«Алло, сізді тегін массаж алуға шақырамыз. Қонақ болғаныңыз үшін бағалы сыйлық беріледі», «Алло, көзіңізді тегін тексеруден өткізіңіз» деп әлдебір компания өкілдері хабарласса, қалай қызықпайсыз? Тегін әрі бағалы сыйлық беріледі деген ұсыныс құлаққа жағымды естілетіні сөзсіз. Бірақ бұл — алаяқтардың жаңа алдау тәсілі. Өкініштісі, олардың арбауына түскендер де жоқ емес.

Қазір алаяқтарға алданып, сан соғып қалған тұрғындар көбеюде. Әккілер күн сайын алдаудың түрлі айласын құрастыруда. Қалай сеніп қалғаныңызды білмей қаласыз.

Павлодар қаласының тұрғыны Назгүл Қалиева айына 3-4 рет әлдебір компаниядан қоңырау қабылдайтынын айтады.

— Екі жылдың көлемінде телефоныма әлдебіреулер хабарласып, тегін массаж алуға шақырады. Өзіңізбен бірге тағы бір адамды әкелуге болатынын, қонақ болғанымыз үшін смарт-сағат берілетінін де айтады. Әу баста қызығып, құрбыммен барғым келді. Кейін жолдасыма айтқанда ол бірден алаяқтар болуы мүмкін екенін ескертті. Содан әлеуметтік желіге салып іздеп едім, алаяқтар екеніне көзім жетті. Алданып қалған тұрғындардың пікірін оқып, барудан бас тарттым. Бірақ әлгі компания әлі күнге дейін қоңырау шалады. Тұтқаны тастай саламын, — дейді Н.Қалиева.

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті де соңғы кездері көзді тегін тексерту, массажды ақысыз жасау бойынша алаяқтық фактілердің жиілеп кеткенін айтады.

– Алаяқтар қоңырау шалған кезде өздерін бір компания өкілі ретінде таныстырып, тегін көз тексеруге немесе массаж алуға шақырады. Шара барысында түрлі кеңес беріп, массаж жасайтын құрылғыларды, көзілдіріктерді қымбат бағада ұсынып, сатып алуға мәжбүрлейді. Қатысушылар қалай көніп қалғандарын білмей, әлгі құрылғыларды несие рәсімдеп сатып алады. Мұндай арбауға түскен адамдар бар, — дейді департамент басшысы Дәулен Қабдушев.

Тұрғындар алданып қалған-дарын тек үйге келгенде біледі екен. Содан кейін департаментке шағым түсіреді. Жыл басынан бері екі азамат бір миллион теңгеге массаж жасайтын кресло алып, алаяқтардың арбауына түсті. Зардап шеккендердің өтінішінен кейін мәселе қарастырылып, ақшалары кері қайтарылған.

– Құрылғыны сатып алу уақыты 14 күннен аспаса әрі оны тұтынушы пайдаланбаса, онда ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңның 14-бабына сәйкес тауарды 14 күн ішінде айырбастауға, қайтаруға болады. Осындай жағдайларға тап болмас үшін түрлі науқандарға, арзан бағадағы ұсыныстарға сенбеуге шақырамыз, — дейді Дәулен Қабдушев.

Сатушылар ҚР Тұтынушы-лардың құқықтарын қорғау туралы заңының 42-4-бабына сәйкес 10 күнтізбелік күн ішінде шағымға жауап беруге міндетті. Егер жауап тұтынушыны қанағаттандырмаса немесе мүлдем берілмесе, онда департаментке жазбаша өтініш беріледі.

Алаяқтар онлайн дүкен арқылы тауар ұсынып та адамдарды алдап жүр. Мәселен, павлодарлық Instagram парақшасы арқылы Iphone 14 телефонына тапсырыс берген. Нәтижесінде не телефон, не ақша жоқ. Тапсырыс берген онлайн дүкені жалған болып шықты. Жыл басынан бері аймағымызда дәл осындай жағдайға 153 адам тап болған. Олар әлеуметтік желі арқылы іс жүзінде жоқ дүкенге тапсырыс берген.

— Алаяқтар әлеуметтік желіде онлайн дүкендердің парақшасын ашып, арзан бағада электронды тауарларды, смартфондарды, гүлдерді, туристік турларды ұсынады. Мәселен, Iphone 14-ке тапсырыс берген қыз оның бағасына және тегін жеткізілуіне қызыққан. Айлакерлер Kaspi банкі арқылы төлем сомасын қашықтан жолдаған. Сөйтіп, 379 мың 990 теңгені 12 айға рәсімдеген.

Тағы бір жағдайда әйел адам Instagram желісі арқылы ақша табу үшін жұмысқа орналасқан. Оған әр мемлекеттің ақшасын сату, ауыстыру арқылы мол пайдаға кенелетіні түсіндірілген. Сонымен қатар, ақшаны екі еселендіру үшін есепшотқа қаражат салуын сұраған. Әлгі әйел еш ойланбастан 900 мың теңгені аудара салған. Содан кейін онымен сөйлескендер парақшаны бұғаттаған, — дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары қандай да бір затты сатып алмас бұрын әлеуметтік парақшаны толық зерттеп, тұтынушылардың пікіріне құлақ асуды ескертеді. Сонымен қатар, көп соманы ешкім жай бере салмайтынын қаперде ұстау қажет.

Облыста жыл басынан бері 1009 адам алаяқтардың құрбаны болған. Оның ішінде 700 жағдайда интернет арқылы алданған. Осы мәселені шешу үшін, адамдарды алаяқтардан қорғау мақсатында кибер полицейлер тұрғындарға eGov.mobile қызметіне қосылуға кеңес береді. Ол арқылы адамдар 6 ай көлемінде несие алудан бас тарта алады. Яғни, алаяқтар адамдардың жеке мәліметіне қол жеткізсе де, қосымша арқылы несиеге рұқсат берілмегендіктен, олар несие рәсімдей алмайды. Тіпті, адам алаяқтардың арбауына түсіп, өз еркімен несие алғысы келсе де, оған бірден рұқсат берілмейді. Оны рәсімдеу үшін ол өтініш жазуы керек.

— Өзін банк қызметкері деп таныстырғандар жеке мәліметті сұраған кезде, тұтқаны қойып, банктің сенім телефонына немесе 102 нөміріне қоңырау шалу керек. Бөгде адамдар қоңырау соққан кезде карта деректерін, құпия сөздерді ешкімге бермеген дұрыс. Банк қосымшасына кіру кезінде құпия сөзді жиі ауыстырып тұру керек, — дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.

Павлодарлық полицейлер туыстары мен достарының дауысын генерациялау арқылы адамдарды арбайтын алаяқтар барын айтады. Олар әлдекімдерге досы немесе туысы болып хабарласып, ақша сұрайды екен. Сонымен қатар, әккілер әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұзады. Барлық чатқа ақша жіберу жөнінде хабарлама жолдайды. Облыста осы бағытта 30 факті орын алған. Дыбыстық хабарлама арқылы ақша жіберуді сұраған туыстарына жақындары ақша жіберген. Осындай жағдай орын алған кезде сол туысыңызға қоңырау соғып, рас-өтірігіне көз жеткізген дұрыс.

Мұнымен қоса, алаяқтар жүргізуші куәлігін жасау, магистратураға грант әперу сынды қызметтерді де ұсынады.

Қоғамда туған-туысқандарын алдайтын да адамдар бар. Жақында Екібастұз қаласының тұрғыны 5 жылға бас бостан-дығынан айырылды. Ол жақындарына пәтер алуға көмек-тесемін деп әрқайсысынан 1,5-1,7 млн теңге көлемінде ақша алған. Нәтижесінде жұртқа деген қарызы 42 млн теңгеден асып кеткен. Мұндай қылмыспен 2021 жылдан айналысып келе жатқан әйел ақырында таныс-тарымен байланысты үзіп, қашып жүрген. Сотта ол өз кінәсін толық мойындаған. 4 баланың анасы әрі жүкті болуына байланысты жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-түзету мекемесінде өтейтін болады.

Ешкім көп ақшаға оңай кенелмейді. Ешкім тегін дүниені танымайтын адамға сыйламайды. Құны арзан тауардың өзі адам санасында күдік ұялатуы тиіс. Банк қызметкерлері ешқашан қоңырау соғып, құпия сөз сұрамайды. Міне, осы жағдайларды қаперде ұстау арқылы өзіңізді алаяқ-тардан қорғай аласыз. Құқық қорғау мамандары да осыны ескертеді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.