Полиция – балалар қорғаны

Мам 29, 2025

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында әрі Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Павлодар қаласының Орталық жағалауы күлкіге, қуаныш пен жарқын әсерлерге толы алаңға айналды. Мұнда «Полиция – балалардың қорғаны» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.

Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары қызықты байқауларға қатысып, флешмоб-жаттығу жасап, би билеп, керемет көңіл-күйге бөленді. Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ирина Темірғалиеваның сөзінше, құқық қорғау органдарының қызметкерлері балалармен байланыс орнатуға және олардың сеніміне ие болуға ұмтылады. Сол себепті, осындай шараларды өткізуді жөн санаған.

— Балалар кез келген жағдайда полиция өкілдерінен қолдау немесе көмек сұрай алады. Қала тұрғындарының құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне сенім білдіруі біз үшін аса маңызды. Сондықтан бұл мерекелік іс-шара өскелең ұрпақтың құқық қорғау органдарына деген сенімін қалып-тастыруға, құқықтық мәдениетті дамытуға және полиция мен қоғам арасындағы әріптестік қатынастарды нығайтуға бағытталған, — дейді И.Темірғалиева.

Аталмыш шара барысында жас павлодарлықтар мен олардың ата-аналары үшін қызықты және танымдық бағдарламасы бар тақырыптық алаңдар ұйымдастырылды. Ұлдар мен қыздар өздерінің вокалдық қабілеттерін көрсетіп, флешмоб жаттығуларына қатысып, көңілді сайыстарға қатысып, түрлі интерактивті тапсырмалардан өте алды. Сондай-ақ, оларды кинологиялық қызметтің жұмысы және оның төрт аяқты көмекшілері ерекше қызығушылық тудырды.

Полиция қызметкерлері өз жұмыстары туралы айтып, қызметтік дайындық элементтерін көрсетіп, жас қатысушыларға қауіпсіздік ережелері туралы еске салды. Одан бөлек, «Квест-алаңы» атты 5 интерактивті тапсырмадан тұратын қызықты ойын ұйымдастырылды. Олар — құпия код, сурет тапсырмалары, қағаз көпір, заттармен жұмбақ және ассоциациялар. Ойын қорытындысы бойынша қатысушылар марапатталып, дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды. Қатысушылар тапқырлық, командамен жұмыс істеу және шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді.

Айдана БОРАНБАЕВА.