Павлодарда көші-қон полициясының қызметкері сотталды. Ол қызметі барысында 100 мың теңге пара алған.

Павлодар қаласының №2 соты пара алу фактісі (ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 2-бөлігі) бойынша көші-қон полициясының қызметкеріне қатысты қылмыстық істі қарады.

Іс материалына сүйенсек, сотталушы 2022 жылдың 31 тамызы мен 2023 жылдың 23 сәуірі аралығында шетел азаматын көші-қон заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартпай, Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат бергені үшін жалпы сомасы пара ретінде 100 мың теңге алған. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен және сараптамалық қорытындылармен дәлелденді.

Пара алғаны үшін (ҚК-тің 366-бабының 2-бөлігі) заң бойынша айыппұл немесе үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сот істің мән-жайын және сотталушының жеке басын ескере отырып, неғұрлым жеңіл жаза, яғни айыппұлды тағайындауды негіз көрмеді. Сотталушының кінәсін толық мойындағанын, шынайы өкінгенін негізге алған сот оның жасын да ескеріп, төмен мерзім – үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сондай-ақ, сотталушы «полиция аға лейтенанты» атағынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.