер орнатылды. Осы баннерлер арқылы әрбір павлодарлық өз смартфонын пайдаланып, есірткі мәселесімен күреске өз үлесін қоса алады.

— Біз Павлодар қаласының қоғамдық жерлеріне QR коды бар баннерлерді орнаттық. Сонымен қатар, Телеграмм каналда бот ұйымдастырылды. Егер біреудің есірткіні заңсыз таратумен немесе заңсыз есірткі айналымымен айналысатыны туралы ақпарат болса осы QR кодты пайдалана отырып, хабарлауға болады. Жауаптар анонимді түрде қабылданады, — дейді Павлодар қаласы прокуратурасының прокуроры Әжібаев Айтурин.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.