«Ит — адамның досы» деп бекерге айтпаса керек-ті. Облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығындағы қызметтік иттер түрлі қылмыстардың алдын алуға үлкен септігін тигізуде. Сондай-ақ, кинологтардың сенімді досына айналған бұл иттер іздестіру-құтқару жұмыстарына да жұмылдырылады. Мәселен, жыл басынан бері қызметтік иттердің арқасында облыс бойынша 80 қылмыс ашылды. Оның 25-і есірткіге байланысты.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз мәслихаты барысында облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызмет инспекторы Дамир Бейсенбаев Павлодардағы кинологиялық орталықта 15 ит жұмыс істесе, облыс бойынша олардың саны 30-ға жуық екенін айтты. Сонымен қатар, ол ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қызметтік иттердің көмегімен шағын және орта деңгейдегі қылмыстарды ізін суытпай ашудың 40 дерегі тіркелгенін жеткізді. Олардың бесеуі — ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша, біреуі — ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы бойынша, екеуі — ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша, сондай-ақ, қалған баптар бойынша жеті дерек тіркелді.
— Павлодар облыстық полиция департаментінде қызметтік иттердің жалпы саны — 28. Мамандандырылған иттердің көмегімен қылмысты анықтауға, із кесуге, есірткі жарылғыш заттарды іздестіруге мүмкіндік көп. Бұл иттер күшік кезінен арнайы оқу-жаттығу курстарынан өтіп, белгілі бір бағыттағы құқық бұзушыларды анықтауға мамандандырылған. Қызметтік іздестіру иті есірткі мен жарылғыш затты бірден сезеді. Яки тапқан бойда жанына отырады немесе аяғымен көрсетеді. Себебі есірткі заттарын іздеу кинология қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Үйретілген иттердің көмегімен биыл 21,754 грамм есірткі тәркіленді. Оның ішінде 8,44 грамм гашиш, 21,569 келі канабис марихунасы, 0,169 грамм канабис шайыры және 175,5822 грамм синтетикалық есірткі бар, — деді Дамир Бейсенбаев.
Сонымен қатар, Дамир Бейсенбаев жедел шараларда әрекет ету бойынша қызметтік иттерді тексеру тұрақты негізде жүргізілетінін, тәуліктің кез келген уақытында (таңертең, күндіз, түнде) шынайы сценарий бойынша көшпелі жаттығулар өткізу тәжірибеде бар екенін атап өтті. Айтуынша, иттердің де адамдар сияқты сангвиник, холерик, флегматик и меланхолик сияқты төрт түрлі мінезі болады. Соның ішінде қызметке жарамдысы – сангвиник иттер.
— Төрт аяқты көмекші-леріміздің қырағы әрі жылдам естуі, нұсқаушының кез келген бұйрығын бұлжытпай орындауы мен ұсталғандар және қамауға алынғандарды алып жүрудегі қызметтері айрықша. Ит иіс сезу арқылы бізге жарылғыш заттарды және есірткі құралдарын анықтау мен іздестіру кезінде көмектеседі. Әр иттің тілін тауып, оның осындай қасиеттерін дамыту үшін өз ісінің маманы болу қажет. Иттерді баптау мен үйрету жүйесіне үнемі үлкен күш жұмсалады. Ол үшін иттермен айына
20 сағат жаттығу жүргіземіз. Таңертең кезекші кинологтың бақылауымен барлық иттер тамақтандырып, суарылады. Содан кейін олардың жатын орындары тазартылады. Кейінірек иттер жаттығуға барады. Біз әр сағат сайын 15 минут жаттығу өткіземіз. Ал кезекші ит ауысым бойы жұмыс істейді, — деп толықтырды ол.
Кинолог мамандардың сөзінше, қызметтік иттерді күшік кезінен, яғни үш айдан бастап үйретеді екен. Барлық «төрт аяқты тәртіп сақшылары» Алматы кинологиялық орталығынан әкелінеді. Мұндай иттер шамамен сегіз жасқа дейін жұмыс істейді.
– Кинология қызмет орталығындағы иттер із кесу саласы, есірткі, жарылғыш затты іздеуге үйретіледі. Өзіме бекітілген осы қызметтік іздестіру итімен күніне бірнеше рет жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Иттердің ішінде неміс овчаркасы, лабрадор, орыс төбеті тұқымдары бар. Біз осы иттермен жұмыс істейміз. Қызметтік іздестіру иттерін үйрету барысында барлық иттің мінез-құлқы әртүрлі екенін байқаймыз. Итті мінез-құлқына қарап дайындаймыз. Мысалы, біз бұл иттерді үй асымен емес, тек арнайы тағаммен тамақтандырамыз. Сондай-ақ, қызметтік иттерге біреудің қолынан тамақ алмауға үйретеміз. Сонда ғана иттер қызметтік іздестіру барысында жақсы қызмет көрсетеді. Мәселен, жыл басынан бері жарылғыш заттарды іздеу және іздестіру бойынша қызметтік иттердің көмегімен 23 іздеу шарасы жүзеге асырылды, — деді ол.
Кинология қызметінің алдында тұрған міндеттердің мүлтіксіз орындалуы — кинолог мамандардың кәсіби шеберлігі мен олардың қызметтік иттерінің үйретілуіне байланысты екені сөзсіз. Олай болса ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын кинолог мамандар мен олардың ақылды иттеріне сәтті жорық тілейміз.
А.МҰҚЫШЕВ.