Оңалғанымен, олқылық бар

Жел 18, 2025

«Достық үйінде» адам құқықтарын қорғау тақырыбында дөңгелек үстел шарасы өтті. Мұнда ұлттық алдын алу тетігінің адам құқықтарын қорғаудағы рөлі, осы бағытта атқарылған жұмыстар айтылды. Кейбір мекемелерде кеткен кемшіліктер де бүкпесіз ортаға салынды.

«Достық үйінде» адам құқықтарын қорғау тақырыбында дөңгелек үстел шарасы өтті. Мұнда ұлттық алдын алу тетігінің адам құқықтарын қорғаудағы рөлі, осы бағытта атқарылған жұмыстар айтылды. Кейбір мекемелерде кеткен кемшіліктер де бүкпесіз ортаға салынды.

Әлеуметтік және жабық мекемелерде азаматтардың құқықтарының сақталуы, ондағы санитарлық жағдай талқыға түсті. Сондай-ақ, түзету мекемелерінен босап шыққан азаматтардың қоғамға бейімделуі тұрғысындағы қолдау тетіктері сөз болды. Жиынға облыстың атқарушы, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова заң мен тәртіп идеологиясы аясында ұлттық алдын алу тетігінің қоғамда адам құқықтарын қорғау жолындағы алатын орнын атады.

– 10 желтоқсанда Халықаралық адам құқықтары күні өтті. Осы ретте, адам құқықтарын қорғауға үлес қосып жүрген жандарға, азаматтық сектор өкілдеріне алғысымыз шексіз. Сіздердің белсенді жұмыстарыңыздың нәтижесінде әділдік қағидаттары нығая түсуде. Бірлескен жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – пробация қызметі есебіндегі азаматтарды, сонымен қатар, түзету мекемелерінен босап шыққан адамдарды қолдау. Бұл санаттағы азаматтар айрықша назар мен кешенді қолдауды қажет етеді. Ортақ міндетіміз – олардың әлеуметтік тұрғыдан сәтті бейімделуіне, әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге әрі толыққанды өмірге қайта кірісуіне жағдай жасау, – деді Айгүл Қайыртасқызы.

Сондай-ақ, оларды қолдауға биыл аудан-қала әкімдіктері 24,1 млн теңге бөлгенін мәлімдеді. Үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек көрсетуде. Азаматтардың бейімделуі мен оңалуына 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейін материалдық көмек қарастырылған. Мұндай көмек 542 адамға көрсетілген. Осы санаттағы тұрғындарға биыл 144 жұмыс орны бөлініпті.

Кездесуге қатысқан адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Павлодар облысы бойынша өкілі Игорь
Тарасенко уәкілдік қызметіне адам құқықтарын қорғауды мақсат еткен түрлі бағыттар мен жобалар кіретінін айтты. Маңызды стратегиялық бастамалардың бірі ұлттық алдын алу тетігі екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның азаптаулар мен өзге де қатыгездікке қарсы конвенцияны ратификациялағанын еске салды. Сөйтіп, 2013 жылы елімізде ұлттық алдын алу тетігіне күш беретін заң қабылданған. Бұл тетік – үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын қоғамдық бақылау. Сарапшылар адамдарды қоғамнан оқшаулайтын орындарға жүйелі түрде барып, онда адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына мониторинг жүргізеді. Мұндай орындарға тергеу изоляторлары, түрмелер немесе психиатриялық ауруханалар, мандатпен басқарылатын мекемелер жатады. И.Тарасенко бұл бақылау шаралары адамдардың құқығын қорғау, олардың ар-намысын қорлайтын жағдайлардың, азаптаулар мен өзге де қатыгездік әрекеттердің алдын алу үшін жасалатынын атап өтті. Мониторинг жүргізгеннен кейін есебін түзіп, түзету керек тұстарын, ұсыныстарын көрсетеді.

Ал ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың облыстық тобының жетекшісі Сергей Молчанов атқарылған жұмыстарға тоқталып, анықталған кемшіліктерді тізбектеді. Әсіресе, мекемелерде санитарлық талаптардың өрескел бұзылған деректерін фотодәлелдермен көрсетті. Дегенмен, жыл өткен сайын оң нәтижелер жоқ еместігін де жеткізді. Көп мәселе қаржыландыруға байланысты екенін де білетінін мәлімдеді. Айтуынша, ұлттық алдын алу тетігінің жұмысы тәуелсіз бағалау қағидасына негізделген. Биыл механизм мүшелері қылмыстық атқару жүйесінің бес мекемесіне, полиция департаментіне қарасты тоғыз нысанға, денсаулық сақтау саласына тиесілі үш мекемеге, әлеуметтік қорғау бағытындағы бес нысанға барған. С.Молчановтың айтуынша, оң өзгерістер аңғарылғанымен, әлі де жүйелі жайсыздықтар бар.

Мәселен, №63 тергеу изоляторында оң өзгерістер байқалған. Әсіресе, бейнекамералармен қам-тылмайтын аймақ айтарлықтай азайған. Шағымдарға арналған терминалдар, теледидар орнатылыпты. Дегенмен, әлі де жетілдіретін тұстар аз емес екенін айтты. Нақтысы, күдіктілер өтетін жертөленің жағдайына тоқталды. Мұнда қабырғалары дым тартып, суық екені, жұмыс істеуі тиіс әжетхана жабық күйде екенін жеткізді. Сондай-ақ, орнатылған терминалдар шағым жолдауда қолайсыз екенін атап өтті. Сондықтан қолмен жазылған шағымды сканерлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ал қылмыстық-атқару жүйесінің №40 мекемесіндегі сотталушылар медициналық қызмет көрсетуге қатысты шағым көп айтқан. Әкімшілік құқықбұзғандар қабылданатын орынның жағдайы да талапқа сай келмейтінін атап өтті. Алайда, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары басталған. Осы орайда, С.Молчанов санитарлық нормалардың сақталуын қадағалайтын санитарлық қызметтің жұмысына таңданыс білдірді. Айқын көрініп тұрған кемшіліктерге көз жұма қараудың «сырын» сұрады. Облыстық топ қатысушыларының жетекшісі мекемелердің көбінде мемлекеттік тілде ақпараттың жоқтығын, бұл орыс тілін білмейтін азаматтар үшін қиындық туғызатынын ескертті.

Ал Ұлттық алдын алу тетігінің мүшесі Елена Шаяхметова әлеуметтік мекемелерге жүргізілген бақылау нәтижесін алға тартты. Соның ішінде Павлодар қаласындағы Усолка 42/3 мекенжайындағы балалар психоневрологиялық орталығындағы ахуалға тоқталды. Мәлімдеуінше, балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған жағдай жасалған. Дегенмен, мекемеде түрлі тексерістерге апаратын арнайы көлік жоқ. Сонымен қатар, 14 жасқа дейін берілмеуі тиіс дәрі қолданылатыны белгілі болған. Е.Шаяхметова мұнда тәулік бойы қалатындар бір бөлмеге 10-15 баладан жататынын, бұл да жайсыз көрініс екенін атап өтті. Сондықтан тәулік бойы қалатын балаларға жеке ғимарат қарастыруды немесе мекемені кеңейтуді ұсынды. Екінші қабаттағы балалар таза ауаға шығу мүмкіндігінен қағылған. Себебі, бақылаушылар мониторинг барысында көтеріп-түсіретін құрылғының тиісінше істемейтініне куә болған. Тағы бір мәселе барын атап өтті. Орталықта ауырып қалған баланың стационарға емделуге жатуы үшін қасына мекеме мамандарының бірі бірге жатуы тиіс. Бірақ, ол үшін қызметкерге ақы қарастырылмаған. Сәйкесінше, стационарға жатуға келісетін маман табу қиын. Салдарынан бала тиісті емін уақытылы ала алмау қаупі бар.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.