Полицейлердің серігі – дрон

Шіл 24, 2025

Соңғы кездері құқық қорғау мекемелерінде дрон технологиясы кеңінен таралуда. Бұрын бұл құрылғыны әуеден түсірілім жасау үшін қолданса, қазір тәртіп бұзушылық пен заңсыз әрекеттердің алдын алуда бірден-бір көмекші құралға айналды. Енді өңір полицейлері де дрон арқылы жаз маусымында адамдар жиі баратын демалыс орнында қоғамдық тәртіпті қадағалайды.

Аталмыш ұшатын құрылғы жағалау мен Усолка жағажай-ларындағы ішімдік ішу, ұсақ бұзақылық немесе қоқысты тастау сияқты бұзушылықтарды анықтайды. Бүгінде тәртіп сақшы-ларында 4 квадроцикл мен 5 дрон бар. Полиция қызмет-керлері бір ай уақыт аралығында құрылғыны игеріп, оқытудан өткен. Жоспар бойынша жақын арада қалған дрондар іске қосылып, қызметкерлер оны дұрыс қолдануды меңгермек.

– Күнде сағат 12.00-ден 16.00-ге дейін дрон арқылы демалушылардың әрекетін қадағалаймыз. Құрылғының сапасы өте жақсы. Бір жарым ай аралығында ішімдік ішу, ұрлық, заттарын жоғалту сияқты көптеген жағдай анықталды. Дрон биіктігі бойынша 500 метр, қашықтығы 3 метрге дейінгі аумақты қадағалай алады. Видеоға түскен әрбір тәртіп бұзушы жауапкершілікке тартылады, –
дейді Павладар қаласы патрульдік полиция батальоны инспекторы Захар Стрельников.

Павлодар қалалық жергілікті полиция қызметі басты-ғының орынбасары, полиция капитаны Абылайхан Алпысбай жаз маусымы басталғалы заманауи технология – дрон арқылы екі жүзден астам құқық бұзушылық анықталғанын айтты.

– Қала тұрғындары жағажайда ішімдік ішіп кедергі келтіретін адамдар жайлы жиі шағымданған соң осындай патрульді қолдануды жөн көрдік. Аталмыш құрылғы жұмысымызды әлдеқайда жеңіл-детті. Жаяу жүрмей-ақ құқық бұзушыларды бірден анықтаймыз. Дрон операторы жердегі патрульге видеоға түсіп қалған адам жайлы ақпаратты рация арқылы таратады,  – дейді ол.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары дрондармен қоса, бейнебақылау камералары, квадроциклдер және бұзушылықтарды тіркейтін автоматтандырылған жүйелерді қолданады.

Салтанат ҒАББАС.